Үкімет үйінде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен зейнетақы жүйесін одан ары жетілдіру бойынша жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін бірден бас қосқан жұмыс тобы Президент тапсырмасын бір пысықтап алды. Жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, «Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы» ЗТБ кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова, First Heartland Jysan Bank АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Болат Жәмішев, Президенттің штаттан тыс кеңесшілері Тамара Дүйсенова және Олжас Құдайбергенов, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың, «Атамекен» ҰКП өкілдері, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
«Жалпы, Мемлекет басшысы жұмыс тобының ұсыныстарын қолдады. Енді Президенттің тапсырмаларын ескере отырып, жұмысымызды жалғастыру қажет, оның ішінде зейнетақы жүйесін одан ары жаңғыртуды жеделдету, әкімшілік шығындарды қысқарту, ең төменгі жалақы көлемін және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру мәселесін пысықтау керек», – деп атап өтті Б. Сапарбаев.
Айта кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл ортасына дейін зейнетақы жүйесін реформалауға қатысты шешімді айқындауды тапсырған. – Баспана сатып алуға және өзге де қажеттіліктерге зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға қатысты маңызды мәселені шешу үшін алғашқы қадам жасалды. Біздің мақсатымыз – адамдарды қартайған кезде лайықты зейнетақысыз қалдырып, барлық жинағын қазір бере салу емес, – деген болатын Президент. Осы тапсырмаға орай жұмыс тобы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану бастамасын іске асыру бойынша жұмысты жалғастырмақ.«Тұрғын үй сатып алу және қымбат тұратын емге ақы төлеу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану ұсынысына қолдау білдірілді. Бұл құқықты пайдалана алатын азаматтарды кезең-кезеңмен қамтуды арттыруды ескерумен қосымша есептеулер жүргізу қажет», – деді Б.Сапарбаев.
Бұдан бөлек, Қ.Тоқаев үкімет отырысында жалақыны көлеңкеден шығаруға ынталандыру қажет екенін айтқан. Яғни, адамдар жұмыс берушіден зейнетақы жарнамасын аударуды талап етуі тиіс. – Үкімет пен Ұлттық банк бұл реформаны жүзеге асыруды бастайды. Мұндай мүмкіндіктер берілетін азаматтардың аясын біртіндеп кеңейте беру қажет. Сонымен қатар зейнетақы жүйесін жаңғыртуды жеделдету де қажет. Оның төңірегінде де пікірталас көп. Дегенмен жылдың ортасында біздің шешімдеріміз бен әдістерімізді айқындау керек, – деп тапсырды Президент. Дастан ДУМАНҰЛЫ