Әрине, қызықты дүниені жарнамамен бөле бергенді ешкім ұнатпайды. Тіпті сандық бұғаттау технологиясының өзі бұған көз жеткізген. Бірақ ВВС сияқты БАҚ контенттің ішін жарнамамен толтырып, аудиторияны көруге міндеттемейді. Бұл туралы ВВС Global News-тің жарнама сату жөніндегі вице-президенті Джон Уильямс Aiqyn-ға берген арнайы сұхбатында айтты. Естеріңізге сала кетейік, BBC өкілі елордада Азия-Тынық мұхиты аймағының РАТА халықаралық туристік көрмесіне арнайы келіп, жиын өткізді.
– Бүгіндері интернет өмірімізге етене кіріп, ойымызды жаулап алды. Қазір еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін теледидардан гөрі интернетті қолданады. Осыған қарап келешекте газет пен телевидение медианарықтан біржола ығыстырылады дейтіндер бар. Бұған не дейсіз?
– Рас, осы күні теледидар мен басылымнан гөрі интернетке сұраныс жоғары. Бұл тенденция жақын арада өзгермейді. Өйткені бүгінгі аудитория бүкіл ақпаратты мобильді құрылғы арқылы алады. Мейлі ол бағдарлама көрсе де, газет оқыса да ұялы телефон не компьютер арқылы оқиды. Осыған қарап-ақ медианы тұтыну нарығында газет пен теледидардың үлесі күн сайын азайып жатқанын байқайсың. Соған қарамастан, газет пен теледидар өз аудиториясын жоғалтқан жоқ. Ол аудитория төмендесе де, түбегейлі жойылады деп ойламаймын. Дегенмен сұраныс пен технологиялық өзгерістерге сай, сұраныс азая беретіні айдан анық.
– Бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі табыс көзі – жарнама. Мұны бәрі біледі. Қай жерге қарасаң да, айналаң жарнамаға толы. Қазір адамдар содан зәрезап болды. Осы жерде таразы басын тең ұстау үшін не керек?
– Әрине, қызықты дүниені жарнамамен бөле бергенді ешкім ұнатпайды. Тіпті сандық бұғаттау технологиясының өзі бұған көз жеткізген. Бірақ ВВС сияқты БАҚ контенттің ішін жарнамамен толтырып, аудиторияны көруге міндеттемейді. Онда жарнама көлемі мен жиілігі реттелген. Ал коммерциялық басылымдар жазылушылар мен жарнама берушілердің қолдауына мұқтаж. Олардың өздері де аудиторияны жалықтырып алмау үшін жарнаманы жиі бермейді. Бірқатар басылым жарнамаға тәуелді болмаудың жолын тауып, оқырманға жарнамасыз контенттің жолын ұсынды. Ол үшін оқырман басылымға ақылы жазылуы тиіс. Нәтижесінде, жақсы көрсеткішке жетті.
– Соңғы 4 жылда жарнама нарығында газеттің үлесі 13 пайыздан 6 пайызға төмендеп кетті. Осыны қалыпқа келтіріп, газетті қалай аяққа тұрғыза аламыз?
–Қазақстандық медианарықты жіті зерттемеген соң, ол жайында дөп басып ештеңе айта алмаймын. Алайда әлемдік басылымдар сандық технологияның мүмкіндігін барынша пайдалану арқылы бүкіл қиындықты еңсермесе де, аздап жеңілдеткен сияқты. Себебі, сапалы контентті тарата отырып, аудиторияның біраз бөлігін сақтап қалған. Бастысы, оқырманның талғамы мен талабын ескере отырып, жұмыс істеу керек.
– Мәселен, ВВС аудиторияны қалай тартып жатыр? Қандай әдістерді қолданған жөн?
– Біздің бірден-бір миссия – аудиторияны ақпараттандыру, оқыту және көңіл көтеру. Осы қағиданы жаңалықтардан бастап, балаларға арналған бағдарламаға дейін барлық контентте ұстанады. Тіпті шынайы оқиғалар мен драмалық сценарийлер де осы ұстанымға сай жазылады. Мысалы, BBC News обьективті, оперативті, нақтылықтың арқасында әлемдік БАҚ-тың алдына шықты. Сондықтан да шындықты іздеген адам бізге жүгінеді. Қазір дүниежүзі BBC Global News-тің контентін платформаның барлық түрінде ең көп тұтынады.
– Біздің телеарналар стримингтік сервис не болмаса ютуб арналармен қалай бәсекелесе алады?
– Ютуб – ең табысты платформа. Ол ауқымды аудиторияны өзіне қаратып алған. Басқа арналар ютубпен бәсекеге түсу үшін өз артықшылығын ойлап табуы керек. ВВС контенті кәсіби, сапалы болғаны үшін жоғары бағаланады. Сондықтан біз сапаға жұмыс істейміз. Айтар кеңесім, өз контентін барлық платформада, әлеуметтік топта, кез келген құрылғыға қолжетімді етіп дайындай білуі керек. Жақында BBC Global News өзінің арнайы бейне сайтын қосты. Онда онлайндағы аудиторияға ең қызық жаңалықтың үзінділері жарияланып отырады.
– Біздегі телеарналар жоғары рейтинг жинау үшін жеңіл-желпі, көңіл көтеретін шоуларға басымдық беріп кетті. Осыны сынайтындар да көп. Адамның танымын, талғамын көтеретін интеллектуал жобалар жоқтың қасы. Осы жағдайдан шығудың жолы бар ма?
– Коммерциялық телеарналар негізінен жарнамаға сенеді. Өздеріне қолдау табу үшін де рейтингісі жоғары болуы керек. Ал бүгінгі көрермен ақпарат алып қоймай, көңілі көтерілгенін де қалайды. Телеарнаның сұранысы да осыған сай жасалады. Себебі танымдық дүниеге емес, ток-шоуға сұраныс жоғары. Қазір негізгі аудиторияны қамтып отырған да ток-шоулар. Одан шығудың бір ғана жолы бар: онлайн арқылы көрерменге не қажет екенін, сұранысы қандай екенін біле отырып, нақты фактіге құрылған ақпаратпен де қамтамасыз ету керек. BBC рейтинг қумайды. Басты мақсаты – Ұлыбританияның бүкіл аумағын қамтитын ақпаратты тарату. Себебі BBC Ұлыбритания халқының жыл сайынғы лицензиялық төлемі арқылы қаржыландырылады.
– Орталық Азияның біраз елінде ВВС-дің бөлімшелері бар. Қазақстанда әлі ашылмаған. Неліктен? Әлде біздегі халықтың саны, медианарық, саяси өзгерістердің әсері бар ма? Жалпы, алдағы уақытта бөлімше ашыла ма?
– ВВС-дің жалпы әлемдік қызметінде жұмыс істемеген соң, олардың жоспары жайында ештеңе айта алмаймын.
Әңгімелескен Нұрмұхамед БАЙҒАРА