"Мені ақшаны жақсы көрмейді деп кім айтты?"
Бүгін Біріккен Араб Әмірліктерінде UFC 242 турнирі басталып, ол жерде әлемге әйгілі ережесіз жекпе-жек шебері - Дағыстан елінің өкілі Хабиб Нұрмагомедов пен америкалық Дастин Порье күш сынаспақ. Жекпе-жек алдында Хабиб журналистер сауалына жауап берген.
- Кездесу алдындағы көңіл-күйіңіз қалай?
- Өзімді жақсы сезінемін. Салмақ өлшеу алдында аздап шаршап, ұйқым келді. Бірақ бүгін өзімді қолдайтын атмосфераны сезіп, күш алдым. Енді энергия жеткілікті десем болады.
- Октагон тым ыстық болады деп қорықпайсыз ба?
- Мұндай ауа-райы мені қорқытпайды. Ол мен үшін де, менің қарсыласым үшін де бірдей. +40 градус па, әлде – 40 па, бұл маңызды емес.
- Әбу-Дабиде үш ай бойы немен айналыстыңыз?
- Жаттығу жасадым, тамақтандым, ұйықтадым. Үш ай бойғы уақыт қарқынды жаттығу жүргізуге кетті. Қазір жекпе-жекке толық дайынмын. Асыға күтудемін.
МакГрегорды жеңгеннен кейін алғаш рет: Хабиб октагонға шығар алдында қарсыласпен кездесті (видео)
- Әкеңіз Абдулманаптың Порьемен жекпе-жек кезінде сіздің секундантыңыз болатынына қуанышты шығарсыз?
- Әрине. Әкем қасымда болса өзімді әркез жақсы сезінемін. Мені қолдап бір арыстан жүргендей болады.
- Осы кездесу үшін қомақты сыйақы аласыз. Дегенмен сіз ақша туралы көп ойламайтын секілдісіз.
- Мені ақшаны жақсы көрмейді деп кім айтты? Ол өте маңызды. Оны бәрі жақсы көреді, мен де. Бірақ мен үшін басты нәрсе деп айтуға келмес. Егер тек ақша туралы ойлайтын болсаң онда проблема туындайды.
- Салмақ өлшеу рәсімінен кейін неліктен Порьенің қолын алмадыңыз?
- Шынымды айтайын, бұған назар аудармаппын. Бұл әрекет оны құрметтемейді деген сөз емес. Қазірге дейін оның қолын алдым деп ойлап келіппін.
- Сізді қолдау үшін Дағыстаннан адамдар көп келе ме?
- Иә, көптеген достарым, таныстарым, отбасы мүшелері келеді. Мен қуаныштымын. Олар АҚШ-та өткізген кездесуіме бара алмаған еді. Осы жолы барлығын ертерек жоспарлады. Олар да асыға күтіп жүр.
- Октагонда Порье сізге қиындық тудыруы мүмкін бе?
- Білмеймін. Дастин – өте мықты спортшы. Жинаған тәжірибесі де мол. Соңғы кездесуде ол өзінің қаншалықты жоғары деңгейде екенін паш етті. Менің қысымыма қаншалықты төтеп бере алатынын білмеймін. Дегенмен бұл бес раундтық кездесу болады деп дайындалып жүрмін.
- Кеше медиаға арналған күнде журналистермен тілдеспей қойдыңыз?
- Олай емес. Мен келдім, тек сауалдарға жауап берген жоқпын. Мен кездесуге толық дайын болу үшін салмағымды реттеу үшін жұмыс істеп жаттым.
- Әкеңіз қазір Әбу-Дабиде ме?
- Әрине, ол осында. Ол әкем ғана емес, әрі бапкерім. Жасы 59-да. Соған қарамастан өте күшті. Біз екеуміз күн сайын жаттығу жасаймыз. Күресеміз.