«Көк трактор» көп сұрап тұр

«Көк трактор» көп сұрап тұр

Елімізде агроөнеркәсіп саласында пайдаланып жүрген техника атаулының 60 пайызы – ескі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, республикамызда тіркеуде тұрған трактордың саны 152 600-дің үстінде және 41 мың комбайн бар. Алайда санда бар техниканың сапасы төмен. Мамандар нормативтік-техникалық құжат бойынша бір трактордың эксплуатациялық мерзімі 10-12 жыл, одан асқан соң ескі деп саналатынын айтады. Ал біздегі 152 мың трак­тордың 84%-ның, ал комбайнның 54%-ның жүрілгеніне 15 жылдан аса уақыт өтіпті.

Қазір ауылға бара қалсаңыз, көп үй­дің ауласынан, бақшасынан қаңта­ры­лып, қалқиып тұрған тракторды байқай­сыз. Көбі «трактор» деп ауыз толтырып айтуға да келмейді, тот басқан, тоналған темір қаңқа ғана. Жөндеп, жүргізген – шығын. Сатуға қойсаң құны жоқ. Әйтеуір, кешегі кеңестік дәуірдің ескірген есте­лігіндей болып орын алып тұрған құнсыз мүлік. Ресми деректерге қарағанда, ауылдық жерлерде жүруге жарамайтын, тек қағазда тіркеудегісінің саны 19 мың­нан асады. Қысқасы, үйіліп қалған көп темірді утилизацияға жіберетін уақыт жеткен. Утилизация демекші, 90-жыл­дары Қытайға темір өткізу бизнесі белең алғаны есте. Бұл процестің ол уақытта өте жабайы түрде әрі көпе-көрнеу ұр­лықпен қоса жүргізілгені сонша, жазды күні есік алдынан алюминий қол жуғышты «үптеп кету» көбейген соң ауыл тұрғындары жатарда қолжуғышты үйге алып кіретін жағдайға жеткен болатын. Дегенмен, Қытайға темір сату ісінің жақсы жағы да болды. Қазақ даласы кеңестік индустриядан шашылып қалған, шапқан аттың аяғын қағатын темір-терсектен бір құтылып қалды. Әйткен­мен, ондай әдіс енді тиімсіз. Батыс Еуро­па мемлекеттері утилизацияны заманауи әдіспен жүргізу арқылы автомобиль өн­дірісін 95%-ға өңдеуге болатынын дәлелдеуде. Қазір еліміздің Үкіметі де бұл механизмді қарастырып жатыр. Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп дайындап жатқан жоба бойынша алдағы уақытта тозған техниканы кәдеге жарату түбегейлі қолға алынбақ. Яғни, ауылдағы ағайын ескі техникасын өткізіп, жаңасын сатып алуға сертификат ала алады.

Десе де, бір кілтипан – утилизацияның пайыздық мөлшерлемесінің төмен­ді­гінде. Мәселен, алыстан мысал келтір­мей-ақ, көрші Ресейде ол 12%-дан жо­ғары, ал біздегі ұсынылып отырған мөл­шер – 8-10%. Демек, ауыл шаруашы­лығы техникасын жаңарту үшін жалғыз бұл әдіс нәтиже бере қоймасы анық.

Елімізде агроөндіріс саласына жаңа техниканы лизинг арқылы жеңілдікпен беру әдісі де бар. Яғни, жылдық мөлшер­лемесі 7%-бен алуға мүмкіндік беретін «ҚДБ-Лизинг» бағдарламасы жұмыс іс­теп жатыр. Осы бағдарламаның арқа­сын­да тек өткен жылы 200 дана жаңа жабдық сатып алыныпты.

Бүгінде Семей қаласындағы «СемАЗ» зауыты әйгілі Минск трактор зауытының (МТЗ) бірнеше маркасын құрастырып, шығаруды қолға алған. Кәсіпорыннан жабдықталып шығатын «Беларус 80.1», «Беларус 82.1», «Беларус 1221.1» мар­ка­ла­рын лизинг арқылы 7% субсидия қар­жысымен алуға болады. Бірақ субсидия талаптарына жауап беруге ауылдағы аға­йынның түгелдей мүмкіндігі келе бер­месі анық. Ірі шаруашылықтар бол­маса, кішігірім қожалықтарға 7 пайыздың өзі үлкен салмақ. Оған қоса, қысқы мал азы­ғын дайындау үшін жалғыз трактор емес, ең бірінші шөп шабатын тіркеме (ко­сил­ка) қажет. Оны сатып алу да ақша. Мә­се­лен, үш шалғылы КТП-6.0 тіркемесінің satu.kz сайтындағы бағасы 1 350 000 теңге деп тұрса, екі шалғылы КДФ-4,0 косил­каның бағасы 800 000 теңгеден басталады. Ал шабылған шөпті тырмалап жинайтын тіркеменің (грабл) бағасы 150-200 мың теңгеден басталады. Баяғы совхоз кезінен қалған тырма­лар­дың тозығы жеткен, шөп жинаған сайын «темір тісі» сынып кете бергендіктен жинаған шөбі де мар­дымсыз. Сол себепті шаруашылықтар қазір шөпті престеп жинау әдісіне көш­кен. Алайда оған екінің бірінің қолы жете бермейді, прес­тейтін тіркеменің (пресс-подборщик) құны 1 000 000 теңгенің айналасында. Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылығы өкілдерінің мойнындағы шығын шаш-етектен.

2018 жылы «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев республика бо­йынша техника атаулының материалдық тозуы салдарынан Қазақстанда 95 млрд теңге жөндеу жұмыстары мен жанар-жағармайды артық жұмсауға, яғни шығынға әкеліп отырғанын мәлімдеген.

Мамандардың айтуынша, салаға жыл сайын бөлініп жатқан субсидиялар мәсе­лені толық шешуге жетпейді. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда жұмыс сапарымен Солтүстік облыстарға барғанда ауылдағы тұрмыс сапасын жақ­сарту жөнінде жүйелі шаралар қабыл­да­натынын, агроөндіріске жас ғалым­дарды тарту керектігін айтты. Сондықтан, Үкі­мет алдағы уақытта аграрлық саясатты жан-жақты жүйелеп қарастыратыны сөзсіз.