Бурабайда Республикалық әкелер форумы өтті. «Әке – отбасының тірегі» атты республикалық әкелер форумының шымылдығы төртінші рет түріліп отыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, Ақмола облысының әкімдігі және «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі мұрындық болған бұл шараның маңызы басым.
Форумды ашып, жүргізіп отырған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ұлттық комиссияның мүшесі Бақытбек Смағұл: «Қазір отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлін көтеру, балалардың бойында патриоттық сезімді оятып, адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудағы әке рөлін нығайту мәселелеріне қоғам назарын аудару қажет», – деді.
Расында да, әкесіз бала тәрбиелеуден қорықпайтын қоғамда отырғанымыз рас. Тіпті мұның маңызды мәселеге айналғаны соншалық, «Жалғызбасты әкелердің жайы», «Алименттен қашқан әкелер», «Әкелер қауымдастығы құрылды», «Әкелер институты керек»... сияқты түрлі тақырыптың түндігі түріле бастады. Бұл шараның да дәсүрлі түрде өтуі – осы мәселенің түйінін тарқату.
Алқалы жиында да отбасы институтын және отбасылық тәрбиедегі әкенің рөлін нығайту, «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту аясында балалардың патриоттық сезімін қалыптастыруға, білімге ұмтылысты өсіруге қоғамның назарын аудару мәселелері талқыланды. Форумның жұмысына «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі мен ұлттық комиссия мүшелері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, үлгілі әкелер – барлық өңірден келген 150 делегат қатысты. Шараға қатысушыларға алдымен «Әке көрген оқ жонар» қолданбалы өнер көрмесі мен «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің жұмысы туралы бейнеролик ұсынылды.