Жыл соңына дейін ірі қалалардағы жұмыс істейтін жастар 10-12 мың теңгелік жалдамалы пәтерге ие болмақ. Бірақ пәтер сатып алу құқығынсыз беріледі. Сарапшылар «бұл жастарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған тиімді шешім, дегенмен әлеуметтік әлсіз топтар ескерусіз қалуы мүмкін» деп болжаса, комитет өкілі жастар арзан пәтерде тұру арқылы тұрғын үйге қаражат жинауға мүмкіндік алатынын айтты.
Өтініш беруші сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынуы қажет: өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, білімі туралы құжаттың көшірмесі, неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса), балалардың туу туралы куәлігінің көшірмесі (бар болса), өтініш берушіге және отбасының барлық мүшесіне жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама, жұмыс орнынан анықтама, өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 АЕК мөлшерінде екенін растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама. Одан бөлек, еңбек өтілін растайтын құжаттар, банктік шоттың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзінді, өтініш берушінің түрлі қызмет саласындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болса) қажет.
Осы тізімге сәйкес құжаттар пакетін толық ұсынбаған жағдайда, бір жұмыс күні ішінде жоқ құжаттарды қосымша ұсынуға мүмкіндік берілмек.
Өтініш беруші талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды беруден жазбаша түрде бас тартады.
Балдарды есептеу балдық жүйе бойынша жүзеге асырылады:
1) «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті орган бекіткен нарықта 100 сұранысқа ие кәсіптер тізбесіне сәйкес кәсіпті меңгерген өтініш берушіге – 10 балл;
2) отбасы болған жағдайда – 5 балл, некеде тіркелген әрбір жылы үшін – 2 балл;
3) 1 бала болған жағдайда – 1 балл, әрбір кейінгі бала үшін – 2 балл;
4) жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде кемінде 1 жыл – 5 балл, әрбір жыл үшін – 1 балл;
5) өтініш берушінің түрлі қызмет салаларында жеке жетістіктері болған жағдайда – 2 балл;
6) бюджеттік ұйымдардағы еңбек қызметі үшін – 5 балл, өтілінің әрбір жылы үшін – 1 балл;
7) екінші деңгейлі банктердің жинақ шоттарындағы жинақтардың әрбір жылы үшін – 2 балл.
Балдар тең болған жағдайда өтініш берген күннен бұрын өтініш берген үміткерлер басымдыққа ие болады. Уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді беру туралы шешім қабылдағаннан кейін 15 күнтізбелік күн ішінде өтініш беруші мен уәкілетті орган арасында тұрғын үйді жалдау шарты жасалады. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй 5 жыл мерзімге беріледі. Әрине, шарттарды бұзған жағдайда азамат пәтерді босатады.
Баспасөз өкілдеріне арналған жиында Ақпарат және қоғамдық даму экс вице-министрі Жұлдыз Омарбекова пәтерді жалға алған мерзім ішінде жастар өз пәтеріне қаражат жинауы қажеттігін айтты.
– Осы пәтерде тұрған 3-5 жыл ішінде ай сайын жалға 10-12 мың теңге ғана төлейсіз. Азамат өз баспанасына қаражат жинауы үшін осындай сома бекітілді. Ең басты талап – Тұрғынүйқұрылысжинақ банкіне шот ашу немесе басқа да мемлекеттік бағдарламаларға қатысу. Осы арқылы біз болашақта сатып алатын тұрғын үйіңізге ақша жинап отырғаныңызды көруіміз керек. Себебі бұл бағдарлама жас отбасылар мен жұмыс істейтін жастарға баспаналы болудың бастапқы кезеңінде қолдау көрсетуге бағытталған. Осы мерзім ішінде жастар кем дегенде алғашқы жарна мөлшерін жинап, пәтерді басқа да мұқтаж жандарға босатуы қажет, – деді ол.
«Тәуелсіздік күніне орай тұрғындардың алғашқы легіне баспана кілтін беру жоспарда бар. Жыл соңына дейін барлық қала бойынша 3 мыңдай пәтерді табыстасақ деп отырмыз. Бірақ бұл мемлекетттік сатып алулар, құрылыс секілді процедураларға тәуелді» деген еді Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет. Жалдамалы пәтер сатып алу құқығынсыз берілетіндіктен, бағдарлама шарттарына қатысты комитет төрағасына бірнеше сауал жолдаған болатынбыз.
– Жастарды жалдамалы пәтермен қамтамасыз ету Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларындағы баспанаға деген мұқтаждықты азайтуға септігін тигізе ала ма?
– Қазіргі таңда статистика бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында 245 586 мың жас болса, оның 7669-ы үй кезегінде тұр, Алматы қаласында – 692,0 мың жас болса оның 22 597-і үй кезегінде тұр, Шымкентте 264 281 мың жас болса, оның 11 022-і үй кезегінде тұрады. Осы аталған статистикаға сәйкес, аталған қалалардағы жастарға 1050 пәтерден берсе, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша –13,16%, Алматы қаласы бойынша – 4,55%, Шымкент қаласы бойынша 9,9% -ға азайтуға септігін тигізеді.
– Баспанасыз адам үшін ірі қалада екі жыл тұрақты тіркеуде тұру қиындық туғызбай ма? Бұл қаншалықты әділетті? Әкімшілік кедергінің бір түрі емес пе?
– Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидасының 2-тарауы 4-тармағына сәйкес Қазақстан Үкіметінің 2018 жылғы 22 маусымдағы №372 қаулысымен бекітілген «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасында белгіленген талаптарға сәйкес жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беріледі.
Осы талаптардың бірі «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының 5,1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұрғылықты жері бойынша соңғы 2 (екі) жылдан кем емес тұрақты тіркелуін растау (осы қалаларда тұрғын үй алуға үміттенетін адамдар үшін).
Мұндай талаптарды барлық халықаралық тәжірибелерден кездестіруге болады. Сондай-ақ, мұндай талаптар қойылмаса ішкі миграцияға өз әсері тиері сөзсіз.
– Жалдамалы пәтерге өтініш берушінің жұмыс орны қалада болуы міндеттеледі ме?
– Жоқ міндеттелмейді, егерде жоғарыда баяндалған талаптарға сәйкес келсе. Ол аталған қалаларда 2 жылдық тіркелуі болса міндеттелмейді.
– Өз пәтері болмағандықтан, азаматтар тарапынан үй-жайды күтуде ұқыпсыздықтар кездесуі мүмкін. Жалдамалы пәтердің техникалық ахуалына кім жауапты болады?
–Үміткер пәтер алған жағдайда уәкілетті орган арасында келісімшарт жасалады. Осы келісімшартта жалдаушының міндетіне жүктелетін болады.
– Алматы қаласы мен Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерге өтініш берушілерге қосымша талаптар қойыла ма?
– Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидасы үш қалаға тең заңды күші бар. Сондықтан да Алматы мен Шымкент қалаларына деген арнайы немесе жекеленген талаптар жоқ.
Ал экономист Дәулетбек Тоқтасынұлының айтуынша, жастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру, тұрмысын жақсарту, жастарға деген қамқорлықты арттыру мемлекет үшін аса маңызды.
– Қазір жастардың көпшілігі үйсіз-күйсіз пәтер жалдап тұрады. Бұл бағдарлама – осы тұрғын үйге деген мұқтаждықты шешудің тиімді тетігі. Осы арқылы жастардың экономикалық белсенділігін арттыра түсуге мүмкіндік туар еді. Мұның артында үлкен экономикалық-саяси мән бар. Ендігі жерде осы жобаның ауқымын кеңейту керек. Мысалы, инвестициялық жобалардан түскен қаражат немесе жергілікті бюджет арқылы ұлттық компанияларға осындай тұрғын үйлерді салуды жүкету қажет. Сонымен бірге жастарға арналған жатақхана мәселесін де тезірек қолға алған жөн. Өйткені ЖОО-да жатақханамен қамтылған студенттер саны 50-60 пайызды да құрамайды. Барлығы пәтер жалдап тұрады. Мысалы, бір ғана Абылай хан даңғылының бойындағы пәтерін жалға берушілер мемлекетке салық төлеп, үкіметке кіріс келітіріп жатқан жоқ. Осы сұраныстың орынын толық қамту қажет. Сондықтан мемлекеттің бұл жобасын толық қолдаймын, – дейді экономист.
Zertteu Research Institute қоғамдық қорының жетекшісі Шолпан Айтенова бағдарлама жастарды баспанамен қамтуға бағытталғанымен, 29 жасқа дейінгі әлеуметтік әлсіз топ өкілдері ескерусіз қалған дегенді алға тартты.
– Менің ойымша, бұл – жақсы бастама. Бірақ өтініш берушілерге табысы 40 АЕК-тен жоғары болуы керек деген талап қойылған. Және арнаулы уәкілетті орган бекіткен ең көп сұранысқа ие 100 мамандық иелеріне басымдық беріледі. Міне, осы шарттарды толық орындау қиын. Нәтижесінде бұл тізімге шынында да мұқтаж жастар ілікпей қалуы мүмкін. Мысалы, 100 мың теңгеден жоғары табыс табатын және мамандығы бойынша сұранысқа ие жастарға мұндай баспана қажет те болмауы мүмкін. Ал даяршы немесе бала күтуші болып қызмет ететін жастардың табысы төмен болғандықтан, бұл бағдарламаға ілікпей қалуы мүмкін. Сол себепті бұл бағдарлама жастар арасындағы әлеуметтік әлсіз топтарды қамтамасыз ете алмайды. Меніңше, алдын ала жастар арасында қандай топтар баспанаға мұқтаж екендігін анықтап, толық талдау жасау қажет еді. Себебі жалақысы жоғары жастар екінші деңгейлі банктерден-ақ ипотека алуына болады. Жалпы бағдарламаны толықтай қолдаймын. Дегенмен жастардың, оның ішінде әлсіз топтардың баспанамен қамтылуын ескерген дұрыс болар еді, – деді Ш.Айтенова.
Кәмила ДҮЙСЕН