Әскери қызметкерлер әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілгендей көрінеді. Әскери қызметкерлерге арналған арнаулы бағдарлама да бар дейміз. Тіпті, пікірлескенде кейбір қызметкерлер жалақыны уақытылы беріп тұрғанына да шүкір дегендей сыңай танытады. Бірақ БАҚ беттерінде тек зейнетке шыққан әскерилердің мәселелері жиі жарияланады. Ал қызметтегі әскерилердің әлеуметтік ахуалы көпшілік назарынан тыс қалып жүр. Бұл салада қордаланып қалған мәселенің көптігін Мемлекет басшысының өзі де айтқан болатын.
Президент Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында «Алдымызда жаңа тұжырымдама негізінде жауынгерлік дайындығы жоғары армия құру міндеті тұр. Арыс қаласындағы оқиғалар Қарулы Күштерде елеулі мәселелердің жинақталғанын көрсетті. Қорытындылай келе, әскери шығыстарды жеңілдетіп, армиядағы қаржылық және жалпы тәртіпті күшейту қажеттігін айтқым келеді. Сонымен қатар әскери қызметтің беделін және қарулы күштердің материалдық-техникалық базасын арттыру қажет. Біздің армия кәсіби дайындалған, адал офицерлер мен әскери қызметкерлердің басшылығымен жаңа геосаяси жағдайда ел қауіпсіздігіне төнетін қатерлерге төтеп беруге дайын болуы керек» деген болатын. Мемлекет басшысы айтқан «жауынгерлік дайындығы жоғары армияны» әлеуметтік проблемалары шешілген әскери қызметкерлер құратыны түсінікті. Әрине, бірінші орында – баспана мәселесі. Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, 2018 жылы 37 мыңнан астам адам жалпы сомасы 36,7 млрд теңгеге жуық тұрғын үй төлемдерін алған. Ал жабық әскери қалашықтарда және жатақханаларда тұрып жатқан 6 431 әскери қызметшіге 3,3 млрд теңгеге жуық тұрғын үй төлемдері берілген.
Естеріңізге сала кетейік, тұрғын үй төлемдері барлық санаттағы әскери қызметшілерге бірдей төленеді. Оның ішінде, тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдерінің 100 пайызы, қызметтік тұрғын үйлермен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдерінің 50 пайызы аударылады. Қазіргі таңда әскерилерге арналған «Әскери баспана» бағдарламасы жұмыс істейді. Дәл осы бағдарламамен Алматы облысындағы әскери бөлімшелердің бірінде қызмет істейтін Н.Құрманбеков те баспана алған. Бірақ қызметкердің айтуынша, алғашқы жарнаның өзін несиеге алуға тура келген. «Әскери қызметкерлерге арналған арнаулы бағдарлама арқылы баспаналы болдық. Әрине, басқа мемлекеттік бағдарламамен салыстырғанда қолжетімді деп айта аламын» дейді ол.
Дегенмен әскери азаматтар әлі де әлеуметтік проблемаларын ашып айтуда батылдық таныта бермейді. Өйткені қызметтен қудаланып кетермін деген қорқыныш басым. Бүгінгі кейіпкеріміздің бірі сол себепті сұхбатта аты-жөнін ашып айтудан бас тартып отыр. Мыңдаған әскери қызметкерлер секілді оның да басты дерті – баспана мәселесі.
– Біздің әскери бөлім Алматы қаласына тиіп тұр. Жанымызда тұрған әскери бөлім тұрғын үй төлемдерін қала көрсеткіштері бойынша алады. Адам басына 42 мың теңге шамасында. Ал біздің әскери бөлім қызметкерлері адам басына 22 мың теңге алады. Жеке құрамда қызмет етіп жүрген азаматтардың барлығы Алматы қаласында тұрады. Көпшілігі Көкжиек шағынауданынан қатынап жұмыс істейді. Өйткені бөлім маңында жалдап тұруға болатын тұрғын үй жоқ. Қалашықтағы пәтерлер барлық қызметкерге жетпейді. Бірақ біздің бөлім қала шекарасына 3-5 шақырым жерде орналасса да, 200 шақырым жердегі Талдықорған, Сарыөзек қаласымен тең мөлшерде тұрғын үй төлемдерін алады. Осы уақытқа дейін әскери бөлім қалаға енеді деп уәде еткеніне көп болды. Бірақ ол қашан болары белгісіз? Сол жағы дұрыс қарастырылмаған. Бұл мәселені талай рет көтердік, бірақ сол қалпы шешілген жоқ. Тіпті, министрліктің де хабары бар, – дейді атын атамауды құп көрген қызметкер.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Әскери өнім» бағдарламасы банктің жеке бастамасы екен. «Бұл бағдарлама әскери қызметкерлердің тиімді шарттар бойынша өз баспанасына қол жеткізуіне көмек көрсету мақсатында дайындалып, іске қосылды. Арнайы осы үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өткен жылы 98 млрд теңге қаражат бөлді. Олардың 48 млрд теңгесі банктің өз қаражаты болса, ал 50 млрд теңгесі – қарызға алынған ақша» делінген банктің хабарламасында.
Аталған бағдарлама өткен жылдан бастап жұмыс істейді. 2018 жылдан бері осы жоба аясында 2 711 отбасы, ал 2019 жылы 3 809 отбасы өз баспанасына қол жеткізді. Жалпы, екі жыл ішінде банк қолжетімді баспанамен 6520 отбасын қамтамасыз еткен.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұған дейін «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес баспанаға мұқтаж әскери қызметкерлер мемлекет тарапынан бөлінетін төлемдерді тек пәтер жалдауға ғана жұмсап келген.
Алайда бұл баспана мәселесін шешуге еш мүмкіндік берген жоқ. Ал 2018 жылдан бастап аталған жағдай өзгеріп, заңдарға енгізілген бірқатар өзгертулер нәтижесінде әскери қызметкерлер тұрғын үй төлемдерін тек пәтер жалдауға ғана емес, сондай-ақ оларды Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарында жинап, жеңілдетілген несиені өтеуге, басқа екінші деңгейлі банктердегі ипотекалық займдарды қайта қаржыландыруға және де үлестік тұрғын үй құрылысына қатысуға пайдалана алады. Яғни, несиені өтеуге жұмсалатын қаражат әскери қызметкердің ай сайынғы жалақысынан емес, мемлекет тарапынан бөлінетін тұрғын үй төлемдері есебінен алынатын болады.
Тұрғын үй төлемдері бюджет есебіне алынбайды, шот иесінің басқа міндеттемелері бойынша тыйым салынбайды және басқа екінші деңгейлі банк қандай да бір берілген несиелер бойынша уақытылы төленбеген берешектер үшін төлем талабын қоя алмайды.
Айта кетейік, «Әскери өнім» бағдарламасына, әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы және Семей қалалары мен Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды облыстарының тұрғындары белсенді түрде қатысты.
Кәмила ДҮЙСЕН