Мәжіліс депутаты Байділда Жылқышиев Nur Otan партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде бір топ азаматты қабылдады.
Депуттаттың қабылдауына жазылған жеті адамның үшеуі мемлекет есебінен несиесін өтеу мәселесіне қатысты өтініш айта келіпті. Мәселен, Роза Тугал 2007 жылы Моңғолиядан елге оралған. Алғаш Қостанай өңіріне қоныстанып, ол жақта жұмыс болмағандықтан, 2009 жылы елордаға келіпті. – Қазір елорданың Заречный шағынауданында пәтер жалдап тұрамын. Екі балам бар: үлкені – колледжде, кішісі – 7-сынып оқушысы. Өзім құрылысқа кіріп, біраз жылдан бері ішкі құрылыс жұмыстарын үйреніп алдым, бірақ табысым тұрақты емес. Тапсырыс беріп төлемей, алдап кететіндер бар. Осының кесірінен кезінде алған несиемді уақытында жаба алмай, өсімақысы көбейіп кетті, – деп шағым айтты. Розаның айтуынша, банктегі несиесінің өтелмеуінен тұрғын үй кезегі де жылжымай қалған.
Қоғамдық қабылдау бөлмесіне бас сұққан елордалық Қадиша Аукенованың шағымымен таныса келе депутат оның Президент Жарлығына сәйкес борыш жүктемесі азайтылатын азаматтардың 5 санатының біріне жататынын айтты. Қадиша Аукенова – екі баланы жалғыз өзі асырап отырған ана. Жолдасы қайтыс болған. Яғни, асыраушысынан айырылған деген анықтама арқылы жоғарыдағы бес санаттың біріне кіреді. Бір қызығы, шағым айтушы ХҚКО-ға бармаған, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасындағы call-орталыққа хабарласпаған, бірден Nur Otan-ның қабылдауына келіпті. «Телефоныма sms хабарлама келмеді» содан кейін осында тарттым» дейді өзі. Осыдан-ақ тұрғындардың мемлекет есебінен кешірілетін несиеге қатысты ақпаратпен әлі де толық таныспағанын көруге болатындай. Б.Жылқышиев шағымданушыға қайда бару керегін түсіндіріп, жөн сілтеді.
Ал несие мәселесімен депутатқа арыз айтқан тағы бір азамат Күләш Утирова Жамбыл облысы Меркі ауданынан келіпті. Жалғызбасты ананың ұлы колледжде оқиды. Жеті жылдан бері несиенің үстіне несие алып, баласын асырап келе жатқан ол бүгінде банкке борышын өтей алмай, қарызға белшеден батқан.
– Өзім ауылдық емханада медбике болып қызмет етемін, айлығым 68 мың теңге, бірақ оның өзін банк несиенің ай сайынғы өтемі үшін карточкадан ұстап қалады да, қолыма түк тимейді. Қолымда жалғыз сіңілім бар, аурушаң. Дәрігерлер бүйрегін ауыстыру керек деген. Алайда оған ақша таппай отырмыз, – дейді меркілік тұрғын. Мәжіліс депутаты Б.Жылқышиев айтылған арыз бойынша облыс әкіміне хат жолдайтынын, жалғызбасты анаға көмек берілуін сұрайтынын айтып сендірді. Партияның қоғамдық қабылдау қызметіне жүгінген Айдар Бақберовтің Семейден елордаға келгеніне бір апта болыпты. Биыл оқуын бітіріп келген жас маман жұмыс іздейді. Алайда болашақ қаржыгердің алдынан шыққан бір мәселе – денсаулығындағы кінәрат.
Ал Мөлдір Түстікбаева ақпан айында үшінші баласын өмірге әкеліпті. Алайда сәбиінің есту қабілеті нашар болып туған. – Балам қазір 7 айға толды. Қатты сөйлесек қана естиді. Дәрігерлер тездетіп аппарат сатып алмасаңдар бала мүлдем естімей қалуы мүмкін деп жатыр. Сұрастырып білсек, ондай құрылғының құны 5 млн теңгенің айналасында екен. Ондай ақшамыз жоқ, – дейді жас ана. Елордалық Мөлдір Түстікбаева тұрғылықты ауданы бойынша Әлеуметтік төлемдер бөліміне барған екен, бірақ ол жердегілер «биыл қаржыландыру жоқ, сондықтан есту құрылғысын келесі жылы аласыз» деп шығарып салған. Сондай-ақ депутат Байділдә Жылқышиев қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген елордалық тұрғындар Есмағамбет Сматов пен Бижанова Күмісайдың жер учаскесін заңдастыруға қатысты арыз-шағымдарын алып қалып, жергілікті атқарушы органдарға ресми сауалнама жолдайтынын жеткізді.
– Бүгін Nur Otan партиясы қоғамдық қабылдау кестесі бойынша 7 адам жазылған екен, олардың барлығын жеке-жеке қабылдадым. Келушілердің көбісі – несиесін төлей алмағандар, оны жабуға көмек сұрап келгендер. Барлығына қолдан келгенше кеңес беріп, қайда бару керек екеніне жол сілтедім. Екінші мәселе – жерге, үйге қатысты жағдайлар. Құжаттарының реттелмеуі, арыз-шағымдарының жергілікті органдар тарапынан дер кезінде шешілмей ұзаққа созылып кетуі. Бұл кісілердің арыздарын, барлық құжаттарының көшірмесін алдым, енді осы бойынша жергілікті мекемелерге депуттаттық сауал жолдаймын, – деді Мәжіліс депутаты.