Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыс аяқталуына 2 күн қалды. Кейбір салмақ дәрежесінде топтан озып шыққандар белгілі. Бәсекеде алтын алады дегендер тұғырдан тайып, бабы келмейді-ау дегендер таңғалдырып жатты.
Елорда төрінде күрес түрлерінен өтіп жатқан Әлем чемпионатында спортшылар Токиоға барар жолдаманы сарапқа салды. Бірі жеңіп, бірі жеңіліп, ендігісі медаль алғанын көрген бас айналдырады. Жарыс жолындағы қазақ балуандарының тағдыры қызық. Кей тұста тәттіге ұмтыла бергенде, қолды қаққандай күй кештік...
Грек-рим күресінен 55 келіге дейінгі салмақта Қорлан Жақанша күміс медаль алды. Балуаннан мұндай дәреже күтпеген едік. Ірі турнирде алғаш рет бақ сынаған отандасымыз үмітті ақтады. Алтын үшін айқаста Нугзари Цурцумияға жол берді. Жартылай финалда 2018 жылғы әлем чемпионы Эльданиз Азизлиді ұтты. Бұл Қорланның жігері мен шамасын көрсеткен тәрізді. Бұған дейін алжирлік Абделькарим Фергат пен америкалық Макса Новриден айласын асырды. Күрестен кейінгі сұхбатында салқынқандылық жетіспегенін айтты.
63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Алмат Кебіспаевтың Әлем чемпионатының қоласына қолы жетті. Қолаға жетер жолда Үндістан, Қытай, Түркия балуандарын жарыс жолынан ығыстырды. Команда капитанына мол сенім артылды. «Алмат алтын алуы тиіс» дедік. Сөзіміз балуанға салмақ болған сияқты. Жартылай финалдық кездесуде жапон балуанынан жеңілді. Қола үшін айқаста қырғызстандық балуанды мерзімінен бұрын жеңді.
Тағы бір жүлдеден үмітті-ау деген балуанымыз Мейіржан Шермағанбет білгенінен жаңылды. Алғашқы айналымда АҚШ балуанынан ұтылып қалды. Одан бөлек, 67, 87 және 97 келіде бақ сынаған балуандар өзара мықтыны анықтады. Бұл салмақта шығатын қазақ балуаны болмады. Үшінші жарыс күні Мейрамбек Айнағұлов пен Асхат Ділмұхаметов Олимпиада жолдамасын ұтып алды. 60 келіде өнер көрсеткен Мейрамбек те, 77 келідегі Асхат та қола медаль алды. Ділмұхаметов 1/8 Ресейдің 2 дүркін әлем чемпионын жеңіп, таңданыс тудырды. Ширек финалда серб балуанынан басым түсті.
Әйелдер арасында күрестен 50 келіге дейінгі салмақта Валентина Исламова қолаға иелік етті. Сондай-ақ 55 келіде Марина Седнева, 72 келіде Жәмила Бақбергенова қолаға қол созып көрді. Бақ шаппады ма, бабы келмеді ме белгісіз, бір қоланы қанағат тұттық.
Еркін күрестен еркін көсіле алмай келеміз. Әлем чемпионатынан алтын алмағанымызға 20 жыл болыпты. Дәулет Ниязбеков финалға өткенде демді ішке тартып, алтын тіледік. Болмады. Күмісті місе тұтамыз. Жартылай финалда Дәулет үндістандық Баджранг Пуниямен кездесіп, 3:2 есебімен жеңді. 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде.
70 келі салмақта өнер көрсеткен балуанымыз Н.Қайпанов жартылай финалда қайрат көрсетті. Ирандық балуан Йонес Эмамичогайды 7:6 есебімен ұтты. Бұған дейінгі айналымдарда австралиялық Джошуа Райлиді, ұлыбританиялық балуанды, британиялық Николае Коджокарудан басым түсті.
Одан бөлек, 57 келі салмақта Нұрислам Санаев қола медаль алды. Ол жартылай финалда сербиялық Стеван Мичичті 4:3 есебімен ұтты. 74 келідегі Данияр Қайсанов жұбаныш белдесуіне жеңілді. Сонымен бірге, 70, 74, 92 және 125 келідегі балуандар арасында жеңімпаз анықталды. Олардың арасында Қазақстан намысын 70 келіде – Нұрғожа Қайпанов, 74 келіде – Данияр Қайсанов, 92 келі салмақта – Нұрғали Нұрғайыпұлы және 25 келіде Олег Болтин қорғады. Олег Болтин жарыс жолын тың бастағанымен, ширек финалдан ары аса алмады. 92 келіде ел намысын қорғаған Нұрғали Нұрғайыпұлы белдесулері сәтті басталғанымен, соңы сұйылып кетті. Өкінішке қарай, ширек финалда америкалық балуанға есе жіберді.
«Жалт етеді бір үміт тайып беріп». Үміт – Нұрқожада. Қайпанов 21 жастағы Давид Баевты жеңсе, алтын қолда. Соңғы рет 1999 жылы Афинада өткен ӘЧ-де грек-рим күресінен Мхитар Манукян алтын алды. Оның өзі Армениядан келген легионер еді. 20 жылдан кейін 20 жастағы балуан алтын алса, жарасымды емес пе?
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ