Апат болмай, мәселе шешілмей ме?

Апат болмай, мәселе шешілмей ме?

Қазіргі қоғамда қордаланған мәселелер көп. Соның бірі – теміржолдағы көлік немесе жаяу жүргендерге ар­нал­ған аспалы көпір. Негізсіз емес, әрине. Жақында ғана бол­ған Шамалған шойын жолындағы апат осыған тағы да бір дәлел бола алады. Жергілікті тұрғындар «Өлім өткелі» атап кеткен бұл жерде бұған дейін де осыған ұқсас оқи­ғалар қайталанған екен.

Осының салдарынан өт­кел­де қалып қойған автобус жүр­гізушісі дүние салды. Ауыр дене жа­рақатын алған 33 жастағы әйел екі баласымен Қарасай ау­дан­дық орталық аурухананың жан­сақтау бөліміне түскен. Нақ­тысын айтсақ, ұзын-сонар кеп­теліске тірелген қоғамдық көлік те­міржол бойында қалып қойған. Апат­ты көрген куәгерлердің ай­туын­ша, автобус жол ортасында қал­ғанда екі жақтан да жолды бө­гейтін құрылғылар жабылған. Ал­матыдан батыс бағытты бетке алып келе жатқан жолаушы пойы­­зының тежелуіне еш мүм­кін­дік болмаған.

Бұл жерде автокөліктер үшін аспалы көпір орнату мә­­селесі бірнеше жыл бойы ай­ты­лып келеді. Алайда ол қашан қол­ға алынатыны әлі белгісіз. Тұр­ғын­дар «мұндай оқиға бірінші рет болып отырған жоқ, көпірге бөлінген ақша қалтаға кетті» деп ашуланып, «Көпір! Көпір!» деп айқайлап қараңғылыққа қа­рамай көшеге шықты. Олар­дың айтуынша, 11 жылдан бе­рі көргендері осы «Жұмысқа ба­рар­да, жұмыстан қайтарда екі-үш сағаттап тұрамыз. «Көпір кар­­тада бар» деп айтады. Ұзақ жол­ға жүретін жүргізушілер кар­тадан көреді де, осында ке­леді, бірақ көпір жоқ». «2017 жы­лы пайдалануға беріледі де­ді. Сол көпір қайда?» деп нара­зы­лықтарын білдірді.

Ал Алматы облысы Қарасай ау­данының әкімі Жандарбек Да­лабаев болса, көпірге ақша бө­лінбегенін, тек схемасы ғана жа­салғанын, өзінің бұл қызметке бір жыл бұрын ғана келгенін ай­тып, ақталумен шектелген.

Қазір Шамалғандағы апат бойын­ша арнайы штаб құрылды. Бол­ған жағдайдың мән-жайы тек­серіліп жатыр.

Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрі Роман Скляр осы оқиғаға қа­тыс­­ты: «Пойыз оқиға орнына 2 434 метрге жақындаған кез­де автоматты түр­де өткел­ді сиг­нализация құ­рыл­ғы­­сы мен дауыс сигналы қо­­­­­­сыл­ған. Бағ­даршамда осы кез­­де қызыл түс жанды. Өт­кел­де көлік тұр­ған­дықтан, шлаг­ба­ум то­лығымен жа­былмай қал­­ған. Автобус өт­кел­ге шы­ғып кетіп, кептелістің сал­­да­ры­нан өткелдің үстінде тұ­рып қалған. Пойыз сағатына 97 ша­қырыммен келе жатқан кезде өткелге 500 метр қалғанда ма­­­ши­­нист шұғыл тежегішті бас­­қан. Алайда жолаушылар авто­­бусымен соқтығыстың ал­дын алу мүмкін болмаған», – дейді. Министр Шамалғанда өтпежолда көпір салу келесі жыл­ға жоспарланғанын, көпір дәл осы өткелде емес, жер үйлер азы­рақ орналасқан аумақта салы­натынын айтты.

Бұл мәселе тек Шамалған жұртшылығының ғана бас ауруы болмаса керек. Аспалы көпірді қажет ететін қалалар мен ауылдар жеткілікті. Соның бірі – Атасу кентіндегі жұртшылығы алаңдап отырған түйткіл. Бұл туралы әлеуметтік желіде Айсұлтан Жақыпов: «Әлем назары мың күбі пісілген Жаңаарқадан Ша­мал­ған стансасына ауған тәрізді. Әлгі ақындар бұл жайтты да бір жырлап өтсе деген тілегім бар. Бұл бір Шамалғанның мәселесі емес. Ел бойынша шешуін тап­па­ған дүние» деп жазды.

Журналист Арайлым Ерке­баева болса: «Жаңаарқа ауда­­нының орталығы Атасу кентінің жұртын мазасыздық меңдеп тұр. Себебі аудан ірге­сін­дегі теміржол жебір жолға айналып, адамдардың жанын жалмап жатыр. Тұрғындардың сөзінше, адамдар теміржол арқы­лы бергі беттен арғы бетке өтеді. Көбіне осы сәтте қайғылы оқиға орын алады. Осыдан 3 жыл бұрын 15 жастағы ер бала қарын­дасымен теміржолдан өтіп бара жатып, пойыздың ке­ліп қалғанын байқамай қала­ды. Сын сағатта ағасы қарын­дасын жолдың шетіне итеріп жіберіп, өзі пойыздың астына түседі. Осылайша айдың-күн­нің аманында екі аяғынан айы­­рылып, сал болып қалады. «Өрімдей баланың өмірі қор болды. Қазір ол арбаға таңылып, мүге­дектік үшін төленетін жәр­дем­ақы алып отыр. Бұдан не пайда, өмірі өксікпен өтіп жа­тыр ғой?! Біз жергілікті атқа­мі­нерлерге бес-алты пойыз құрамы тоқтап тұрғанда адамдар жолдың арғы бетіне вагондардың асты­мен өтетінін айтудай айтып, рельс­тің үстінен өтетін жол са­лып беруді сұрап келеміз. Сө­зі­мізді елеп жатқан ешкім жоқ», – дейді мүгедек баланың туысы Гүлмира Тахирова. Соңғы 10 жылда 10 адам пойыздың астына түскен. Олар­дың арасында мертік­кен­дер, бақилық болғандар бар. Алдыңғы жылы 70 жастағы қария теміржолдан пойыздың астымен өтпек болған кезде екі қолына зақым келтірген. Қарияның қолы­на ота жасалған, ол көп ұзамай қайтыс болған. Теміржол торабында рельс арқылы өтетін екі жаяу жүргінші жолы бар. Алайда бұл жолды пойыз құрамы үнемі жауып қалады. Теміржол сыртындағы 5 көшеден 250 бала аудан орталығындағы мектепке барып оқиды. Оқушылар жаяу жүр­гінші жүретін теміржол­да­ғы жолақ жабылып қалғанда, пойыздың астынан өтеді. Бүгінгі таңда халық теміржолдың үсті­нен өтетін көпір салып беру­ді сұрап жүр. «Мен бәрін түсі­не­­мін, көріп, біліп жүрмін. Жо­ба­да көпір бар. Оның құры­лы­­­сына «Қазақстан темір жо­­лы» жауапты», – дейді Атасу кен­­тінің әкімі Рахманберлі Түсі­пов. Жаңаарқа теміржол стан­са­сының бастығы Нұржан Боша­нов та шарасыздық танытып отыр. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшы­лы­ғы мен облыс әкімдігіне осы мәселеге қатысты ресми хат жолдадық. Әзірше жауап келген жоқ», – деді ол. Мәселенің мән-­жа­йын анықтау үшін «Қа­зақ­­стан темір жолы» ұлттық ком­паниясына хабарластық. Ком­панияның баспасөз қызметі: «Көпір салу жергілікті атқарушы биліктің құзырында» деп қысқа қайырды», – дейді. Кімге сенеміз, жергілікті билік өкілдеріне ме, әл­де ұлттық компанияның бас­па­сөз қызметіне ме?

Бұл мәселе елордалықтарды да әуреге салып отырғаны рас. Өйткені бұл қалада да оң жа­ға­лаудан теміржолдың ар­­ғы жа­ғында орналасқан, халық ара­сында «Лесозавод» атанып кеткен аймаққа жету үшін аспа­лы көпір салынады дегелі бір­шама жыл өтті. Кейде көлік жүр­гі­зушілері сағаттап кеп­те­лісте өтер пойызды күтіп тұра­ты­ны бар. Бірақ айтылған жоба қағаз жүзінде қалып қойған...

Әйтеуір, бір апатты жағдай болмай қимылдамайтын болдық. Әйтпесе бұл күрмеуі қиын түйт­кіл­дің түйінін тарқататын бір ғана амал барын, яғни көпірді қағаз бетінде қалдырмай, іс жү­зін­де салу керек екеніне көзі­міз жеткелі қашан?!


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ