Қазақстанда бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне төленетін әлеуметтік төлем мөлшері 31 мың теңгеге жетті. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері жарты миллионнан аса қазақстандық Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер алыпты.
«2019 жылдың 8 айында 577 мыңнан астам қазақстандыққа Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) шамамен 129,9 миллиард теңге сомасында төлем төленді. Айта кету керек, кейбір азаматтар МӘСҚ-дан бір емес, бірнеше төлем түрін алады» дейді министрлік.
Атап айтқанда, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін төлем сомасы 6,3 миллиард теңгені (төлемдердің жалпы көлемінің 4,9%-ы), еңбек қабілетінен айырылғандарға – 9,1 миллиард теңгені (7%-ы), жұмысынан айырылғандарға – 2,9 млрд теңгені (2,3%-ы), жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылғандарға – 52,1 млрд теңгені (40,1%-ы), бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайдағы төлем сомасы 59,5 млрд теңгені (45,8%-ы) құрады.
Ведомствоның хабарлауынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты аналарға төленетін төлемдердің орташа мөлшері 416 400 теңгеге, ал төлем алушылардың жалпы саны 134,7 мың адамға жеткен.
Бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін әлеуметтік төлем мөлшері 31 052 теңге болды, ол 353,8 мың қазақстандыққа берілген.
Жұмысынан айрылу жағдайы бойынша 47 мың адам әлеуметтік жәрдемақы алды, оның орташа мөлшері 22 401 теңгені құрады.
45,6 мыңнан астам қазақстандыққа асыраушысынан айрылуына орай төлемдер төленді, олардың орташа мөлшері – 17 578 теңгеге тең.
Еңбек ету қабілетінен айырылған тағы 82,9 мың азамат әлеуметтік төлем алды. Төлемнің орташа мөлшері 14 855 теңгедей ғана. Сонымен қатар еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылу бойынша төлем алушыларға мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қолдауқаржы бөлінеді.
Бюджеттен бағытталғанымен, бұл ақшалар әу баста өзге қазақстандықтар, жұмыс берушілер қалтасынан шығатынын да ескерте кеткен жөн. 2019 жылдың 8 айында МӘСҚ-ға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің 5,9 миллион қатысушысы жалпы сомасы 161,9 миллиард теңге әлеуметтік аударым аударған. Төлеушілердің бір бөлігі жалпы сомасы 0,3 млрд теңгеге әлеуметтік аударымды уақытылы аудармағаны үшін қосымша өсімпұл аударуға мәжбүр болды. Жыл басынан бері 171,4 мың адам «бірыңғай жиынтық төлем» (БЖТ) төлеген.
Бұл ретте төлем алушылар шығыны төлем аударушылар жарнасына жақындап қалғаны, 1 еңбеккер адам 1 қолдауға зәру жанды қаржыландыратыны анықталып отыр.
Ерік ЕРДЕНОВ