Израильдің Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху егер алда өтетін Парламент сайлауында өз партиясы жеңіп шығатын болса, Иорданиямен шекаралас жатқан жартылай оккупацияланған Иордан өзенінің Батыс жағалауын аннексиялайтынын хабарлады. Үкімет басшысы Иорданның Батыс жағалауын иемдену үшін өзіне израильдіктердің дауыс беріп, қолдағаны маңызды екенін қадап айтты. Ақыр соңында Израильдің нақты шекарасын анықтау үшін белгілі бір тұжырымның да қажет екенін жасырмады.
«Алты күндік соғыс»
Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыстың тарихы ХХ ғасырдан басталады. Алайда ең ірісі 1967 жылы Израиль Палестинаға тиесілі Иордан өзенінің Батыс жағалауын, Шығыс Иерусалимді, Газа мен Голан жотасын оккупациялаған еді. Ал 1980 жылы Израиль Шығыс Иерусалимге, 1981 жылы Голан жоталарына аннексиялады. Дегенмен көп мемлекет аталған аймақтарды әлі күнге дейін Израиль аумағы деп мойындамайды.
Иордан өзенінің Батыс жағалауы сол тұстан бері Палестина мен Израильдің жаға жыртысуына себеп болып келе жатыр. Батыс жағалауы мен Шығыс Иерусалимге Израиль үкіметі шамамен 140 елдімекенді көшіріп қойған, бұл халықаралық құқық тұрғысынан заңсыз деп қаралғанымен, Израиль мұны мойындамады. Бұл елдімекендерде қазіргі уақытта 600 мыңға жуық еврей тұрады. Алайда палестиналықтар еврейлерді бұл аймақтан кетуі керек деп есептейді.
Араб елдері не дейді?
Араб елдері Нетаньяхудың сайлауда жеңіске жеткеннен кейін Батыс жағалауының бір бөлігі саналатын Иордан өзенін, Иордан жотасы мен Өлі теңіздің солтүстігін аннексиялаймын деген мәлімдемесін сынады. Иә, Нетаньяху бұған дейін де Израиль қауіпсіздік мақсатында Иорданиядан кетпейтіндерін құлаққағыс етіп жүрді, бірақ «аннексия» сөзін осы жолы алғаш рет қолданды. Бұл аймақтар – Идлиб және Евфраттың шығыс жағалауы.
Араб мемлекеттері Лигасы Израиль премьерінің мәлімдемесін «жағдайды ушықтыруға апаратын басқыншылық» деп атады. Ұйымның ресми жауабы мынадай – «АМЛ (Араб мемлекеттері Лигасы) Израиль премьерінің мәлімдемесін Израильдің Палестинаға жасаған кезекті басқыншылығы деп қарайды және бұл халықаралық заң құқығын белден басу».
Өзге де араб елдері үнсіз қала алмады. Сауд Арабиясы Ислам ынтымақтастық ұйымы құрамына енетін 57 мемлекеттің сыртқы істер министрлерінің шұғыл жиынын өткізуге шақырды. Сирия мен Қатар да премьердің ұстанымымен келіспейді.
Араб мемлекеттері Лигасы Израиль премьерінің мәлімдемесін «жағдайды ушықтыруға апаратын басқыншылық» деп атады. Ұйымның ресми жауабы мынадай – «АМЛ (Араб мемлекеттері Лигасы) Израиль премьерінің мәлімдемесін Израильдің Палестинаға жасаған кезекті басқыншылығы деп қарайды және бұл халықаралық заң құқығын белден басу».
Батыс сынады
Израиль премьерінің Батыс жағалауын аннексиялау әрекетін Еуроодақ сынға алды. ЕО өкілі Брюссель 1967 жылғы қос мемлекеттің шекарасында болған бірде-бір өзгерістерді қабылдамайтынын және Палестина аумағында елдімекендердің бой көтеруі «бейбітшіліктің ертеңіне нұқсан келтіретінін» алға тартты. Ал БҰҰ Израиль мұндай қадамға баратын болса, халықаралық құқықты сорақы бұзатынын алға тартты. Ұйым израильдіктер мен палестиндіктер кикілжіңді шешуде БҰҰ-ның қарарына сүйенгендері жөн екенін атап өтті.
«Ғасыр мәмілесі» немесе Трамптың асқақ мұраты
17 қыркүйек Израильде жалпыхалықтық сайлау өтеді. Нетаньяху – «Ликуд» партиясының төрағасы. «Ликудқа» «Кахоль-лаван» саяси альянсы қарсылас саналады.
Нетаньяхудың сайлауалды қолға алған шараларының бірі Дональд Трамппен «Ғасыр мәмілесі» болып отыр. Бұл – израильдіктер мен палестиндіктерді қайта татуластыру жоспары. Аталған жоспар сайлау аяқталған бірнеше күннен кейін жарияланады. Дегенмен Палестина тарапы мұның ақиқаттығына сенбейді. АҚШ Израильдің шашбауын көтереді деген күдіктерін де жасырмады.
Атап өтерлігі «Ғасыр мәмілесін» жасақтауға Дональд Трамптың аға кеңесшісі және күйеубаласы Джаред Кушнердің де қатысы бар. Жоспар жасалғаннан бері Кушнер мәмілеге өзінше атсалысты. Бірқатар сарапшылар Трамп пен күйеубаласының мәмілеге ерекше бейілдік танытуын АҚШ-қа одақтас тартуға жаңадан жол ашумен байланыстырады. Трамп, әлбетте, араб әлемінде өздерінің сенімді серіктері саналатын Израиль, Сауд Арабиясына иек артпақ.
Мәміленің құны – 50 млрд доллар. Бұл қаражат палестиналықтарға экономикалық қолдау ретінде бөлінбек. Дегенмен Палестина Вашингтонның ұлы арманына балта шауып, Ақ үйдің екі жылғы еңбегінің күлін көкке шығарды. Бұған дейін де АҚШ-тың Израильмен одақтастығын, тіпті Палестинаға тиесілі Голан жоталарын Израильдің жаулап алуын мойындағынан есепке алсақ, Палестинаның жағдайы тіптен ауырлап барады. Ал АҚШ Израильдің бұл шешіміне қатысты әзірге пікір білдірмеді.
Дегенмен сайлау алдында кез келген саясаткер жеңіс тұғырынан көріну үшін түрлі мәлімдеме жасайтыны жасырын емес. Б.Нетаньяху да бұл әдістен бас тартпайды. Кейде саясаткерлердің мұндай мәлімдемелері даңғазалық болып шығуы да әбден мүмкін. Ал кейде керісінше берген уәделерін орындап жатады. Егер Нетаньяху шынымен осы ниетінен таймаса, онда халықаралық саясатта дауылды күн алыс емес.