Күрес түрлерінен елорда төрінде жалауы желбірейтін әлем чемпионатында грек-рим күресінен сынға түсетін балуандарымыздың алғашқы қарсыластары анықталды.
Бүгін әлем чемпионаты алдында грек-рим күресінің жеребесі тартылды. Жеребе тарту қорытындысына сәйкес, 55, 63, 72 және 82 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі балуандардың қарсыластары белгілі болды. Қазақстандық Қорлан Жаханша (55 келі) бірінші айналымда алжирлік Абдилькарим Фергатпен кездеседі.
Ал күресті 1/8 финалынан бастайтын Алмат Кебісбаев (63 келі) болса, индиялық Сагара Сагарнимен белдеседі. Демеу Жадраевтың (72 келі) алғашқы қарсыласы – Палау мемлекетінің спортшысы Джарвиюс-Садам Блесам Тарконг.
Сондай-ақ іріктеу кезеңінде Мақсат Ережепов (82 келі) жапониялық Юа Окажимамен күреседі.
Естеріңізге сала кетейік, 14 қыркүйек күні Нұр-Сұлтанда күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Әлем чемпионатына әлемнің 100-ден астам елінен ең мықты апайтөс балуандар қатысады. Олар жүлделі орындармен қатар 2020 Токио олимпиадасының жолдамасын сарапқа салады.