Ұлттық экономика министрлігінің Facebook желісіндегі парақшасында вице-министр Ермек Алпысов «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысты сұрақтарға жауап беріп жатыр. 2 қыркүйекте басталған конференцияға қатысушылар күн сайын көбейе түскен. Бұл бағдарлама неге аяқ астынан танымал болып, талқылана қалды? Өйткені бағдарлама Президент назарына ілікті. Ал біз басшылық назарына ілікпеген мәселеге назар аудара бермейміз.
«Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырамын», – деген еді Қ.Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында.
Вице-министрге қойылған сауалдардың дені мен деңгейін министрлік парақшасынан көруге болады. Сауалдардың басым бөлігі бағдарламада тайға таңба басқандай жазылған, бұқаралық ақпарат құралдарында талай рет жарияланған белгілі мәселелер. Мысалы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша, «барғым келген ауылды таңдай аламын ба?» деген сауал жиі қойылған. Әрине, таңдай алады. Ол үшін бағдарлама бойынша маман қабылдайтын комиссияға құжатын өткізіп, таңдаған ауылын көрсетуі тиіс. Комиссия көрсетілген ауылға сұранып отырған маманға сұраныс барын анықтаса, құжаттары талапқа сай келсе, оң шешім шығарылады.
Сосын бұл бағдарламаға денсаулық сақтау және білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешенінде жұмыс істейтін дипломды мамандар ғана қатысады. Бағдарламамен ауылға барып жатса, тұрғын үй алу үшін бюджеттік несие алады, сомасы 1 500 айлық есептік көрсеткіш. Жалпы, бағдарлама іске қосылған 2009 жылдан бастап 54 мың жас маман еңбек жолын ауылда бастаған.
Әу баста «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша әлеуметтік қолдау алған жас маманның міндетті жұмыс істеу мерзімі 5 жыл болатын. Кейін ол мерзім 3 жылға қысқарды. Оның өзіне де біраз уақыт болды. Бұл өзгерістен де қоғам бейхабар болып шықты. Енді ше, ақпарат құралына назар аудармайды. Әйтпесе, қойылған сұрақтың жауабы әлдеқашан айтылған, жазылған. Сосын сұрақ қоюшылардың барлығы дерлік жоғары оқу орындарының студенттері – «бес минутсыз» кадрлар, көзі ашық топ. Міне, солар өзіне дейін қойылған сұрақтар мен жауаптарды шолып шығуды жөн көрмеген. Бір сұрақты жүз қойған соң, қарның ашады. Министрліктің әлеужелі қолданушыларымен байланыс орнатудағы талпынысы құптарлық-ақ. Алайда бұл министрлік ауылға баратындардың басым бөлігі қазақтілді контингент екенін ұмытып кеткені қалай? Әрі-беріден соң мемлекеттік мекеме қоғаммен байланысты мемлекеттік тілде жүргізуге міндетті емес пе еді?..
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ