Қазіргі ақпараттық технологиялар заманында Қазақстанда тіпті кәдімгі компьютері жоқ ұйымдар үлесі сол бұрынғыдай көп болып отыр. Оның үстіне олардың қатары кейінгі бес жыл ішінде көп кемімеген екен.
Елімізде ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың экономикаға дендей енуі бір қарағанда, көлемді: 2018 жылдың қорытындысында кеңселік компьютер қолданатын ұйымдардың үлесі 77,7 пайызды құрады. Алайда ең қарапайым компьютері жоқ ұйымдар үлесі де қомақты – 22,3%. Олардың көпшілігі ауыл, кент, аудандарда орналасқаны мәлім.
Бір жылдай бұрын, 2017 жыл қорытындысында бұл көрсеткіштер тиісінше 70,7 және 29,3 пайыз болған. Компьютер қолдану мүмкіндігіне ие кеңселер үлесі бұдан бұрын, 2013 жылы – 66,2 пайызды құрады. Яғни мұндай қарқынмен еліміздегі әр ұйымға – мектептерге, балабақшаларға, аурухана-емханаларға, кәсіпорындар мен мекемелерге басқа жоғары технологияларды айтпағанда, қарапайым компьютер келуі үшін ширек ғасырдай уақыт қажет болады.
Дегенмен интернетке қол жеткізу көрсеткіші бұдан да төмен. Ресми статистика бойынша, ұйымдардың жалпы санында ғаламторға қосылғандардың үлесі қазіргі кезде 75,1 пайызды құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, бұл көрсеткіш 2013 жылы 60,7 пайыз болған.
Дамыған елдерде өз интернет порталы, сайты, немесе әлеуметтік желіде парақшасы жоқ ұйымды кездестіру күрделі. Қазақстанның олардан бір айырмашылығы да осында. Бізде әзірге сайт түгіл, тіпті Instagram парақшасы – әдеттегі құбылыс емес, бедел, атақ-дәреже саналады. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің дерегінше, бүгінде отандық ұйымдардың тек 22,3 пайызының ғана интернет ресурсы бар. Бір ғажабы, бұл бұрынғы жылдардағыдан әлдеқайда төмен. Себебі бес-алты жыл бұрын компаниялардың сайт ашу дүмпуі жүрген. Қазір олардың көбі не жабылып қалды, не біраздан бос қаңтарылып тұр. Салдарынан, егер 2013 жылы интернет ресурстары бар ұйымдар үлесі 26,2 пайызға жетсе, келесі 2014 жылы бұл үлес 19,3, ал 2016 жылы 18,5 пайызға дейін құлдырапты.
2019 жылғы шілде айының қорытындысында бекітілген интернет орнатылған тұрғын үйлер мен кеңселер саны 2,5 миллион бірлікке жетті. 2013 жылы 1,8 миллион болатын.
Елімізде 2019 жылы 25,8 миллион ұялы байланыс абоненті болған (екі-үш телефонға ие адамдар бар). 2013 жылы бұл сан 30,3 миллион болатын. Яғни 5 миллионға жуық тіркелмеген ұялы телефон нөмірі бұғатталғанға ұқсайды.
Бірақ қазақстандықтардың қалтафондарының барлығы бірдей интернетке шыға алмайды. Интернет желісіне қосылған ұялы телефондар саны – небары 14,8 миллион бірлік. 2013 жылы бұл көрсеткіш 11,5 миллионға жеткен. Яғни пайдаланылатын 11 миллион ұялы телефонның бүгінде интернетке шығуға мүмкіншілігі жоқ.
Рас, олардың иелері киберкеңістіктен келетін қауіптерден ада. Жалпы алғанда, 2019 жылдың бірінші жартысында кибершабуылдармен байланысты 10,4 мың оқиға тіркелген. Бұл былтырғы жылғыдан 22,8 пайызға аз. 2018 жылы 13,5 мың оқиғасы орын алған болатын.