Головкиннің жекпе-жегінің андеркартында өнер көрсететін қазақстандық Әли Ахмедовтің қарсыласы аталды. Бокс кеші 5 қазанда Нью-Йоркте өтеді,– деп хабарлайлы Vesti.kz сайты.
Орта салмақтағы қазақстандық боксшы Әли Ахмедов келесі жекпе-жегін 5 қазан күні Нью-Йорктегі бокс кешінде Madison Square Garden аренасында өткізеді. Кештің басты оқиғасы орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин мен украиналық Сергей Деревянченко арасындағы титулдық жекпе-жек болмақ.
BoxRec.com хабарлауынша, Головкиннің GGG Promotions промоутерлік компаниясының өкілі 24 жастағы Ахмедов 33 жастағы америкалық Эндрю Эрнандеспен он раундтық айқаста кездеседі.
Америкалық про-рингте 29 жекпе-жек өткізген, оның 20-сында жеңіп, жетеуінде жеңілген, қалған екеуі тең нәтижемен аяқталды.
Эрнандес үш елде шайқасты: АҚШ, Канада және Мексика.
Ал, Әли Ахмедов үшін алдағы жекпе-жек кәсіби мансабындағы 16-шы кездесуі болмақ. Ол барлық жекпе-жектерінің 11-ін мерзімінен бұрын аяқтаған.
Головкин – Дервянченко бір емес, екі бірдей титул үшін айқасады. Боксшылар IBF белбеуінен бөлек, IBO әлем чемпионы атағына таласады.