Жайдарманшылар арасында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кубогы сарапқа салынды. Республикалық арнайы жоба Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық даму істері басқармасының қолдауымен, Қазақстан КВН одағының ұйымдастыруымен өтті. Жастар жылымен тұспа-тұс келіп отырған бұл ойын осымен 11 рет өткізілді.
Бейбітшілік және келісім сарайында өткен ойынға түрлі лигада үздік өнер көрсетіп жүрген топтар қатысты. Бас-аяғы 17 команда өзара әкім кубогына таласты. Оның он алтысы – отандық командалар. Бауырлас қырғыз елінен «Ош» командасы қонаққа келді. Командалардың арасында Нұр-Сұлтан қаласы әкім кубогы ойынына осымен бірнеше жыл қатысқан тәжірибелі топтар да бар.
Өнер көрсеткен 17 құраманың ішінен ең үздігін таңдау қазылар алқасына оңайға түспеді. Белгілі сатирик Көпен Әмірбек бастаған әділ қазылар ұтымды әзілі мен артында салмақты ойы бар, көпшіліктің көңілінен шығып өнер көрсеткен топтарға басымдық берді. Қазылар алқасының үздік ойыншы номинациясын «Бүгін.Кз» командасынан Нұрлыбек Жаппар иеленді. Жүлделі үшінші орын – Қырғызстанның сәлемін алып келген «ОШ» командасына, екінші орын алматылық «Ақпен бірге» құрамасына бұйырды. Бас жүлдеге Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кубогын «Жалын» командасы иеленді. Жаңаөзендік жеңімпаз командаға миллион теңге ақшалай сыйлық табысталды.
Фурхат ҚҰРБАНОВ