Nur Otan партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзекті мәселелерін және ұсыныстарын талқылау мақсатында үшінші мегаполисте алқалы жиын өтті.
Отырысқа Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері, түрлі қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар және олардың ата-аналары қатысты.
Кездесу барысында Бахадыр Мәдәліұлы көтерілген мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлу маңыздығына тоқталып, партия тарапынан осы бағытта барлық қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында отбасында мүгедек жандарды асырап отырған ата-аналардың жағдайын жақсарту бойынша мәселелер айтылған. Үкіметке оңалту орталығын көбейтуге 58 млрд теңге қаржы берілді. Біздің қоғам шын мәнінде әлеуметтік жағдайға, ашықтық қоғамға бет бұрғанын көрсетіп отыр. Қазіргі таңда статистикалық мәлімет бойынша, елімізде 80 мыңнан астам бала мүмкіндігі шектеулі азамат ретінде тіркеліп тұр. Шымкент қаласында мүгедектік қатарында 5920 бала бар. Сол жандарға арналған жаңа оңалту орталықтарын салдыру қажеттілігі туындап отыр. Ол жұмыстарды біз Nur Otan партиясы тарапынан бақылауға аламыз. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының мақсаты да сол мүмкіндігі шектеулі жандар мен арнайы көңіл бөлуді талап ететін азаматтарды толыққанды өмірге бейімдеу, – деді ол.
Өз кезегінде «Сынақ» мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту және оларды әлеуметтік құқықтарын іске асыруын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Жетпісбаев мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қоғамдық орындарға кедергісіз кіріп-шығу мәселесін қозғады. Ол Шымкент қаласындағы Shymkent Plaza ойын-сауық кешенінің тұрағының ақылы екенін, әуежайда, автовокзалда, көшеде, алаңдарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды таситын көліктерге тұрақтың тегін болуы керек екенін тілге тиек етті.
Қойылған сауалға жауап берген Бахадыр Мәдәліұлы ойын-сауық, сауда орталығындағы тұрақтарды ақысыз етуін қалалық мәслихаттың фракция мүшелеріне тапсыратынын айтты.
Сондай-ақ кездесуге келгендер емдеу мен оңалту орталықтарына қатысты өзекті проблемаларды талқылады. Осыған байланысты мәселелерді Денсаулық сақтау басқармасы басшының орынбасары Тимур Варзилов мәлімдеді:
– Бүгінгі таңда бізде 4 мемлекеттік балаларды оңалту орталығы бар. Әрине, барлық орталықтарда күрделі, ағымдағы жөндеуге, құрал-жабдықтарға және т.б. мәселелер туындайды. Бүгінде сауықтыруға күніне 4000 теңге беріледі. Қазіргі таңда стационарлық көмек қысқарып, оңалту орталығын көбейтудің қажеттілігі тұр. Сондай-ақ Шымкентте ересектерге арналған оңалту орталығы жоқ. Сондықтан қаламызда бірнеше оңалту орталықтарын ашу керек. Ол үшін республикалық бюджеттен қаржы сұрап жатырмыз, – деді басқарма басшысының орынбасары Бахадыр Нарымбетов.
Жиын соңында партиялық жобаның өзекті мәселелеріне талдау жүргізіліп, айтылған барлық ұсыныс назардан тыс қалмайтынын, оларды жүзеге асыруда қолдау көрсетілетінін жеткізді.