Праганың аудан билігі Кеңес Одағының батыры, маршал Иван Коневтің ескерткішін алып тастап, музейге қоймақ. Аудан басшысы күні кеше ескерткішті музейдегі лайықты орынға ауыстыруды көпшіліктің қолдағанын алға тартып, Праганы 1945 жылы басқыншылардан азат еткен өзге батыр тұлғаларға монумент орнату үшін орын қажетін мәлім етті.
Бұл жағдайға Чехия президенті үнсіз қала алмады. Милош Земан Прагадағы аудан басшыларының шешімін сынға алып, мұның Чехия үшін жаға ұстатар ұят жайт екенін қадап айтты. «Конев – Праганы жаудан азат етіп, жер құшқан жауынгерлердің көзіндей. Жан қиғандар шамамен 13 мың болған. Чехославакияны да азат етудің символы, онда қаза тапқандардың саны шамамен 150 мың боздақ еді», – деді Чехия президенті.
Ескерткіш бұған дейін бірнеше рет шабуылға ұшыраған еді. Мәселен, 2018 жылы әлдекімдер оны алқызыл бояумен бояп кетсе, 2017 жылы монументке жазба қалдырған. Ал осы жылдың тамызында ескерткіштің тұсына балағат сөздер жазған.
Өз кезегінде Ресейдің Чехиядағы елшілігі ескерткішті алып тастауға қарсылық танытты. Елшілік аудан билігін бұған дейін де Қызыл әскерді балағаттады деп айыптап, бұл жайт үшін де солардың жауапты екенін айтты.
Маршал Коневке ескерткіш Прагада 1980 жылы орнатылған еді. Қала тұрғындары ескерткішті алып тастауға қатысты референдум өткізу қажет деген пікірде.
Ескі тарихқа жаңа көзқарас тек Чехияда ғана емес, Украинада да қылаң берді. Мәселен, Харьковта 2 шілдеде Ұлттық корпус өкілдері Кеңес Одағының батыры, «Жеңіс маршалы» Георгий Жуковтың ескерткішін алып тастады. БАҚ-та бірнеше ұлтшыл «Іске сен» саяси партиясының Харьковтағы оқушылар сарайында өтіп жатқан съезіне қарсылық танытып, сарайдың маңына жақын орналасқан Жуковтың ескерткішіне қарай бағыт алған. Қарсылық танытушылар ескерткішке өрмелеп шығып, жіп байлап, оны жерге сұлатып түсірген. Полиция қызметкерлері оларды тоқтатпақ болғанмен, кейіннен аяқ тартқан. Мүсіннің орнына наразылар Украина туын орнатқан.
Ескерткішке қатысты дау тек посткеңестік мемлекеттерде ғана болмайды. 2017 жылы АҚШ-тың Балтимор қаласында конфедераторларға арналған ескерткіштер алынып тасталды. Дәл сол жылы 12 қыркүйекте Даллас қаласында Конфедерация әскерінің генералы болған Роберт Лидің ескерткіші құлатылды.
2017 жылы Киевте Ленинге орнатылған соңғы ескерткіш алынып тасталған еді. Бұған дейін де Украинада Кеңес Одағы батырлары деп танылғандардың ескерткішін ұлтшылдар ешқандай билікпен келіспей, сұлатып тастаған. Мәселен, 2014 жылы Харьковтағы бас алаңда Лениннің ескерткіші құлатылды.
Ескерткішке қатысты дау тек посткеңестік мемлекеттерде ғана болмайды. 2017 жылы АҚШ-тың Балтимор қаласында конфедераторларға арналған ескерткіштер алынып тасталды. Дәл сол жылы 12 қыркүйекте Даллас қаласында Конфедерация әскерінің генералы болған Роберт Лидің ескерткіші құлатылды. 1861-1865 жылдары АҚШ-тың оңтүстігін құл иеленушілікті қолдаған конфедераторлар мекендеді. Солтүстік тарап конфедераторлардың бұл ұстанымын қолдамай, нәтижесінде қақтығыс болады. Қақтығыста АҚШ-тың оңтүстік бөлігі жеңіліс тапты. Әлі күнге дейін АҚШ-та бұл ескерткіштер нәсілшілдікті білдіреді деген дау-дамай өрбуде. Генерал Лиге орнатылған ескерткіштің алып тасталуына да осы тарихи оқиға себеп болды.
Өткен тарихқа деген жаңа көзқарас қазір әлемнің әр түкпірінде бар. Даму бағыты да әрқалай. Әлбетте, мұндай жағдайда нақты шешім шығады деу қиын. Өйткені адам көп – пікір сан қилы.