52 отбасы солтүстікке көшуге ниетті

52 отбасы солтүстікке көшуге ниетті

Халқы тығыз орналасқан Түркістан облысында соңғы 4 жылда мыңға жуық отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударып, мемлекет тарапынан әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етілген. Бүгінде бұл жоба жалғасын табуда және мұнымен қазір Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы түпкілікті айналысуда. Осы орайда, партия филиалы Сайрам ауданын аралау барысында өзбек диаспорасын да «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруда белсенді болуға шақырды. Нәтижесінде, 52 отбасы солтүстікке көшуге ниет білдірді. Өзбек этнос өкілдерінің арасында мұндай стратегиялық маңызды кездесу алғаш өтіп отыр.

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы «Еңбек» бағ­дар­ламасын насихаттау мақса­тында өңіріміздегі халқы тығыз аудан тұрғындарымен кездесулер ұйымдастыруда.

Елбасының бастамасымен 2015 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Еңбек нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кә­сіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдар­ламасы» аясында Түркістан облы­сында соңғы 4 жылда 881 отбасы немесе 3377 адам қоныс аударып, мемлекет тарапынан әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етілген.

Түркістан облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев бастаған ақпараттық-насихаттық топ халық саны жоғары, ты­ғыз орналасқан Сайрам ауда­ны, Қарабұлақ елдімекені тұрғын­дарымен кездесті.

Кездесуге Түркістан об­лыс­­тық Қазақстан халқы ассам­­блеясы хатшылығының мең­геру­шісі Ғ.Рысбеков, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары М.Оразалиев, аудандық фи­лиалы төрағасының бірінші орын­басары А.Әбдіқадыров және облыс­тық мәслихат депутаттары Ж.Ағабеков, Б.Нышанқұлов қа­тысты. Сондай-ақ Білім сала­сы­ның құрметті қызметкері, қоғам белсендісі Ө.Шыныбекұлы, Пав­лодар облысы Ертіс ауда­ны әкімінің орынбасары Ж.Сағынаев, Солтүстік Қазақстан облысы М.Жұмабаев ауданының жұмыспен қамту бөлімінің бас ма­маны Н.Танбетова және об­лыстық жұмыспен қамтуды үй­лес­тіру және әлеуметтік бағдар­ла­малар басқармасының өкілдері де іс-шараға арнайы келді.

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Дәулетұлы кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына тоқталып, өзбек диаспорасын «Еңбек» бағ­дар­ламасын жүзеге асыруда белсенді болуға шақырды.

– Қарабұлақ – еліміздегі ең тұрғыны көп ауыл. Бұл ауылда 60 мыңнан астам xалық бар. Алайда биыл ауданнан солтүстікке бір отбасы ғана шыққан. Жобада солтүстікке барушылар үшін ар­найы мал бағу мен егін салуға жер беріледі. Өңірде 400 мыңнан астам шаруақор өзбек ағайындар тұрады. Олар осы бағдарламаны орындауға белсене қатысса, ха­лық жұмыспен қамтылып, бас­паналы болып, солтүстік жай­нап, еліміздегі көптеген мәсе­лелер шешімін табатын еді, – деп жұрт­шылықты мүмкіндікті барынша пайдалануға шақырды.

Жиында сондай-ақ Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассам­блеясы хатшылығының мең­герушісі Ғ.Рысбеков «Оңтүс­тік­тен Солтүстікке көшіру» бағдар­ла­масының маңызы туралы баян­дама жасады. Солтүстікке қоныс аударған жерлестеріміздің тыныс-тіршілігімен жақында ғана танысып қайтқан насихаттық топ мүшелері ауыл тұрғындарына мемлекет тарапынан беріліп жат­қан қолдаулар мен мүмкіндіктер туралы кеңінен түсіндіріп, олар­дың сұрақтарына жауап берді.

Айта кетейік, өзбек этнос өкілдерінің арасында мұндай стратегиялық маңызды кездесу алғаш өтіп отыр. Нәтижесінде, 52 отбасы көшуге ниет білдірді. Филиал төрағасының бірінші орынбасары жауапты басшыларға 210 мыңнан астам тұрғыны бар ауданның әрбір ауылында бағ­дар­ламаны тиімді түрде насихаттауды тапсырды.


Түркістан облысы