Францияда әтір бағасына алаңдамайсыз. Өйткені ол жақта иіссу империясы бар. Кофе Эфиопия, шай Үндістан плантацияларында өскендіктен, аталған елдерде арзан. Қазақстанда сүт өнімдерін дайындайтын бірді-екілі зауыт бар. Біз болсақ, бағаның қымбат екеніне шағымданамыз. Бұл киім-кешекке де қатысты. Шешім – өндірісте.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында «Үкімет баға белгілеу және тарифтер мәселесімен жүйелі әрі нақты айналысуы керек. Бұл табиғи монополистердің тауарларына да, көрсететін қызметтеріне де қатысты. Елімізде азық-түлік пен киім-кешектен бастап түрлі қызметке дейін бағаның жоғары екені жасырын емес» деп дәйектеме келтірді. Биылғы азық-түлік бағасы мен киім-кешек жайын біз де шолып шықтық.
Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті 2019 жылы азық-түлік бағасының 2018 жылмен салыстырғанда, 9 пайызға өскенін мәлімдеді. Бұл – тамыз айындағы мәлімет. Нан өнімдері мен жарма, ет, балық және теңіз өнімдері қымбаттаған. Сүт өнімдері, жұмыртқа, май және тоңмай бағасы өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Көкөніс, қант, кондитерлік өнімдер мен алкогольді-алкогольсіз сусын бағасы өскен. Ал жаңа жиналған жеміс бағасы арзандаған.
Жарма өнімдерінің бағасы әртүрлі. 2019 жылы тамызда күріш бағасы – 374 теңге. 2018 жылы тамызда 306 теңге болған. Қарақұмық жармасы 2019 жылы тамызда 241 теңге болса, 2018 жылы тамыздағы бағасы – 255 теңге.
Құмшекердің бағасы өткен жылға қарағанда, 10 теңгеге қымбаттаған. 2018 жылы тамызда келісіне 223 теңге, биыл 233 теңге төледік.
Ет жегенді бәріміз жақсы көреміз. Биыл ет сатып алу тұрғындардың қалтасына салмақ салған секілді. Өйткені баға өткен жылдан 200 теңгеге өскен. Тіпті, тауық етіне де 149 теңге қосылған. 2019 жылы тамызда сиырдың жауырын мен төс етіне орташа баға 1 713 теңге болса, 2018 жылы тамызда –1 506 теңге. 2019 жылы қой еті келісіне 1 648 теңге, 2018 жылы 1 433 теңге төледік. Жылқы еті 2019 жылы тамызда 1 933 теңге болса, 2018 жылы – 1 695 теңге. Биыл шала ысталған шұжыққа 2 109 теңге төлесек, 2018 жылы 1 928 теңге бердік. Тауықтың сан еті биыл 812 теңге болса, өткен жылы 663 теңге тұрған.
Бағаға зерттеу жүргізу еліміздегі ірі қалалардың тамақ өнімдері базасындағы тіркеу бойынша жүргізілген. Жоғары баға көрсеткіші Нұр-Сұлтан мен Ақтау қаласында тіркелген. Төмен бағаны Шымкент, Петропавл, Тараз бен Талдықорғанда кезіктіресіз. Мұның бәрі азық-түлікке қатысты. Мысалы, тұздың орташа бағасы өткен жылмен салыстырғанда 2 теңгеге қымбаттаған. Нұр-Сұлтандықтар мен алматылықтар (59 тг) тұзды қымбатқа сатып алса, арзан баға – Ақтөбе мен Оралда (40 тг). Күнбағыс майының литрін қарағандылықтар төмен бағамен алған (380 тг), Ақтау тұрғындары 488 теңге төлеген. Жеміс-жидектерге келсек, алма арзандап, банан қымбаттаған. Алманың келісі 2018 жылы тамызда 430 теңге болса, 2019 жылы 378 теңгеге арзандаған. Биыл банан келісіне 547 теңге, өткен жылы 455 теңге бердік. Ақтаулықтар келісін 620 теңгеден сатып алған.
Киім-кешекке келсек, отандық өнімді қолдауды енді үйреніп жүрміз. Астана телеарнасының мәліметінше, 2018 жылы еліміз 34,5 мың тонна киім импорттаған. Импорт құны 512,3 млн долларға түскен. Соның ішінде саудагерлер Өзбекстаннан 18,4 млн долларға 10,1 тонна киім әкелген. Мұның бәрі біздегі өндірістік ақсап тұрғанын аңғартады. Өндіріс ақсаса, еңбек өнімділігі жайлы сөз қозғау артық. Сондықтан да Президент Жолдауында «Еңбек өнімділігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есеге арттыруымыз керек» деп нақты тапсырма берді.
Елбасының 2018 жылғы Жолдауын іске асыру аясында 2019-2021 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөнінде жол картасы әзірленді. 2019 жылы жалпы инвестиция сомасы 5 млрд теңге тұратын 4 жоба іске асып жатыр. 849 жұмыс орны ашылды. Кілем бұйымдарын шығаратын цех, жіп иіріп, жейде өндіретін желі нарыққа қосылды. Енді нәтижесін күту керек.
Қазақстанда киім өндірісі 2018 жылға қарағанда 18 пайызға өскен. Елімізде киім өндіру бөлінісі мынадай: Алматы облысында – 22,4%, Алматыда – 15,1%, Қарағанды облысында – 11,2%. Еліміздегі ірі киім өндіруші Glasman, «КазЛегПром», Temirtau Associates and Ancillaries аталған үш өңірге тиесілі. Киім өндірісі өскенімен, сырт киім өндірісі мәз емес. Әйелдер сырт киімі 25,6, ерлердікі 23,8 пайызға қысқарған.
Дегенмен ел тұрғындарының отандық өнімге аңсары ауып келеді. Сағат пен сөмкеден бастадық, келе-келе сырт киімімізде «Қазақстанда жасалған» деп тұрар. Отандық өнім көбеюі үшін бәсеке, бәсеке үшін жеңіл өнеркәсіп дамығаны жөн.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ