Кепілсіз несиені кешіру акциясы қашанға дейін жалғасады

Кепілсіз несиені кешіру акциясы қашанға дейін жалғасады

Азаматтардың кепілсіз тұтынушылық несиесін кешіру акциясы уақытпен шектелмеген.


Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова осылай деп мәлімдеді.

«Бұл бір жолдық акция. Яғни, жалпы берешек сомасы 2019 жылдың  1 маусымындағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауға тиіс. Маусым айында осы жаңалықты ести салып банктен несие алғандар бұл тізімге кірмейді. Ондай азаматтар болды. Қабылдауға келгендердің арасында да бірен-саран азамат болды. Ал тізімге енбей қалғандар, өзін аталмыш 5 санатқа жатамын деп есептейтін азаматтар бізге құжаттарымен бірге өтінішін өткізуі керек. Яғни, акция қандай да бір уақытпен шектелмеген. Бұл тұрғыда азаматтардың алаңдауына негіз жоқ», – деді вице-министр.

Оның айтуынша, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйесінде 4 мыңнан астам жетім бала мен кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жастар туралы мәлімет жоқ.

«Егер тізімде болмаса,  азаматтар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасында жұмыс істейтін Cаll-орталыққа жүгіне алады. Ұялы телефон арқылы 200-дей адам маған тікелей шығып, өздерінің тізімге енбей қалғанын хабарлады. Ол кісілерге нақты түрде көмектесуге тырысып жатырмыз. Ал өткен аптаның сейсенбі-бейсенбі күндері ғана 120 кісі қабылдауға келді», – деді С.Жақыпова.

Cаll-орталық телефондары: 111, 74-32-20,75-01-79,75-01-78.