Ресейдің Екатеринбург қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына үшінші қола медаль салынды.
91 келі салмақта ел намысын қорғаған Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері қазақстандық Василий Левит қола медаль иегері атанды. Ол жартылай финалда эквадорлық Хулио Кастильоны ауыр соққылардың астына алып, бұрышқа тақаған-ды. Алайда, жекпе-жек аяқталғанда төрешілер жеңісті 2:3 есебімен қарсыласының қолын көтерді. Осылайша үшінші қазақстандық боксшы әлем чемпионатын қола медальмен аяқтады.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін 52 келі салмақта Сәкен Бибосынов пен 75 келі салмақта Тұрсынбай Құлахмет қола медаль жеңіп алды.
Жалпы, бокстан әлем чемпионатының жартылай финалына 6 боксшымыз шыққан. Енді кешкі сессияда Абылайхан Жүсіпов (69) Ресей құрамасының капитаны Андрей Замковпен жекпе-жекке шықса, Бекзат Нұрдәулетов (81) төрт дүркін әлем чемпионы кубалық Хулио Сезар Ла Крузбен жұдырықтасады.
Сондай-ақ, Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден аса) аустралиялық Юстис Хунимен финалдық айқасқа түседі.