Арыстың бүгінгі ахуалы қалай?

Арыстың бүгінгі ахуалы қалай?

Ағымдағы жылдың 24 маусымы Тәуелсіз Қазақстан тарихында ұмытылмастай күн болды. Сол күні тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласында ойламаған жерден «айдың-күннің аманында, ашық аспан астында» қала тұрғындарын әбігерге салған ауқымды апатты жағдай болды. Атап айтқанда, таңғы сағат 9.20-да қала іргесіндегі әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, салдарынан жойқын жарылыс шықты.

Тосыннан басталған апатты жағдайдан бас сауғалап қашқан тұрғындар үйлерін тастап жан-жаққа кетуге мәжбүр болды. Алайда жағдайды тез қолға алған облыс басшылығы жедел штаб құрып, төтенше жағдай жариялады. 45 мыңнан астам тұрғынды қаладан тегіс эвакуациялау жөнінде шешім қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай ел Үкіметінен бастап, барлық деңгейдегі атқарушы билік органдары, ірі ком­па­ниялардың құлағын ұстаған кәсіпкерлер мен ел азаматтары бәрі-бәрі Арысты қалпына келтіру жұмыстарына жұмыла кірісіп кетті. Міне, содан бері 2 айдан астам уақыт өтті. Жұмыла кіріскен жұмыстың нәтижесінде Арыс қаласы толықтай қалпына келтірілді деуге болады. Ендеше Арыстың бүгінгі жағдайы қалай болып жатыр және қандай жұмыстар атқарылғанын саралап кө­релік...

Төтенше жағдай орын ал­ған алғашқы сәтте Арыс қа­ла­сына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеделдетіп келіп, жағдаймен танысты және тұрғындармен кездесті. Президентке орын алған жағ­дайды баяндаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жедел түрде арнайы штаб құрылғанын, арыстықтардың жаппай қауіп­­­­сіз жерге көшірілгенін және басқа да жағдайларды жет­кізді. Апатты жағдай бойынша Ордабасы ауданы, Төреарық елдімекеніндегі Тәу­ке хан мектебіне көшірілген тұрғындармен кездесуге барған Мемлекет басшысы халықты сабырға шақырып, оларға кө­мек көрсетілетінін және қала­ның тез арада қалпына кел­ті­рілетінін жеткізді.

«Қала қалпына келтіріледі. Бәрі жақсы болады. Тек, сабыр етіңіздер! Бұл – төтенше жағдай. Қайтеміз, кейбір уақытта осы­лай болады. Бұған Үкімет ар­найы қаражат қарастырады. Көмектеседі. Алаңдамаңыздар. Жөндеу жұмыстарын жасай­мыз. Үкімет қаражатты есеп­тей­ді, сосын бөлеміз. Бәрін түсініп, әдейі келіп отырмын», – деді Президент.

Мемлекет басшысының қа­ла­дағы қауіпті жағдайдың сейіл­мей жатып, дер кезінде ар­найы келгені әбігерге түскен ха­лыққа үлкен демеу болды және сабыр сақтауына үлкен септігін тигізді. Түркістан облысының барлық ауданы мен Шымкент қаласының эвакуациялық пункттерінде 30 мыңнан астам арыстық азамат тіркеліп, оларға жағдай жасалды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің жиыны өтті. Жиында Түркістан облы­сының Арыс қаласындағы мәсе­лелері талқыланды.

«Бір өңірдің басына түскен қиыншылық – бәрімізге ортақ мәселе. Біз халқымыздың ынты­мағының арқасында бар­лық қиындықты еңсереміз. Бар­­ша қазақстандықтарға ри­за­­­шылығымды білдіремін», – деген Елбасы нақты тапсыр­малар берді.

Әрине, бұл күндері апат­ты жағдайға тап болған арыс­тықтарға мейірбандық таны­тып, көмек қолын созып жат­қан отандастардың есебі жоқ еді. Қолдан келгенше азық-түлік, киім-кешек, қаржылай көмек толассыз келіп жатты. Гуманитарлық көмек пен азық-түлік уақытылы жеткізілді.

Президенттің тапсыр­масымен Арыс қаласындағы әскери қойманы көшіру жұ­мыстары басталып кетті.

Арыс қаласын және әскери қоймадағы оқ-дәрілерді тазалау және қаланы дезинфекциялау шаралары жүргізіліп, толы­ғымен аяқталды. Қаланың эпи­демиологиялық қауіпсіздігін сақтау үшін шұғыл жұмыстар атқарылды. Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің 155 маманы мен 22 бірлік тех­ни­касы Арыс қаласындағы нысан­дарда тексеру, дезинфек­ция­лау жұмыстарын жүргізді. Электр және су жүйесі қалпына келтірілді. Қала жарылыстан соңғы оқ-дәрілерден тазарған соң облыс аумағындағы және Шымкент қаласындағы эвакуациялық орындардағы арыстықтар бөлінген арнайы көлікпен үйлеріне оралды.

Апатты жағдай болған сәттен бастап облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыста 1 ай тұра­тынын айтып, бірқатар адам­дарымен көшіп келді. Қа­лада аппарат жиындар мен мәжі­лістер тұрақты өтіп тұрды.

Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар коми­­тетінің және өзге де министр­ліктердің, Түркістан облысы мен Арыс қаласы әкімдігінің өкілдері күн сайын тұрақты түрде брифинг өткізіп, мәлі­мет­терді тұрақты баяндап отырды. Премьер-министр Ас­қар Мамин Арысқа апта сайын келіп, құрылыс барысын өзі қадағалап отырды. Арыс қала­сын қалпына келтіру үшін қаланы 17 секторға бөліп, оған жауап­ты болып 14 облыс пен 3 қаланың әкімдіктері бекітілді. Аталған облыстармен қалаларға қосымша болып, Түр­кістан облысындағы ау­дан және қала әкімдіктері де бекітілді.

Сол бойынша, штабтар құрылып, әр облыс өзіне тие­сі­лі секторларда жалпы қала бойынша жөндеуді қажет ететін 7 мыңнан астам нысан­да құрылыс жұмыстарын бас­тап кетті. Ал аудандар болса тұр­ғын­дарды тіркеу, өте­м­ақы­­ға құжаттарын жинау, тұр­ғындармен кезде­сіп, мәселе­лерін тыңдау, гумани­тарлық көмек­пен қамтумен қоса таза­лық жұмыстарын жүргізді. Әр аймақ өздеріне жүктел­ген сек­тордағы құрылыс нысан­дарды жөндеп және үйлерді тұрғызуға кірісті.


Айта кету керек, ә дегеннен қаланы қалпына келтіру және жергілікті тұрғындарды әлеуметтік қолдау бойынша облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған облыстық әкімдіктің штабы қазіргі кезде де толық­қанды жұмыс жүргізіп жатыр.

Бүгінде жұмысын аяқтап жатқан әрбір секторлардағы салтанатты тапсырулары бойын­ша ұйымдастырылатын әрбір шараларда мерекелік дас­тарқан жайылып, үздік қызмет­керлерді, белсенділерді, он­дыққа жауапты­лар­ды мара­паттаулар ұйымдасты­ры­луда.

Яғни, бұл шаралар қоғамдық саяси ахуалды жақсартуға, қонақжайлығымызды көрсету­ге өз септігін тигізуде.

Еліміздің бас партиясы Nur Otan партиясы да алғашқы күннен бастап-ақ белсенді түрде игілікті жұмыстар атқа­рып келеді. Айталық, Түркіс­тан облыстық филиалы Арыс қаласын­да болған төтен­ше жағдайға байланысты ар­найы штаб құрып, қаладағы атқарылып жатқан әрбір істің басы-қасында жүр. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Арыс қаласы тез арада қалпына келтіріліп, тұрғын­дар өз үйлеріне қайтып оралады» деген болатын. Сол бойынша партияластарға тиісті тапсыр­малар жүктеді.

Айта кетейік, Nur Otan пар­тиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Арыс қаласына арнайы келіп, қаладағы жағдайды қалпына келтіру жұмыстарымен та­ныс­қан еді. Сондай-ақ іссапар барысында Бауыржан Қыдыр­ғалиұлы тұрғындармен кезде­сіп, арыстықтарға мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетінін атап өткен бо­латын. Сол бойынша, партия­ның облыстық филиалы басшы­ларына бірқатар тапсырма берді.

Орталық аппараттың ұйым­дастыруымен барлық об­лыс­тардан «Арыс, біз бірге­міз» акциясымен азық-түлік керуендері ұйымдас­тыры­лып, Арыс қаласына жеткізілді.

Аудандық, қалалық партия филиалдарының бірінші орын­басарлары бірінші ке­зекте Арыс қаласынан эвакуация­лан­ған тұрғындарды уақытша орналасу пункттеріне жайғас­тырып, оларға ыстық тамақ пен киім-кешек, гигиеналық заттармен қамтылуын ұйым­дастыруға жауапты болып бекітілді.

Айталық, облыста Jas Otan Жастар қанатының ұйым­дастыруымен арнайы 100 адамнан тұратын «Ерік­тілер тобы» құрылып, қала тұр­ғындарын уақытша орна­ластыру пункттеріне жайғасуға жәрдем берді.

Төтенше жағдайдың зар­даптарын жою мақсатында Арыс қаласын 17 секторға бөліп, оған еліміздің барлық облысы мен Түркістан облысының қала, аудандары жауапты етіп белгіленді. Қала, аудандар өздеріне бекітілген секторлар бойынша үйлеріне қайтып келген қала тұрғындарына азық-түліктер таратып, қала тұрғындарының төтенше жағ­дайдан кейін қайта қалпына келуі үшін күнделікті орын алатын әлеуметтік мәселесін шешуге атсалысты.

Nur Otan партиясының белсенділері Арыс қаласындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасылардың техни­калық құжаттарын жинақтауға көмек көрсетті. Атап айтқанда, мекенжайлары бойынша әрбір тұрғын үйді аралап, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін тұрғын үй иесінің жеке куәлігі мен жер учаскесіне құқық беретін мемлекеттік АКТ және тұрғын үйдің техникалық паспортының көшірмелерін өткізу қажет екендігін хабар­лап, ескертулер жасады.

Облыстық партия филиалы тарапынан құрылған жұ­мыс­шы топ құрылыс сапасы мен тұрғындардың жағдайын білу үшін секторлар бойынша ба­қылау жүргізіп, тұрғындардың шағымдары бойынша арнайы кездесіп, мұң-мұқтаждарын ескеріп, оңды шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда, қала тұр­ғын­да­ры­ның құрылыс сарапта­ма­сы қорытындысымен ке­­ліс­­­­пе­ген 53 үй иесі мен қа­ла­­­лық филиалға түскен 87 арыз-шағымның және тұр­­ғын үйлерге жүргізілген құры­­лыс жұмыстарының сапа­­сына келіспеген 187 үй ие­сі ара­сында түсіндіру жұ­­мыс­­тарын жүргізуге көмек көрсетілді. Яғни, құрылыс­шы тараптар мен тұр­ғындар арасындағы кейбір келіспеу­ші­ліктерге араласып, арағайын­дық жасап, олардың бір мәмі­леге келу­леріне тікелей ұйытқы болды.

Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты 100 мың теңге өтемақы беру бойынша қала тұрғындарынан тиісті құжаттарды жинақтауға пар­тия белсенділері өте көп көмек көрсетті.

Қазіргі таңда партия штабы өз жұмысын жалғастыруда.


Түркістан облысы