«Ерінбей еңбек еткеннің» қарны тоярын хакім Абайдан асырып айта алмаспыз, сірә! Бүгінгі күн кешеден бөлек. Десек те, «екі қолға бір күрек» табылатынын еңбек еткен әрбір адам жақсы біледі. Ал мал қарағанға бітеді. Қолыңа күрек ал да – еңбек ет. Еңбекпен мал жи.
Елбасы қашанда ел әлеуетін арттыру мақсатына арналған жобаларды, оның ішінде мал шаруашылығын дамыту мәселесін назарынан тыс қалдырған емес. Бұл мәселені іске асыруға байланысты жиі тапсырмалар да берілді. Кәсібін кеңейткісі келген кәсіпкерді қолдайтын бірнеше бағдарлама да бар. Бүгінде осы бағдарламалар арқылы кәсібін дөңгелетіп әкеткендер де жетерлік. Соның бірі – Жамбыл облысы Жамбыл ауданының тұрғыны Айжан Оңласынова. Ол Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Жамбыл облысындағы филиалынан қой шаруашылығын дамыту үшін «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 12 млн теңге несиеге қол жеткізді. «Айжан» шаруа қожалығы несиеге 360 бас саулық қой, 12 бас қошқар сатып алған. Несие 7 жылға 6 пайызбен берілді. Ата кәсіптің жөнін білетін қожалық басшысы Айжан Оңласынова алдағы уақытта қойын қоздатып, қорасын малға толтыра түспек. Жоспарлары да үлкен.
Айта кетейік, «Сыбаға» бағдарламасының басты мақсаты – ет экспортының әлеуетін арттыру. Сол үшін шаруаларға барынша жеңілдіктер қарастырылады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ұсақ мал басын көбейтуге несие береді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында қой шаруашылығына 12 миллион теңгеге дейінгі несие 7 жылға 6 процентпен беріледі. 2 жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған. Яғни, осы аралықта шаруа негізгі борыш пен үстемені төлемейді.
Бұрыннан екі-үш төлін көбейтуге күш жұмсаған халық бүгінде бірте-бірте кәсіпкерлік саласына бет бұрып, атадан қалған мұраны одан ары жетілдіріп, оны табыс, кәсіп көзіне айналдыра бастағаны рас. Ауыл әкімдігі мен кәсіпкерлік палатасының кеңестеріне, осы бағыттағы түрлі мемлекеттік бағдарламаға жүгінген шаруа иелері мал басын көбейтуге айтарлықтай машықтануда. Кейіпкеріміз Айжан осыдан үш жыл бұрын мал бағуды қолға алып, отбасылық қиындығын еңсерген. Бүгінде берекесі тасыған әулеттің түтіні түзу ұшып, маңдай термен жұмыс күшін жеңілдету үстінде.
«Орайы келсе, орақ ор» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Біз де өз шаруа қожалығымызды құрып, мал шаруашылығымен айналыса бастадық. Содан бері осы кәсіпті дамытып, соның несібесін көріп отырған жайымыз бар. Құдайға шүкір, дербестіктің көк туы желбірегелі бері еліміз жыл санап өсіп-өркендеп, олқылықтардың орнын артығымен толтырып жатыр. Тек біз ғана емес, алғашқы жылдары тоқырауға ұшыраған жергілікті шаруа қожалықтары бүгінде біраз қор жинап, тындырымды тірліктер атқарып, еңселерін тіктей түсті. Біз де малымыздың санын өсіріп, жұмысымызды арттырып, табысымызды еселеп отырмыз», – дейді Айжан Оңласынова.
Кез келген кәсіпті аяғынан тік тұрғызу оңай шаруа емес. Айжан да бизнесі тәй-тәй баса бастаған кезде біршама қиындыққа тап болды. Бар жиған-тергенін осы кәсіпті ашуға жібереді. Алғашында азға қанағат етіп, бар күш-жігерін осы кәсібін дөңгелетіп әкетуге жұмсайды. Ал қазір қажырлы еңбектің арқасында кәсіпкерлер сапына қосылып, еңбегінің жемісін көріп отырған жайы бар.
«Мал – баққанға бітеді» дейді. Қазір қолда бар малын бағып отыр. Алған қаржысын жеті жылда толық өтейтініне олар кәміл сенімді. Қожалық бүгінгі күні бес азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Қожалықта мал азығын қамдау бойынша туындап отырған қиындық байқалмайды. Мал жайылымы және азық дайындауға берілген шабындық та бар.
«Қазақ «Еңбек етсең – емерсің, ерінбесең – жеңерсің» дейді. Еңбек еткеннің ешқайсысы жұмыссыз қалмайды. Әсіресе, бәсекелестік дамыған заманда өмір сүріп отырған жайымыз бар. Қазір өмірге келгенің де, өмірді сүргенің де ешкімге міндет емес. Біреуге алақан жайып отыратын қоғам да емес. Адам өзінің күшіне, біліміне, адал еңбегіне ғана сенетін уақыт. Адам ерінбей еңбектенсе, ойындағысының бәрі орындалады дер едім», – дейді ол.
Ақбота ӘЛІМ