Alibaba Group компаниясының негізін қалаған әйгілі бизнесмен Джек Ма Президент телерадиокешеніне сұхбат берді.
Қытайлық бизнесменмен сұхбат ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған мемлекет сапарында жазылған. Джек Ма Қазақстан президентімен кездесу туралы айтты. Сұхбат «Барыс және айдаһар стратегиясы: өзара сыйластық және мәңгілік әріптестік» деректі фильміне кірді.
Кездесудің ерекше өткенін айтқан бизнесмен «Қасым-Жомарт Тоқаев мықты лидер және өте шабыттандырады. Оның өз еліне деген іңкәрлігі маған рух берді... Бұл керемет кездесу болды», - деді Джек Ма.
Миллиардер Қазақстанда 3-4 рет болған екен.
Қазақстанның да өзіне шабыт сыйлағанын айтқан ол «қазақ халқы өте еңбекқор», - дейді. «Қазақстанға барған сайын түрлі қызықты жерлерде боламын. Мен Қазақстанды, оның мәдениетін жақсы көремін және жаңа адамдармен достасқан ұнайды. Сіздерде Геннадий Головкин сынды батыр азаматтар бар. Халқыңыз өте қонақжай», - деді ол.
Атап өтерлігі, Джек Ма 55 жасында өзі негізін қалаған AliBaba Group компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы лауазымынан кетті. Қазақстан президентімен Қытайда кездескеннен кейін танымал бизнесмен Ханчжоу қаласында үлкен мерекелік кеш ұйымдастырды.