Тіл мерейі – ел мерейі. Қазақ тілінің қамын ойлап жүргендер алғыссыз қалмайды. Оларға Ақорда төрінде Мемлекет басшысының атынан құрмет көрсетілді.
«Тіл туралы» заң қабылданғанына – 30 жыл. 1989 жылы 22 қыркүйекте алғаш рет «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының тіл туралы» заңы шықты. Заң тілдің айбыны мен айбарын бағдарлайтын құралға айналды. Ел болып, етек-жең жинауға көмектесті. 1995 жылы қазақ тілінің мәртебесі бекіді. Оған 1995 жылғы Конституция себеп болды. Содан бері ана тілімізде ісқағаз толтырылып, ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналды.
Президенттің баспасөз қызметі «Ана тіліміздің абыройын арттырып, айбарын асырған, мәртебесін бекітіп, мерейін өсірген атаулы датаға байланысты республика шеңберіндегі тіл жанашырларына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысхаты берілді» деген хабар таратты.
Ақордада тіл жанашырларына деген Президенттің ілтипатын Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев жеткізді. Олардың қатарында Мырзатай Жолдасбек, Өмірзақ Айтбаев, Мұхтар Шаханов, Амангелді Айталы, Смағұл Елубай, Асылы Осман, Сәуле Мешітбай, Сайлау Батырша-ұлы, Кенжехан Матыжанов, Мереке Құлкенов, Шәмшидин Пәттеев, Дос Көшім, Қайнар Олжай, Камал Әлпейісова, Еркін Қыдыр, Владислав Тен, Максим Рожин сияқты мемлекеттің тілдің тағдырына алаңдап, кең таралуына үлес қосып жүрген зиялылар марапатталды. Сондай-ақ «Ана тілі», «Жас қазақ» газеті мен Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының «Тіл сақшысы» бағдарламасы ұжымына да алғысхат табысталды.