Маңғыстауда «Әр қазақ – менің жалғызым» ұранымен бастау алған қайырымдылық акциясы жалғасты. Іс-шара Nur Otan партиясы Мұнайлы аудандық филиалының бастамасымен, Мұнайлы ауданы әкімдігі және «Үммет жастары» қоғамдық қорының қолдауымен өтіп жатыр.
Аталған қайырымдылық акциясы аясында Батыр ауылында екі отбасын қолдау мақсатында үй құрылысы басталды. Шараның негізіне келетін болсақ, нұротандықтар, аудан тұрғындары және кәсіпкерлер бірлесе қайырымдылық жасау арқылы, тұрмыстық жағдайы қиын отбасыларға баспана сыйлауды көздейді.
– «Әр қазақ – менің жалғызым» сөзі тұтастай ұлттың бірлігін ту еткен ұран десек, артық айтқандық болмас. Елдің тұтастығы мен бірлігі осы бір ауыз сөзге сыйып тұрғандай. Қайырымдылық акциясына тұрғындар белсене атсалысып жатыр. Жауапты азаматтық қоғамның мүшесі ретінде, әр азамат отандасына көмек қолын созуда, – дейді халық қалаулысы Ахмет Салманов.
Акцияның алғашқы күнінде, яғни үйдің іргетасын қалау жұмыстарына Nur Otan партиясы Мұнайлы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Рахат Елтизаров, Маңғыстау облыстық мәслихат депутаттары Ахмет Салманов, Табылды Әмір, Дина Күлмеханова және аудан тұрғындары белсенді түрде қатысты. Құрылыс басында құрбандық шалынып, ақсақалдар ақ батасын берді. Акцияға үлесімді қосам деген азаматтар қатары көп.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Әр қазақ – менің жалғызым» қайырымдылық акциясы бойынша Nur Otan партиясы Маңғыстау аудандық филиалының бастамасымен Шетпе ауылында тұратын төрт отбасына асарлатып үй (муниципалды) салынып, тұрғындарға пәтер кілті табыс етілді.