Өткен апта жамбылдық полицейлер үшін ерекше іс-шараларға толы болды. Бір күнде бірден бес фронт-кеңсе ашылды, Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев биыл екінші рет халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Ал жұма күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков патрульдік полиция қызметкерлеріне жаңа автокөліктердің кілтін табыс етті.
Облыс тұрғындарымен кездесу Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің мәжіліс залында өтті. Кездесуге келген халықтың көпшілігі залға сыймады. Өзінің кіріспе сөзінде Арман Оразалиев құқық қорғау органдары ашықтық пен жариялылық қағидаттарын енгізу, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою, халықпен тығыз байланыс орнату бойынша мақсатқа бағытталған жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
– Айта кетерлігі, кездесуде түрлі аспектілер бойынша толық түсініктеме беруге дайын полиция департаментінің әртүрлі қызметтері мен басқармаларының барлық басшысы отыр. Сондықтан кейбір көтерілген мәселелерді біз бірден шеше аламыз, – деді департамент бастығы.
Тұрғындармен ашық диалогқа кіріспес бұрын Арман Молдиярұлы облыстық ішкі істер органдарының ағымдағы жылдың сегіз айындағы қызметінің қорытындысы мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы қысқаша айтып өтті. Басты көрсеткіштер – жалпы қылмыстардың 12 пайызға (6 464-тен 5 680-ге дейін) төмендеуіне қол жеткізілді, кісі өлтіру, тонау, қарақшылық шабуыл, алаяқтық, бұзақылық, ұрлық, соның ішінде мал ұрлығы және ұялы телефон мен пәтер ұрлығының саны азайды.
Облыс орталығында жаяу патрульдер саны артып, бейнебақылау жүйесі кеңейтілуде, қолайсыз аудандарда тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Алдын алу шараларының нәтижесінде қоғамдық орындарда және көшелерде жасалатын қылмыстар саны айтарлықтай қысқарды. Полиция департаментінің бастығы заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде енді ұрыларды бірнеше рет жасалған құқықбұзушылық қағидаты бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуға болатынын атап өтті. Сондай-ақ Тараздың орталық зиратындағы вандализм мәселесін де айналып өтпеді.
– Барлық өтініштер бойынша қылмыстық істер қозғалып, «бірнеше рет» жасалу белгісін қолдана отырып, ұсталған тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қолданамыз. Алдағы уақытта осындай деректерді болдырмау үшін зират аумағын патрульдеу бағыты, сондай-ақ металл қабылдау бекеттерін тексеру жұмыстары қарастырылған, – деп толықтырды сөзін Арман Оразалиев.
Есірткі қылмысына қарсы күреске келетін болсақ, заңсыз айналымнан екі тоннадан астам түрлі есірткі, 6 келіден астам героин және 115 келіден астам гашиш есірткі заттары тәркіленді. Сондай-ақ синтетикалық есірткінің таралуына байланысты жарнама жасаған 19 сайт анықталды.
Іс-шара «Cұрақ-жауап» форматына өткен соң, бірнеше қала тұрғындары өздерінің учаскелік инспекторларына алғысын білдіріп, полиция қызметкерлеріне моральдық қолдау көрсетті. Нақты мәселелер бойынша айтар болсақ, Бекболат Сейдахметов есімді ақсақал А.Асқаров көшесі бойында орналасқан орталық базарға жақын жолға бағдаршам орнатуды сұрады. «Шалғай Қарасу» ауданының тұрғыны Әйгерім Жалабай балалар алаңқайларының маңында жиі кездестіруге болатын қаңғыбас иттерге қатысты шара қолдануды сұрады. Осы және басқа да мәселелерді Арман Оразалиев жеке бақылауға алды, кейбір мәселелер осы жерде шешілді.
Ал Тараз қаласының орталық алаңында Арман Оразалиев облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековпен бірге патрульдік полиция қызметкерлеріне жаңа автокөліктердің кілтін табыс етті. Құқық бұзушыларды іздеу және құрықтау бойынша заманауи жабдықтармен жабдықталған жоғары өтімді 102 автокөлік өз иелеріне табыс етілді. Биыл шілде айында 131 автокөлік учаскелік инспекторларға берілген болатын, ал 2020 жылы әрбір УПИ көлікпен қамтамасыз ету жоспарда қарастырылған. Бұл ең алдымен облыстың шалғай ауылдарындағы криминогендік жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
Арман Оразалиев құқық қорғау органдарына айтарлықтай қолдау көрсеткені үшін облыс әкімдігіне алғыс білдіріп, патрульдік полиция қызметкерлеріне өз әріптестері А.Есенов пен Қ.Әбсаттаровтан үлгі алу қажеттігін айтты. Олар осы жылдың сегіз айында 1,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық дерегін анықтаған.
Жамбыл облысы