Каспийде мекендейтін итбалықтар азаюда. Бүкіл әлемде жоқ итбалықтар бізде ғана бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, осыдан отыз жыл бұрын Ақтау қаласының жағажайларында итбалықтарды жиі кездестіруге болатын. Сол кезде олар Жайық өзенінің бойымен Атырауға жүзіп келсе, қазір тіптен көрінбейді. Кездессе де Каспийдің алыс жерлерінде ғана болуы Міне, итбалықтардың жойылып бара жатқанын Гидробиология және экология институтының өкілдері талай рет көтерді. Негізі бұл – Каспий итбалықтарын сақтау және құтқарумен айналысатын Қазақстандағы жалғыз мекеме. Олардың мәлімдеуінше, Каспий итбалығы – азық-түлік тізбегінде жоғары орын алатын Каспий теңізіндегі жалғыз сүтқоректі. Ол негізінен Каспий теңізі экожүйесінің индикаторы болып саналады. Себебі қоршаған ортадағы болып жатқан өзгерістер оның өсіміне қалай әсер ететінін байқауға болады. Соңғы кезде итбалықтар ауырып, қырылып жатқанына қарап, теңіздің экожүйесі бұзылғанын көрсетеді. Ал бұл – алаңдататын мәселе.
– Каспий итбалықтары жойылып бара жатқан түр ретінде 2008 жылдан бастап Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабына енген. ХХ ғасырдың басында оның саны миллионға жуық еді. Бірақ 2005-2012 жылдар аралығында жүргізілген антенналық зерттеулерге сәйкес, 90 пайызға азайған. Сонда бар-жоғы 100 мыңға жуығы қалды, – дейді оператор және экологиялық білім беру маманы Әсел Баймұқанова.
ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап итбалықтардың терісі үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, жаңа туған күшіктерінің ақ терісі бағалы болды. Сондықтан да итбалықтардың саны күрт азайып кетті. Браконьердің кесірінен тыныштығын жоғалтқан итбалықтар әлсірей түскен. Оның үстіне, теңіздің ластануынан жануарлардың иммунитеті төмендеген. Соның салдарынан ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында 30 мыңнан астамы өлді. Ал аман қалған аналығының тең жартысында ұрпақ жалғастығы тоқтап қалды. Анар ҚОНЫС