"Мен өз мақсатыма жете аламын. Бұл – Токио олимпиадасы"
Қазақстандық ауыр атлет, әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин Тайландта өткен әлем чемпионатынан кейінгі көзқарасын жеткізді.
Бұл туралы спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған.
«Жұлқа көтеруде 168 келіні алдым. Негізі 171 көтеруге де болушы еді. Ал серпе көтерудегі нәтижем – 195, бұл менің соңғы мүмкіндігім еді, маған А тобына қалайда өту керек болды.
Әрине, чемпион атансам керемет болар еді. Бірақ бәрі рет-ретімен келе жатыр. Бәрі жоспар бойынша атқарылуда. Шынын айтсам, қазір маған ұлттық құрамадағы орнымды нақтылау өте маңызды. Құрамада мен бірінші нөмір атануым керек. Ал қазір олай емес. Мен үшінші, не төртінші орындамын. Әлем чемпионатынан кейін ұпайларымыз жаңаланады. Соның қорытындысы бойынша екінші орынға шығамын. Бірінші орында – Денис Уланов. Желтоқсанда Катарда турнир өтпек. Былтыр дәл осы турнирде омыртқам ауырып шыға алмай қалған едім. Қазір оның бәрін қалыпқа келтірдік" дейді Илья.
Спортшы бір жылдың ішінде бес турнирге қатыстым. Біртіндеп формамды жинап келе жатырмын. Енді Сочиге барып денсаулық жағдайымды бір мәрте тексертіп аламын дейді. Ол өзінің келесі олимпиада ойындарында олжа салатынына сенеді.
"Қысқасы, мен өз жұмысымды істеп, ұлттық құраманың менен талап еткен нәрсесін орындап жатырмын. Иә, мен жеңімпаз емеспін. Бірақ онда тұрған ештеңе жоқ. Нәбәрі 31 жастамын. Мұны да басымнан өткеруім керек шығар. Мені қолдап, қуаттап отыратын барша жандарға алғысым шексіз. Мен барлығыңызды жақсы көремін. Мен өз мақсатыма жете аламын. Бұл – Токио олимпиадасы. Ол жерде мен тұғырға көтерілемін. Жеңем бе, жоқ па оны айта алмаймын. Ол жерде тек шынайы мықты ғана жеңеді. Бірақ қолымнан келгенін жасаймын. Өз мүмкіндігімді 99,9 пайызға пайдаланамын. Мен өз өмірімде дәл бұлай жұмыс істеп, терлеп көрмеппін. Демек, бұл еңбек өз нәтижесін береді деп ойлаймын» дейді ол.
Еске салсақ, Илья Паттайада өткен әлем чемпионатында 13-орын алған болатын. 96 келіде сынға түскен ауыр атлет екі жаттығудың қорытындысы бойынша 363 (168+195) келі көтерді.