Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов үлестік құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты. «Столичный-2» тұрғын үй кешенінде қасбетті нығайту жұмыстары басталып, құрылысты жаңғыртуға рұқсат құжаттары алынды. Қазіргі уақытта инженерлік желілерге қосу жобасы әзірленуде.
Нысан екі мұнарадан тұрады. Құрылыс салушы жылдың соңына дейін алғашқы үлескерлерге пәтер кілтін табыстауды жоспарлап отыр. Кездесу кезінде қала әкімі ғимаратты тезірек пайдалануға беру үшін құрылыс қарқынын жеделдету қажет екенін атап өтті.
Өңір басшысы Femida тұрғын үй кешенінде де болды. Мұнда шатырды нығайту, ішкі әрлеу және терезелерді орнату жұмыстары жүргізілуде.
– Бірқатар құрылыс нысанының жұмысымен таныстым. Осы ретте айта кетейін, аумақтарда да құрылыс қарқынын арттыруымыз қажет. Біз құжаттамамен көмектесіп отырамыз. Суық басталғанша терезелерді орнатып алған жөн. Терезелер орнатылғаннан кейін алаңсыз ішкі жөндеу жұмыстарымен айналысуға болады. Үлестік құрылыстың проблемалық нысандарының, әсіресе, құрылыс жұмыстарының барысы Nur Otan партиясының қалалық филиалы мен мәслихат депутаттарының бақылауында болады, – деді Алтай Көлгінов.
Қалада барлығы 51 құрылысы аяқталмаған нысан бар. Тұрғын үй кешендерінің құрылысын бақылау үшін елорда әкімі нысандарды қайта аралауда.