19 тамыз күні «Айқын» газетінде жарияланған жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллиннің «Сұлудың көз жасындай Жезбұғаны құтқарайық!» атты мақаласын оқып шықтым. Бұл қаламдас інімнің әлемнің көптеген елінде ең көкейкесті мәселеге айналып отырған тұщы су тақырыбына тұңғыш қалам тартуы емес.
Осыдан 13 жыл бұрын «Айқын» газетінде басылған Бауыржанның «Ендігі шу судан шықпасын...» деген публицистикасы да осы тақырып (бертін келе ол жазғаны автордың «Жаныма жақын жағалау» атты публицистикалық жинағына да енді). Айтайын дегенім, Ғұбайдуллиннің осы мақаласында тұщы суға қатысты жүрек шошытар небір дерек-дәйек бар. Енді соның кейбірін оқып, ой елегінен өткізіп көріңіз:
«...БҰҰ-ның Азық-түлік комитетінің мәліметіне қарағанда, 2030 жылға таман тұщы суға деген әлемдік сұраныс қазіргіден 60 пайызға артатын көрінеді. Сөйте тұра, техногендік процестердің салдарынан табиғи су көздерінің үздіксіз ластануы, орманның оталуы сықылды факторлар, жалпы, адам баласының қоршаған ортаға деген салдыр-салақ көзқарасы ішуге жарамды су қорын жыл санап кеміте түсуде. Демек, қазекем айтқан «Судың да сұрауы бардың» көкесі әлі алда. Кейбір деректерге қарағанда, қазірдің өзінде 2,3 миллиард адам ішер судан тарығып отырған көрінеді. Тіпті осы мақаланы жазуға дайындық барысында біз жер бетінде жыл сайын үш миллионға жуық адам шөлден өледі деген мағлұматты да кезіктірдік. Су тапшылығының зардабын, әсіресе, Кувейт, Біріккен Араб әмірлігі мен Египет қатты сезініп отыр. Басқа амалы қалмаған Араб әмірлігі мұзтауларды (айсбергтерді) жағаға сүйреп әкеліп, ерітіп ішуге көшкен. Күндердің күнінде мұзтаулардың да түбі көрінері анық, оның үстіне, мемлекет біткеннің бәрінің бірдей шекарасы теңізбен шектеспейді ғой. Әрине, теңіздің ащы суын тұщытатын тәсіл бар. Бірақ бұл технология өте қымбат, сол себепті, тек аса мұқтаж жағдайда ғана іске қосылатын көрінеді. Керек десеңіз, суға қатысты зәрулік дамыған елдерге де тән. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының таратқан ақпарына қарағанда, Еуропа халқының 15 пайызы ішуге жарамды су көзі мүлдем жоқ аймақтарда тұрады екен. Ғалымдар климаттың жылуы әсерінен Арктика мен Антарктидаға қоса, тау шыңдарындағы мұз атаулының еруі ақыр соңында Оңтүстік Азия мен Латын Америкасындағы біраз мемлекетті тұщы су жөнінен тығырыққа тіреп тынады деседі. Әйтеуір, сарапшылар енді елу жылдан соң ауызсудың тапшылығы бүкіләлемдік сипатқа ие болатындығын айтып, қара бұлтты төндіруде. Тіпті PoIaris Тони зерттеу орталығының директоры Кларк «Жыл сайын айқын сезіле бастайтын тұщы су тапшылығы – адамзат өміріне төнген елеулі қатер» деген пікірде. Ал Калифорния университетінің (АҚШ) саясаттанушылары ХХІ ғасырда дүниежүзілік соғыс бола қалса (оның бетін әрі қылсын, әрине), әсте мұнай-газ үшін емес, тұщы судың табиғи көзін мол қарпып қалу үшін болуы әбден ықтимал деген болжамды батыл алға тартып отыр. Бұл – негізсіз әңгіме емес. Қарулы қақтығысқа мемлекетаралық, яғни транзиттік өзендер түрткі болуы әбден кәдік. Ондай өзендердің қатарына Еуропада Дунайды, Кіндік Азияда Әмударияны жатқызуға болады. Қазірдің өзінде Қырғыз Республикасы өз аумағындағы ГЭС-тің өндірістік мүддесі үшін өзен суын бөгеп, көрші елдердің наразылығына ұшырап отырғаны белгілі. Әскери стратегтер алдағы он шақты жылда Әмударияның бойындағы гидротехникалық қондырғылар зымырандық соққыға немесе бомбалауға ұшырауы мүмкін деген пікір айтып жүр. Ал бастауын ханзу елінен алып, балығын қазаққа әкеліп беретін Ертіс пен Іленің тағдыры әуелі Құдайдың, сосын Қытайдың қолында. Өйткені қысық көз көршіміз соңғы кездері жасанды су қоймаларын салумен тым әуестеніп кетті...» (Б.Ғұбайдуллин, «Жаныма жақын жағалау», 79-85-беттер).
Міне, осыдан 13 жыл бұрын осылай деп жанұшыра дабыл қаққан қаламгер енді өзінің туған ауылы Қызылжардың іргесіндегі Жезбұға көлін құтқарайық деп шаруа айтып, ұран тастап отыр. Автор тек мәселе көтеріп қана қоймай, білікті мамандарға жолығып, күрмеуі көп күрделі шаруаның шешімін ұсынуды да ескерген.
Жезбұға – өзім жағасында өмір есігін ашқан Ақ Жайықтың есте жоқ ескі замандағы бұрынғы арнасы, яғни Жайықтың «кәрі апасы». Өмір бойы өлең-жырыма арқау етіп келе жатқан Жайықтың жағдайы да мәз емес.
Жезбұға – өзім жағасында өмір есігін ашқан Ақ Жайықтың есте жоқ ескі замандағы бұрынғы арнасы, яғни Жайықтың «кәрі апасы». Өмір бойы өлең-жырыма арқау етіп келе жатқан Жайықтың жағдайы да мәз емес. Сарқылып қала ма деп қорқамын. Жылма-жыл ұлтымыздың ұлы өзенінің тағдыры үкіметаралық, мемлекетаралық деңгейде талқыланғанымен, әлі күнге дейін ауыз толтырып айтатындай тиянақты іс тынған жоқ. Депутаттар да, басшылар да ештеңе бітірген емес. Соған қарамастан, автор сүйгеніне қосыла алмай зар илеп, суға батқан Жезбұға сұлудың көз жасындай көлді құтқарудың нақты жолын ұсынған. Жалпы, облыс аумағындағы көл атаулының бәрі көзіміздің қарашығындай қорғауға зәру. Осы тұрғыдан келгенде экология саласындағы басшылардың мықтап ойланып, нақты әрекетке көшер кезі жетті-ау, осы.
Ендеше, жағасындағы бірнеше ауылды табиғатының әдемілігімен, тұрмыс-тіршілікке қолайлы, шаруаға жайлылығымен жерұйыққа айналдырған Жезбұғадан айырылып қалмайық, ағайын! Жазушының жанайқайына атқамінер азаматтар уақтылы құлақ асып, нақты шара қолданып, тиянақты шаруа тындырар деп үміттенемін.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты