Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Бүкіләлемдік бокс ұйымының (WBO) үздік 15-тігі тізімінен шығып қалды. Бұл туралы Vesti.kz хабарлайды.
Бұл рейтингте Головкин осы жылдың тамызында ғана орта салмақта көш бастап келе жатқан еді. Алайда қыркүйекте канадалық Стивен Батлер лидер атанды. Рейтингтен сондай-ақ Головкиннің кезекті қарсыласы украиналық Сергей Деревянченко да түсіп қалған.
Бүкіләлемдік бокс ұйымының қыркүйектегі қорытынды рейтингінде қазақстанық Қанат Ислам орта салмақта сегізінші орыннан көрінсе, Жәнібек Әлімханұлы аталған салмақта 15 орыннан 13 орынға көтерілді. Орта категорияда Айдос Ербосынұлы тоғызыншы позициядан сегізге өтсе, Жанқош Тұраров жартылай орта салмақта тоғызыншы орынға табан тіреді.
Осылайша аталған рейтингте төрт қазақстандық боксшы бой көрсетті.
Өткен жылдың қазанынан бастап WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионы америкалық Деметриус Андраде болды.
Бұған дейін Головкин Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) және Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы (WBA) рейтингінен де шығып қалған еді.