Көпбалалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмек туралы айтыла бастағаннан жақсылықтан үмітті жанның бәрі елең етіп, жоғары жаққа құлағын түріп, демін ішіне тартып, сол күннің ертерек келуін тағатсыздана күтті. Жәрдемпұлға қолы жеткендер бөркін аспанға атып, қуанышта болса, бұл тізімге іліне алмай қалған аналар да әр-әр жерден наразылығын білдіріп жатты. Тізімге бір деммен іліге алмай қалғандардың дені – құжатқа деген салғырттығымыздан. Тіркеуде жоқ, аты-жөні дұрыс емес, тағы басқа түрлі себептері бар. Мұндайда құжатқа мұқият болу керегін тағы бір еске саламыз.
Атаулы әлеуметтік көмектен үміттілердің бірі Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғыны Зульфия Мырзабекова болатын. Алты баланың анасы құжаттарының дұрыс болмауынан жәрдемпұлға бірден қолы жетпеді. Әйтсе де, бүгінде құжаттары реттеліп, осы айдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті ала бастады. Тіпті осы уақытқа дейін алынбай қалған жәрдемпұлы жиналып, әжептәуір қомақты қаражат бірден қолға тигенін айтып қуанышын жасыра алмай отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төлеу ары қарай жалғаса беретінін үнемі айтып келеді. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында да бұл мәселені назардан тыс қалдырған жоқ. Дегенмен бұл мәселеге біраз сыни пікірін де білдірді. «Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін қажетті шараларды қабылдауда. Алайда бірқатар шешім жан-жақты сарапталмай қабылданды. Нәтижесінде, бұл патерналистік пиғылдың айтарлықтай артуына әкеп соқтырды. Соңғы 5 жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамға артқан. Әлеуметтік көмекке бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді және одан да арта түсті. Басқаша айтқанда, жұмыс істегісі келмейтін адамдар немесе әлеуметтік көмек алу үшін өздерінің табысын жасыратындар көбейді. Жағдайы бар отбасылардың әлеуметтік көмек алатыны туралы деректер бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын», – деді Президент өз Жолдауында.
«Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» демекші, жап-жақсы басталған істі кейін тартқан тағы бір топ бар. Олар – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, отбасылық жағдайлары жақсы бола тұра, түрлі құйтұрқы жолмен аз қамтылған отбасыларға тиесілі жәрдемпұлдан дәметкендер. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та мұндайларды сынға алды. «Көптеген отбасы үшін атаулы әлеуметтік көмек – өмірлік өте қиын жағдайлардан шығар жол болды. Әйтсе де, кейбір адамдардың заң мен ережелерді аттап өтіп, жағдайды пайдаланғысы келетіні өкінішті. Ондай адамдар мемлекетті ғана емес, өз-өздерін де, басқа азаматтарды, көршілерін, достары мен туыстарын алдап жатыр. Себебі бұл ақшаға шынында да, қажетті нысандарды салуға болар еді. Атаулы әлеуметтік көмек алушы 21 мың отбасы өздерінің шынайы табысын жасырған. Әу баста кейбіреулері әдейі табысын жасырып, айырылысып жатса, қазір басқа өңірге тіркеліп, бірнеше жерден алу үрдісі байқалуда. Мұндай фактілерді анықтауда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірге орасан еңбекті атқарып келеді» деді Дәурен Абаев.
Келеңсіз жайттарды анықтауда электронды үкімет әдісінің де септігі тиіп жатқаны анық. Өйткені бір жерде тіркелген адам өзге жерге барып тағы тіркеліп, атаулы әлеуметтік көмек алуға әрекеттенгендердің ісі әшкереленіп қалып жатыр.
– Өкінішке қарай, соңғы жылдары түрлі себептермен халқымыздың тұрмысы біраз нашарлады. Елдің әлеуметтік ахуалына оң әсер етудің түрлі жолдары қарастырылып жатыр. Атаулы әлеуметтік көмек беру, несиелерін төлеуге көмектесу – осы амалдың қатарында. Дегенмен осы атаулы көмекті алатын отбасыларды анықтауда неғұрлым әділ болуға тиіспіз. Уақытша ажырасып немесе «Джип» көлігін мініп жүріп осы жәрдемпұлға иек артып отырғандарды анықтау керек. Осы әлеуметтік көмекке шын мұқтаж болып отырғандар бар. Егер жалақы жоғары, жағдай дұрыс болса, олар мұндай әрекетке барар ма еді? Бұл олардың кінәсі деуге де болмайды. Жалақы төмендеп кетті де, инфляция жоғары болып тұр. Адамдардың нақты табысы төмен. Сатып алу мүмкіншіліктері аз. Осы тұрғыдан алғанда бұл мәселеге байыппен қарауымыз керек. Зәулім үй салып, қымбат көлік мініп, несиеге белшесінен батып, осы әрекетке амалсыздан барып отырғандар да бар. Қазақ атам «Көрпеңе қарай көсіл» дегенді бекерге айтпаған. Бойымызда жалған намысшылдық бар. Қарызға батып отырып қымбат көлік мінеді, зәулім үй тұрғызады. «Ұят болады» деп қарызға батамыз. Жағдайға қарау жоқ. Шамаң келмей ме, алғашында бір немесе екі бөлмелі пәтер ал. Жоқ, «Ақыры алдым ғой» дейді де, төрт-бес бөлмелі пәтер алып, қарызға батады да қалады. Бұл дұрыс емес, – дейді экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов.
Мемлекеттік қаржы жөніндегі сарапшы Шолпан Айтенова бір сұхбатында бұл бағдарламаның қазіргі қалпында тиімсіз екенін айтады. Мұндағы негізгі мәселе – әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарды анықтау қажет. Егер статмәліметтерге зер салсақ, ел халқының 4,3 пайызы, яғни 800 мың адам кедейлік құрсауында өмір сүріп келеді. Бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекті шілде айының өзінде 1,4 миллион қазақстандық, оның ішінде 900 мың бала алып отыр. Айтенова ханымның пікірінше, жергілікті атқарушы билік өкілдері көрсеткіштерді «жақсарту» тәжірибесін доғаруы қажет. Сонда ғана статистика мемлекеттік саясат пен бағдарламаларды іске асыру құралына айналады. Түркістан облысындағы жағдайға тоқталар болсақ, АӘК алуға ниет білдіргендер ресми көрсеткіштен оншақты мыңға артық болған. Бұл жергілікті атқарушы органдар нақты есеп жүргізбегенін, аймақтағы халықтың тұрмыс деңгейі қандай екенін білмейтінін аңғартады.
Бұдан түйгеніміз – осы күні «Бөрі аштығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» нағыз біз болып отырмыз. Ал атаулы әлеуметтік көмекті беруде шынайы тізім болуы керек. Жергілікті әкімдіктегілер кімнің жағдайы қандай екенін бес саусақтай біледі. Сондықтан мемлекеттен беріліп отырған жәрдемпұлдың талан-таражға түсуіне жол бермей, нағыз керек ететіндер алуға тиіс. Шүкір айтып, қанағат еткен халық ек, осы біз қайда барамыз? Ұлы Абай айтқан бес асыл істің бірі – қанағатшылдығымыз қайда?