Бұл желі 100 литр лай суды 25 минутта тазартып шығарады.
Петропавлдық ғалымдар ағын суды тазартудың тың технологиясын ойлап тапты. Ағын суды тазалайтын кешенді желіні Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қызметкерлері жасаған екен.
Бұл тәсіл түрлі химиялық заттар қосылған суды да ішуге жарамды етеді. Инженер Варвара Рубе оған арнайы реактив қосып, лай суды тұндырған.
– Технологиялық желі еріген химиялық қоспаларды кетіреді. Одан судың сапасы жоғалмайды. Нәтижесінде, су тазаланып шығады. Оны пайдалануға болады, – дейді ол.
Олар «Ғылым қорынан» 143 млн теңге ұтып алды. «Аталмыш университеттің ғалымдары лабораторияларында судың құрамын зерттеп, анықтап, жаңа технологиялар арқылы тазартуға болатынын дәлелдеп, ғылыми-зерттеу жұмыстарының есебін жасағаннан кейін, бізден осындай қаржыландыруға ие болып отыр», – деді «Ғылым қоры» АҚ жобалау дирекциясы директоры Нұртас Әлішер.
Ғалымдардың айтуынша, Қазақстанда өндірістік су сирек тазартылады. Көбіне химиялық заттармен бірге өзенге ағып кетеді. Сондықтан бұл жобаның маңызы айтпаса да түсінікті.