«Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасы және Nur Otan партиясы жанындағы Jas Otan Жастар қанаты Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғалы бері аталған жобаға жастарды тарту мәселесі қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Алғашқы іс-шара Нұр-Сұлтан қаласында өтті.
Жуырда Солтүстік Қазақстан облысында «Жас кәсіпкер» пилоттық жобасы бойынша 600 адам кәсіпкерлік негізімен танысуға мүмкіндік алды.
СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жастар екі апта бойы бизнесті жүргізудің қыр-сырымен танысып, маркетинг, нарықты талдау дағдыларын меңгерген. Шара соңында олар бизнес-жобаларын қорғап, идеяларын ортаға салды.
– Менің тобымда 53 адам оқыды. Солардың 70%-і қызмет көрсету саласын таңдап отыр. Араларында инновациялық, әлеуметтік жобалар да бар, – дейді «Жас кәсіпкер» жобасының бизнес-жаттықтырушысы Әрсен Оразалинов.
Жобаларын сәтті қорғаған курсанттар 200 АЕК мөлшерінде грант алу үшін өтініш бере алады. Петропавл қаласының тұрғыны Григорий Родионов болашақта металл бұйымдарын жасамақ. Өз ісін ашуды жоспарлап отыр. Грант ұтып алған жағдайда ақшаны қондырғы сатып алуға жұмсайды.
28 жастағы Қайрат Жұмади Петропавлда емдеу-оңалту орталығын ашпақшы. Ойын жүзеге асыру үшін гранттан бөлек несие алуға ниетті.
– Қазір буыны сырқырап, омыртқа жотасы ауыратындар өте көп. Қалада арнайы тренажерлары бар орталық санаулы ғана. Сондықтан менің емдеу-оңалту орталығыма сұраныстың жоғары болатынына сенімдімін. Медициналық білімім бар. Енді арнайы тренажерларды сатып алу қажет. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы арқылы көптен бері армандаған жұмысымды жүзеге асырмақшымын, – дейді Қайрат Жұмади.
Солтүстік Қазақстан облысында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша екі лекте 600 адам білім алды. Олардың 70-іне алғашқы гранттар – 200 АЕК немесе 505 мың теңге бөлінді. Қалғандарының өтініші айдың соңына дейін қаралады.
Айта кетейік, «Жас кәсіпкер» жобасында оқытудың құрамдас бөліктері қамтылып, әр стартапты танымал бизнес-тренердің жеке сүйемелдеуі қарастырылған. Осы жоба арқылы жастар іскерлік бойынша жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, өздерінің жеке кәсібін аша алады. Жобаға қатысқан жастар бизнес ашуға алғашқы капитал ретінде грант немесе жеңілдікпен қаржыландыруға мүмкіндік алады.