Атеистер неге көбейді?

Атеистер неге көбейді?

10 жыл бұрын Қазақстанда 6 пайыз ғана атеист болса, қазір бұл көрсеткіш 3 есеге өсті. Биыл халықтың 18,8 пайызы Құ­дайға сенбейтінін көрсетіп отыр. Бұған қарап Құдайға деген сенім азайып келеді деп болжам жасауға бола ма? Осы сауалды алды­мызға көлденең тартып көрдік. 

Қазір бәрі дін десе бірдеме «деп» қалуға пейіл. Өйткені ұр­пақтан-ұрпаққа жалғасып, қа­зақтың бөлінбес бөлшегіне айналған ата дінімізге деген көзқарасты түрлі бетперде ки­ген ұйымдар өзгерте бастады. Қылышынан қан тамған Кеңес Одағы да өзгерте алмаған көңілді қой терісін жамылған қасқырдай боп келген жат ағымдар жаулай бастады. Бірақ бәрібір дінге сусындаған халқымыздың ата жолынан адасып жатқанына сенгің келмейді.

Ескеретін жайт, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Ата заңы­мыз­да айшықталғандықтан, әр азамат қандай көзқарас, наным не сенім ұстанамын десе де өз еркі. Конституцияда көрсетілген ар мен ұждан бостандығы та­лаптарына сәйкес адамды сені­­міне және көзқарасына бай­­ла­­нысты қудалауға тыйым са­лынады.

Зерттеуге сенсек, қазақ­стан­дықтардың 75 пайыздан ас­тамы Құдайға сенеді. Бұл халық­тың дені бес уақыт на­мазға жығылмаса да, арнайы діни бірлестіктердің құрамына кірмесе де, «аузында Алласы бар» дегенге саяды.

Ал Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау ор­та­лығының директоры Айнұр Әбдірасылқызының пі­кірінше, кейбір адамдар кедер­гіге жолық­пау үшін Құдайға сен­бейтіндей кейіп танытуы мүмкін екен.

Қалай болған күнде де, атеистік көзқарастың көбейіп, қоғамда белең ала бастағанын дәлелдейтін ашық пікірлер ара-тұра бой көрсетіп қалатыны рас. Экс-депутат Жұматай Әлиев те кезінде оқу орындарында, мектептерде дінтанумен қатар атеизмді оқыту туралы ұсыныс айтса, 2017 жылы атеистердің құқығын қорғайтын заң әзірле­ніп, ол құжат Парламент қабыр­ғасында қалып қойған болатын.

Fасеbook,Vkontakte әлеу­меттік желілерінде де «Қазақстан атеистер қауымдастығы» тобы бар. Оның көптеген мүшелері сурет, бейнебаяндар салып, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Сауалнамалар жүргізеді.


Бұл зерттеу деректеріне өз басым үлкен күмәнмен қа­раймын. Неге? Біріншіден, бұл 18 пайыз – Қазақстан үшін өте үлкен көрсеткіш. Салыстырмалы түрде бұл дамыған Батыс елде­рінің деңгейімен сәйкес келеді. Бүгінгі таңда Италия, АҚШ, Канада немесе Австралия сияқты мемлекеттердің көрсеткіші16-17 пайызға жетіп отыр.


Қалай болған күнде де, Құдай жоқ, о дүние деген өтірік, өлгеннен соң бәрі аяқталады деп ойлайтындар баршылық. Бұл көзқарас біздің елімізде ғана емес, әлемде таралып бара жатыр. Кей елдерде тіпті өзінің атеист екенін жария ету сәнге айналған.

Ал ғалымдар үнемі адам­дар­дың дінге ден қоятын себе­бін дін адамның көңілін жай­ландырып, оны берік ұстанған адамдарда қауіпсіздік сезімі күшті болатынын айтады. Мі­не, сондықтан көбіне экономи­ка­лық, саяси мәселелері аз ел­дердің тұрғындары Құдайдан бас тартып жатыр. Сондай-ақ ерттеушілер қоғамда капи­талистік жүйенің орнауы, тех­но­логия мен білім­нің дамуы да адам­дардың дін­шіл­дігінің төмендеуіне апарып соға­тынын айтып отыр.

Мәселен осыдан бір ғасыр бұрын ғана діннің алатын ор­ны ерекше болған Жапония, Ұлыбритания, Канада, Чехия, Германия, Франция бастаған бірнеше елде қазір Құдайға сенетіндердің қатары сиреген. Ең таңғаларлығы, бұл елдерде қазір білім беру ісі жақсы жол­ға қойылған, халқының тұр­мыс деңгейі жоғары. Бұдан шығатын қорытынды: халықтар кедейшілік деңгейінен биік тұр және тірліктің қиындығынан қорқатын жағдайда емес.

Бұған қарап Қазақстанның да қауіпсіздігі күшейіп, хал­қы­ның тұрмыс-тіршілігі артып ке­леді деп айтуға толық не­гіз бар ма? Оған отандық сарап­шы­лардың да айтар уәжі бар. «Мемлекетімізде іштей атеизм­нің әлі тұғыры бе­рік. Сырттан танылып жатқан пікір­лерді қолдап-қостап, «Ме­шіттер тым көбейіп кетті, қалаларда діни рәміздер басым, бұл зайырлы мемлекетке сәйкес емес» деушілер бар. Осылай мемлекетіміз клерикалданып немесе дінге бойұсынып барады деп те айтушылар бар. Елін, рухани дәстүрін сыйлайтын зайырлы мемлекеттерде мұн­дай сөздерді ашық айтуға бар­май­ды. Ал түбінде адам бала­сы жан жарасына емді діннен де іздейтіні анық. Зайырлы мемлекет атеистік ел емес. Мем­лекет азаматтарды мейі­рім­­ділікке, патриотизмге, сабыр­лыққа уағыздайтын дін­нің қолдауына мұқтаж» дейді профессор Аманкелді Айталы.

Дін мәселесін зерттеуші ғалымдардың пікірінше, біз ежелгі танымымыздан Құдайға сенген, жүрегімізден орын берген ұлтпыз. Жалпы, басына қасірет түскен адам баласы жұбаныш қылатын бір нәрсенің болғанын қалайды. Сондықтан Құдайға сенетіндердің қарасы бәрібір азаймайды.

«Бұл зерттеу деректеріне өз басым үлкен күмәнмен қа­раймын. Неге? Біріншіден, бұл 18 пайыз – Қазақстан үшін өте үлкен көрсеткіш. Салыстырмалы түрде бұл дамыған Батыс елде­рінің деңгейімен сәйкес келеді. Бүгінгі таңда Италия, АҚШ, Канада немесе Австралия сияқты мемлекеттердің көрсеткіші 16-17 пайызға жетіп отыр. Өз кезегінде Қазақстан сияқты да­мушы елдерге атеизмнің бұл деңгейі сәйкес келіңкіремейді. Бұл санның өзі сұрақ туғызады. Ал негізі дінге деген жалпы көзқарас өзгеріп келеді. Ең алдымен, дінге деген қызығу­шылық өсіп келеді. Бұл жастар тарапынан орын алып отыр. Ораза ұстайтын адамдар да көп. Ал енді интеллигенцияның ара­сында дінге деген көзқарас, қызығушылық төмендеуі мүм­кін. Әсіресе, техникалық деген ұғым бар. Барынша ғылыми сипаттағы дүниетаным. Ол да дамып келеді. Дәл қазір осы екі тенденцияны байқап отырмыз. Бәрібір қа­зақстандықтар, қазақтілді аза­маттар үшін дін­нің рөлі биік. Ал атеист деген ұғымның өзі екі бөліктен тұрады. Агностиктер мен атеистер. Агностик те Құ­дайға сенбейді, бірақ ол атеист емес. Ал атеист ол Құдайға сен­бей­ді. Бұл жерде өте ұқыпты ме­тодологияны ұстану керек. Бұл ақпарат, статистика ары қа­рай талдауды қажет етеді. Бұл мәлі­мет бізге сәйкес кел­мейді. Агностиктер мен атеистер­ді бөліп қарастыру керек. Сон­дық­тан осын­дай сұрақтар туын­дайды», – дейді Елбасы – Тұңғыш Президент қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы Жұмабек Сарабеков.

«Адам баласының басына қайғы-қасірет түспесін. Егер ол орын алса, адам оның да бір мағынасы бар екенін түсінеді. Ең шындығы, басына ауыртпалық түскен адам ол қайғының ма­ғы­насын басқадан емес, діннен табады. Бұл – біздің генімізде бар ақпарат. Әлімсақтан Құдайды таныған елміз. Сондықтан өзін атеиспін, агностикпін деп танып жүрген әрбір адамның жадында, өзінің бейсана әлемінде Құдай бар», – дейді діни сарапшы Асылбек Снядин.

Міне, ғалымдар жағы пси­хо­логиялық, тарихи, мәдени және тұрмысқа байланысты себептерді ескере отырып, дін­нің жойылатынына бәрібір сенбейді. Ол мейлі қорқыныш, мейлі қайырымдылық, мейлі сенім боп оралса да, дін адам санасынан алыстамайды.