Бұл оның «Астана» сапындағы 100-ші, мерейтойлық матчы
Елордалық «Астананың» жартылай қорғаушысы Марин Томасов Қазақстан премьер-лигасы аясында «Атырауға» қарсы өткен кездесуде ерекше гол соқты. Бұл оның «Астана» сапындағы 100-ші, мерейтойлық матчы.
Бірінші таймда небәрі 17 минуттың ішінде-ақ хорватиялық легионер дубль жасап үлгерді. Екінші голын ол алаңның қақ ортасынан теуіп салып, жанкүйерлерді тәнті етті.
Жалпы, бұл матчта «Астана» 4:1 есебімен жеңіске жетті.
«Астана» сапынан Томасовтан өзге Лука Шимунович пен Дорин Ротариу мергендігімен көзге түссе, «Атырау» Қуаныш Қалмұратовтың жалқы голымен жауап қатты.
Осылайша, «Астана» турнир кестесінде үшінші сатыға жайғасты. Олар көш басындағы «Тобылдан» 5, ал екінші орындағы «Қайраттан» 3 ұпайға қалып келе жатыр.
Еске салсақ, «Астана» Еуропа лигасы топтық кезеңінде де өнер көрсетуде. Бірінші турда сырт алаңда «Манчестер Юнайтедпен» ойнап 0:1 есебімен жеңілді.
Ал бүгін ерекше гол соққан Томасовқа бірқатар еуропалық клубтар қазірдің өзінде қызығушылық танытуда. Хорват Еуропа лигасының іріктеу кезеңінің өзінде-ақ 7 гол соғып, мергендер көшін бастаған еді.
https://youtu.be/aAnNEVHnrow