Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалында өткен партиялық бақылау комиссиясының отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы бойынша қоғамдық бақылау орнату мәселесі талқыланды.
Кеңес кезінде партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Михаил Дәуенов партиялық бақылауды жетілдірудің, күшейтудің және мемлекеттік бағдарламалардың негізгі тетіктерін түсіндірудің маңыздығына тоқталды.
– Nur Otan партиясының экономиканы дамытуда, азаматтардың әл-ауқатын арттыруда, барлық санаттағы халықтың жағдайын жақсартудағы рөлін байқауға болады. Барлық күш-жігерді айқындалған мақсаттарға жұмсауымыз керек, – деді Михаил Дәуенов.
Жиында партиялықтар бастамасымен «Құтты мекен» жобасы шеңберінде мемлекеттік бағдарламалармен салынып жатқан құрылыс нысандарына қатысты талапты одан ары қатаңдату керектігі айтылды.
– Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Саяси кеңесте партиялық бақылауды күшейтуді тапсырды. Партиялық бақылау комиссиясының құрамына кіретін қалалық және облыстық мәслихат депутаттары тарапынан жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарына қатысты мониторинг, бақылау шаралары жүйелене түсетінін жеткізді, – дейді партиялық бақылау инспекторы Бауыржан Сабыржан.
Мәжіліске қатысушылар отырыста көптеген өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Атап айтқанда, әдеп кодексін сақтау, қоғамдағы жемқорлыққа қатысты «нөлдік төзімділікті таныту», антикоррупциялық иммунитетті қалыптастыру, жемқорлыққа қарсы әдістерге қатысты ақпараттандыру жұмысын арттыру жайын қаузады.
– Арнайы құжатта сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісі мен оны болдырмау туралы айтылған. Бұл партия мүшелеріне де қатысты. Жауапкершілікті арттыру маңызды. Партияластарымыздың көпшілігі еліміздің, қоғамның дамуына өз үлесін қосып жүр. Алайда олардың арасында ішкі тәртіпті бұзғандар да бар. Оларға қатысты міндетті түрде қатаң шара қолданылды, – деп атап өтті Бауыржан Сабыржан.
Талқылау соңында мемлекеттік қызмет көрсетудегі заң бұзушылықтардың алдын алуда бірлесе жұмыс жасау қажеттігі баса айтылды.