Бортында Алексей Навальный жатқан ұшақ Берлин әуежайына қонды, - деп хабарлайды РИА Новости. FlightRadar мәліметіне сүйенсек, ұшақ Омбы әуежайынан Берлинге жергілікті уақыт бойынша 8.47-де келді. Bombardier Challenger 604 ұшағы Омбыдан Берлин әуежайына рейс жасады. Еске салайық, саясаткердің баспасөз хатшысы Кира Ярмыштың айтуынша, 20 тамызда Навальный Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқанда денсаулығы сыр берген. Кейін әуе кемесі Омбыға шұғыл қонып, оппозиция өкілі жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Ол ес-түссіз ауруханаға түсті, қазір жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған, жансақтау бөлімінде жатыр. Ярмыш белгісіз біреулер саясаткердің шайына у қосқан болуы мүмкін деген болжам жасады. "Таңертең шай ғана ішкен. Дәрігерлер улы зат ыстық сұйықтық арқылы тез сіңетінін айтты", - дейді ол. Дәрігерлер Навальныйдың диагнозы туралы: улану деп есептемейміз Германия канцлері Ангела Меркель Германия Алексей Навальныйға қажетті медициналық көмек көрсетуге, оны неміс ауруханаларында емдеуге дайын екенін айтты. АҚШ Навальныйдың улануы туралы: "Бұл Ресеймен қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін" Франция президенті Эммануэль Макрон да медициналық көмегін ұсынды. Ал кинопродюсер және Cinema for Peace ұйымының негізін қалаушы Яка Бизиль Навальныйды Берлинге тасымалдауға мүмкіндік беретін санитар ұшақ Германиядан Омбыға бара жатқанын айтқан болатын.