Ненад Эрич ойыннан кейін «Мұнда ойнау – әр футболшының арманы. Мен өте бақытты адаммын. Бұл – менің мансабымның шыңы» деді. Жөн-ақ. Атақты стадионда 72 минут бойы доп өткізбей шыдап берді. Эрич болмаса Решфорд мүмкіндігін мүлт жібермес еді. Бірде Эрич, бірде қақпа бағанасы жар болып, Манчестерден кеудені тік ұстап қайттық.
«Астананың» ойын мәнеріне ағылшын жанкүйерлері Facebook-те баға беріпті. Клубтың ресми парақшасында елордалық команданың қорғаныста сақ ойнағанын жазған. Ойын басталмай тұрып айқын басымдықпен ұтамыз деген ойларын білдірген еді. Эричті мақтағандар, қорғаныстағы футболды сөккендер, «МЮ-дің» дәрежесі осы дегендер де бар екен. Қарсылас қолдаушылары осылай дегенмен, «Астана» бапкері шәкірттеріне риза.
«Мұндай ойындардан кейін киім бөлмесінде бірдеңе деудің жөні жоқ. Себебі жүздерінен реніш табын байқамадым. Барлығы біздің кіммен ойнағанымызды, барымызды салғанымызды байқады. Футболшылар үлкен жұмыс тындырды. Ойыннан кейін жақсы әсер қалыптастырған жөн», – дейді Роман Григорчук.
Сондай-ақ команданың ары қарай шыңдалуы керегін, жұмысты жетілдіре түсетінін айтты. «Манчестер Юнайтедке» лайықты қарсылас болған шәкірттерінің алдында қалпағын шешетінін жеткізді. Ойынға талдау жасап, нәтиже шығаратынын мәлімдеді.
– Қиын ойын. Біз алаңға кіммен шыққанымызды түсіндік. Әлемнің үздік командаларының бірі. Менің ойымша, біз лайықты ойын көрсеттік. Екінші таймда допты жақсы ұстап, бір-екі қауіпті сәт болды. Өкініштісі, біз гол жіберіп алдық. Жанкүйерлерге ойын ұнады деп ойлаймын. Енді ары қарай жылжу керек, – дейді жартылай қорғаушы Иван Маевский.
Иван сөзінің жаны бар. Гол соғатын мүмкіндік болды. Мұртазаев бірнеше мүмкіндікті қолдана алмады. Бәрібір толқыныс бар, «Олд Траффорд» деген аты бар, Ромероға соққы бағыттау қиын болған тәрізді.
«Астана» қақпасына гол соққан Гринвуд – 17 жаста. Сульшер жеңіс сыйлаған жітіттің түнде ұйықтамасына кепілдік берді. Ойыннан кейін берген сұхбатында матч нәтижесіне өздері «кінәлі» екенін айтты. Осыған ұқсас кездесуде ойын тағдырын алғашқы 20 минутта шешу керегін, ары қарай өз білгеніңді жасауға боларын сөз етті. Мүмкіндік қолдана алмайтындар өз-өздерін әурелеп қоятыны барын жасырмады. «Астанамен» өтетін келесі матчқа Погба мен Марсьяль бастаған құрамның жолы түсерін болжады.
Не десек те, «Астана» қазақ футболында айбар барын көрсетті. Қорғаныс жүйесін сәтті қоюдың өзі – футболдың бір бөлігі. Жеңілгенімен, Траффордтан ұпаймен кете аларын дәлелдеді. Соңына дейін тең ойнаудың қамын жасады. Елордалық клубтың арқасында УЕФА рейтингінде Қазақстан 25-орында тұр.
Еуропа лигасында L тобында «Манчестер Юнайтед» 3 ұпаймен көш бастап тұр. 2-3 орында 1 ұпаймен АЗ мен Партизан бөлісіп тұр (2:2). «Астана» ендігі ойынды «Астана аренада» қабылдайды. 3 қазанда «Партизанға» қарсы матч өтеді. «Алкмар Зайнстрек» болса, Манчестерге қонаққа барады.
«Астананың» Еуропа лигасындағы тағдыры өзіне байланысты. Сенім мен психология орнында болып, білгенді кәдеге жарата алсақ, топтық кезеңнен шығармыз. Айналымда мәре сызығын 2-ші боп кесер қауқар бар. Ол үшін «Партизанды» өз алаңымызда жеңіп, сырт алаңнан ұпаймен оралу керек. Қонаққа сайланып барып, сый алып қайтқан жөн. Сонда 1/32-нің таңын тамашалаймыз.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ