Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының ресми іс-шаралары аясында АҚШ президенті Дональд Трамппен және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті.
Дональд Трамппен әңгімелесу барысында екі ел көшбасшылары Қазақстан мен Американың кеңейтілген стратегиялық серіктестігінің өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-пен саяси, сауда-экономикалық, гуманитарлық, сондай-ақ өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы жан-жақты қарым-қатынастарды одан ары нығайтуды жалғастыра беретінін атап өтті.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесу барысында Мемлекет басшысы ұйымның халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдаудағы, халықаралық қақтығыстардың алдын алу мен реттеудегі басшылық рөлін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның қазіргі заман талаптарына сай бейімделуінде Антониу Гутерриштің белсенді қызметін қолдайтынын білдірді.
Президент БҰҰ БА-ның осы сессиясында көтеріліп отырған «Кедейлікті жою, сапалы білім беруді және климатты сақтау іс-қимылдары мен жан-жақты тәсілдерді ілгерілету үшін көпжақты күш-жігерді шоғырландыру» тақырыбы аса өзекті мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыруға әзір. Өйткені бұл құжат біздің елдің алдағы экономикалық және әлеуметтік жаңғырту мәселелері бойынша жариялаған жоспарымен үндеседі.
Өз кезегінде Антониу Гутерриш Орнықты даму мақсаттарын іске асыруда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесімен өзара іс-қимылына оң баға берді. Қазақстанның жаһандық ядролық қаруға қарсы күн тәртібінде жетекші рөл атқаратыны, өңірлік қақтығыстарды реттеу ісінде халықаралық күш жұмылдыруы, соның ішінде Сирия мәселесі бойынша өткен Астана процесі аясындағы қомақты үлесі айтылды. Бас хатшы Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2019 жылдың мамыр айында БҰҰ-ның 16 аймақтық өкілдігін бір шаңырақ астына біріктірген Алматы қаласындағы халықаралық ұйымдар ғимаратын ашқаны үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының жалпы дебаттарында сөз сөйледі.
Бұл Нью-Йорк сапарының басты оқиғасы болды. Қазақстан Президенті халықаралық беделді мінберде БҰҰ бүкіл адамзаттың мүддесін қорғайтын әмбебап әрі бірегей ұйым екенін мәлімдеді.
– Бүгінде Ұлттар ұйымы ғаламдық даму және өркениеттер сабақтастығын қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарып келеді. Бас хатшы Антониу Гутерриштің әр адам мен мемлекет тағдырын ортақ құндылық деп тауып, назардан тыс қалдырмау идеясын Қазақстан толық қолдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыруда елеулі кедергі келтіріп отырған әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық өзгерістерге қатысты өзінің алаңдаушылығын білдірді.
Мемлекет басшысы екінші фактор ретінде ғаламдық және аймақтық ойыншылар арасындағы қарым-қатынаста бір-біріне деген сенімнің жоқтығын атады. Оның айтуынша, бұл бүгінгі қауіпсіздік құрылымы мен қарулануды бақылау жүйесінің іргесін сөгіп, жаппай қарулануға әкеп соғуы мүмкін.
– Бұл сын-қатерлерді ұзақмерзімді санкциялар, сауда соғысы, ғарыштағы бақталастықтың артуы, кибертехнологиялар мен жасанды интеллект тереңдетіп жіберді. Осы айтылғандардың барлығы – ушыққан фундаменталды дағдарыстың қауіпті аспектілерінің көрінісі,– деді Президент.
Мемлекет басшысы үшінші фактор ретінде Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы әлеуметтік, экономикалық және технологиялық теңсіздікті, көзқарастар қақтығысының артуын, сонымен қатар ғаламдық қарыз дағдарысын атап көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев протекционизм мен ұлтшылдық саясатының күшеюі халықаралық әріптестік пен ынтымақтастыққа кедергі келтіріп отыр деп санайды.
Ғаламдық тұрақсыздық факторын тудыратын төртінші мәселе – қоршаған ортаның тозуы. Президент Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі даланың шөлге айналуына, мұздықтардың еруіне және ауызсу мен ағын судың қайнар көзінің тартылуына әкеліп соғатынын мәлімдеді.
– Осындай күрделі жағдайда Қазақстан инклюзивті және орнықты даму, жан-жақты диалог пен бейбітшілікті сақтау саясатын ұдайы жүзеге асырып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент ядролық қарудан азат бейбітшілікке қол жеткізу Қазақстан үшін негізгі басымдық екенін атап өтті. Баяндамада еліміздің антиядролық бастамаларына, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаруды таратпау және қарусыздану процесіне қосқан елеулі үлесіне зор көңіл бөлінді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Иранға қатысты жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспары мен Корей түбегін ядролық қарусыздандыруды жүзеге асырудағы проблемалар тараптардың өзара мүдделерін ескере отырып, тек саяси әдіс-тәсілмен ғана шешілуі керек деп есептейді.
Мемлекет басшысы өз баяндамасында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті қауіпсіздік пен даму бойынша толыққанды аймақтық ұйым ретінде қайта құруды ұсынды. Оның айтуынша, Қазақстан бұл ұсынысты 2020 жылы аталған ұйымға төрағалық ету кезінде жүзеге асыруды қолға алмақ.
Президент Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты біздің елдің ұстанымын айтып, «Жусан» гуманитарлық операциясының тәжірибесімен бөлісуге әзір екенін білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ өз миссиясын орындау барысында кезігетін кейбір кедергілерге назар аударды. Осы орайда, Мемлекет басшысы Бас хатшы Антониу Гутерриштің БҰҰ-ны реформалау жөніндегі нақты әрі батыл қадамдарын ұйымға мүше-мемлекеттердің барлығы кеңінен қолдауға лайықты екенін атап өтті.
Орнықты даму мақсаттары туралы айта келе, Президент биыл мамыр айында Қазақстанда ашылған Халықаралық ұйымдар ғимаратының базасында Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан үшін Орнықты даму орталығын құру жөнінде ұсыныс білдірді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы аясында жоспарланған барлық екіжақты кездесулерден кейін Тұрақты даму мәселелері жөнінде жоғары деңгейдегі форумға қатысты. Мемлекет басшысы шараға қатысушы спикерлер арасынан бірінші болып сөз алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттары – адамзатқа әлеуметтік, технологиялық және экономикалық жетістіктердің игілігі баршаға ортақ болатын кемел келешекке жетудің нақты жол картасын ұсыну екенін атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөнінен артта қалып бара жатқанына алаңдаушылық білдіретінін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені шешу үшін алдағы он жылдықта тиісті нәтижеге қол жеткізу мақсатында нақты шешім қабылдау қажеттігін айтты.
– Өз елімнің саяси, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық саясатының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму міндеттемелеріне толықтай сәйкес келетінін айта аламын. Әлемдік нарықтың әралуандығына қарамастан Қазақстанның экономикасы табанды өсімді сақтап қалады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Тұрақты даму мақсаттарының, жалпы планетаның келбетін қалыптастыратын өзара байланысын ескерте отырып, жекелеген санаттардың немесе елдердің жетістігіне қанағат тұтып қарап отыруға болмайтынын айтты. Бұл мәселеде Мемлекет басшысы Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттарын аймақтық және халықаралық деңгейде белсенді жүзеге асырып жатқанына тоқталды.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының ресми іс-шаралары аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия президенті Саули Ниинистёмен, Молдова президенті Игорь Додонмен, Люксембург премьер-министрі Ксавье Беттельмен, сондай-ақ Eurasia Group компаниясының президенті Ян Бреммермен және Goldman Sachs компаниясының президенті Дэвид Соломонмен кездесті.