Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отырғанына тоқталды. «Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» деп атап өтті. Қазіргі таңда жер біреуде бар, біреуде жоқ. Үкіметтен ұзақ жылға жалға алып отырғандар өзге жері жоқтарға жалға беріп қойып, солардың үстінен пайда көріп отыр. Тәуелсіздік алғалы шет мемлекеттерден елге оралған қандастарымыз, сол жылдардан бері туып-өсіп, ер жеткен кейінгі ұрпақ та жерді игергісі келеді. Бірақ олардың ондай мүмкіндігі жоқ. Себебі, жер әлдеқашан бөліске түсіп кеткен. Игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін соларға игеруге беру жолдарын қарастыруға бола ма?
Қуаныш АЙТАХАНОВ, экономист:
– Бұл – өте күрделі мәселе. Өйткені олар жерді меншіктеп алған. Ол үшін заңға өзгерістер енгізуге тиіспіз. Мысалы, жерді игерем деген Қазақстан азаматтарына 30-40 мың гектардан артық жер берілмеу керек. Осындай заң қабылдануы, содан артық жерлерді басқа азаматтарға беру мәселесі заңды түрде шешілуі тиіс. Заң болмаса, бәрі бос сөз болып қалады. Сол себепті, «Жер туралы» заңға өзгеріс енгізілуі, әрбір азаматтың жер көлемі анықталуы қажет. Әрине біздің аймақтардың ерекшелігіне байланысты солтүстікте жер көлемі көбірек, оңтүстікте аз, халық тығыз орналасқан. Сондықтан оңтүстікте 1-10, ары кетсе 20 гектардан тиюі мүмкін. Осының бәрін терең зерттеп, тиісті органдарға ұсыныс беріліп, ол заңмен бекітілуі керек. Бұл – өте күрделі процесс. Өйткені Жер комиссиясында осының бәрі қаралып, оны шешу мәселесіне келгенде қиындыққа тап болдық. Мысалы, қазір «латифундистердің» жерді көбірек алғаны Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында. Олардың бәрі John Deere сияқты үлкен техникаларын сайлап алған. Ол техникалар 200-300 мың гектар жерде жұмыс істейді. Егер жер бөліске түссе, соншама жер игерілмей қалуы мүмкін. Өйткені техника жеке бір адамға тиесілі. Шағын жерлері бар азаматтарда ондай техника жоқ. Сондықтан бұл мәселе бір жылда шешіле қоюы қиын. Мәселе оңтайлы шешілмесе, егін егу тоқтап қалуы мүмкін. Егер бидай болмаса немесе оны өндіру бірнеше есе төмен түсіп кетсе, бұл – өте қиын мәселе. Ол «Жерімді алып қоятын болған соң егін екпей қойдым» дейді. Жердің жаңа иесі бір жылда ол жерді толығымен игере алмайды. Оның техникасы да жоқ. Сондықтан бұл – терең ойланып барып шешім қабылдайтын күрделі мәселе. Бұл жерде ақыл айту да қиын, бірақ бірте-бірте осы мәселеге баруымыз керек. Аталған мәселе бірер жылда толық шешіле қоймайтын шығар, ең бастысы «латифундистерге» «100 мың гектар жер алып отырсың ба, соған сай 10 мың бас ірі қара мал немесе 50 мың қой өсір, ауыспалы егіс әдісін енгіз. Жерді тоздырма» деп шарт қоюымыз керек. Олар ауыл шаруашылығының қос саласын қатар ұстауы тиіс. Ауыспалы әдісте мысалы 100 гектар жері болса, соның 60 гектарына бидай, 20 гектарына жоңышқа, қалған 20 гектарына жүгері, тағы басқа жем-шөп өсіру керек. Бұл үш-төрт жылда өзгеріп отыруы тиіс. Сонда әрі жердің құнарлығы артады, әрі мал басы көбейеді. Ет-сүт өнімдері молаяды. Халыққа қысы-жазы жұмыс болады және оларға тұрақты жалақы төлеп тұру керек. Егер мұндай шартпен келіспей ме, жерді осы әдіспен игеруге шамасы келмей ме, онда жерді мемлекетке өткізсін. Осындай үгіт-насихат жұмыстары қатар жүруі керек және мұның бәрі заңдастырылуы тиіс. Негізі қойылып отырған мәселе өте өзекті, бірақ оның шешу жолдарын терең зерттеп, ұйымдастыруымыз керек. Бұл мәселені бірден шешіп тастаймыз деп асығыстықпен әрекет етсе, ел астықсыз қалып қоюы әбден мүмкін.
1996-1997 жылдары Түркістан облысының үш ауданы бірігіп, оңтайланған кезде Мақтаарал ауданында 215 мың халық болатын. Қазір сол өңірде 350 мың халық тұрады. 140 мың халық үлесінен құр қалып отыр. Олар да бұйырған өз несібесін жеп отыр. Бірақ расымен де, олар бірудің жерін жалға алып, күн көруде. Бұл дұрыс емес.
Мырзагелді КЕМЕЛ, экономист:
– Игерілмей жатқан жерлерді қайтарып алуға қатысты ондай шешімдер жасалып жатыр. Тексеру жасалып, 1,5 миллион гектар жердің игерілмей, бос жатқаны анықталды. Сол жерді басқа, жермен айналысам деп ниет білдіргендерге таратып береміз деген ой бар. Бұл ойды барынша қолдаймыз. Шын мәнінде, 10 пайыз мемлекеттік қор деген болған. Кезінде оған кемінде 20 жылға дейін тимеу керек деп жазғанбыз. Осы мемлекеттік қор сақталмай, әкімдердің көбі үлестіріп жіберді. 1996-1997 жылдары Түркістан облысының үш ауданы бірігіп, оңтайланған кезде Мақтаарал ауданында 215 мың халық болатын. Қазір сол өңірде 350 мың халық тұрады. 140 мың халық үлесінен құр қалып отыр. Олар да бұйырған өз несібесін жеп отыр. Бірақ расымен де, олар бірудің жерін жалға алып, күн көруде. Бұл дұрыс емес. Жалпы, жерді игерген адамға беру керек. «Бір жылдың ішінде игерілмеген жерді алып қою керек» деген заң шешімі бар. Бұрын бұл екі жыл болатын. Жер бір жыл игерілмесе ескерту жасалатын, екінші жылы жағдай қайталанса, жылдың соңында жер қайтарылып алынатын. Қазір бір жыл жасады. Бірақ бір жылдың ішінде алып қойып жатқан жер жоқ. Күтіп-баптап қаралмағандықтан соры шығып, жыңғыл басып кеткен жерлер көбейді. Солардың бәрін қалпына келтіру керек. Қайта қалпына келтіру үшін қатаң тетіктер, заң керек. Заңның аясында Үкіметтің қаулысы, министрліктердің бұйрығы болуы шарт. Комиссия құрылып, ол әділ жұмыс жүргізуі, жемқорлық болмауы тиіс. Жемқорлық байқала қалған жағдайда, оны бірден шығарып жіберу керек. Әрқайсымыз болып жатқан жағдайларға байланысты пікірімізді білдіруге тиіспіз. Бәріміз үшін қоғамдық пікір қалыптастыру – міндет. Сонда мәселе біртіндеп шешімін табар деген ойдамыз.
Жерді пайдалануға ел азаматтарының бәрі тең құқылы. Жер бәрімізге ортақ. Сондықтан оны пайдалануда әділеттік болуы керек. Осы елдің азаматы ретінде ылғи ашығын айтып жүрмін. Бірақ оған құлақ асып жатқан ешкімді көріп тұрған жоқпын. Дегенмен таяу мерзімде үлкен өзгерістер болып, айтқандарымыз біртіндеп орындала бастайды деп ойлаймын.
Байқап отырғандарыңыздай, бұл өте күрделі және ұзақ процесс, сондай-ақ оның сәтті іске асырылуы орындаушыларға да байланысты. Бірінші кезекте «латифундистердің» игерілмей, бос жатқан жерлерін алып, жермен жұмыс істеуге ниеттілерге теңдей бөліп берсе, ел тұрғындары біреуге алақан жаймай, жұмыспен қамтылып, мемлекетке де пайдасын тигізер еді. Бұл мәселе шешімін таппай, ауыл шаруашылығы саласын дамыту қиынға соққалы тұр.