Теңіз кенішінде жұмысшы күші артады

Теңіз кенішінде жұмысшы күші артады

Бұл туралы Атырау облысы әкімі­нің төрағалығымен өткен өн­ер­кәсіп басшылары арасындағы мә­жілісте айтылды. «Теңізшевройл» ЖШС бас ме­неджері Ырзабек Артығалиевтің айтуынша, «Теңізшевройл» ЖШС компаниясынан биылғы жылдың ақпан айында пандемия басталған сәтте 45 мың  адам жұмыс істеген. Сәуір айында коронавирус та­ра­луы­ның алдын алу мен жұмыс­шылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында, сондай-ақ өндірістің тоқтап қалмауы үшін бірінші қа­жеттіліктегі емес саланың 27 мың қызметкері Теңіз кен орнынан шы­ғарыл­ды. Бұдан кейін кеніште «таза» және «лас» аймақтар жасақталып, санитарлық талаптар сақталған соң  тамыз айында 17 мыңнан астам адам қайтадан вахталық жұмысқа жұмылдырылды. Олар арнайы ПТР-тестен өткізіліп отырады. Жағ­дай тұрақтанған соң жаңа жыл­дан кейін  қырық мыңнан ас­там адам Теңіз кенішіне алынып, жұ­мыстарына кіріседі. Жұмыстан қысқарту мәселесі туындамайтын болады. «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас менеджері Ырзабек Артығалиевтің мәлімдегеніндей, әлемде мұнай бағасының арзандауы да компания жұмысына еш кедергі келтірмейді. Қазіргі күні компания басшылығы пандемияның «екінші толқынына» толық дайын.

«Пандемия басталғалы бері ком­панияда санитарлық талап­тар толықтай сақталуда. Жұмыс­шыларымыздың  вахтаға бару, келу жағдайында ПТР сынамасы міндетті түрде алынады. Қазіргі уақытта «Теңізшевройл» ЖШС-іне қарасты инфекциялық стационарда коронавирус симптомымен 35 нау­қас ем алуда. Пневмония жұқтыр­ғандар жоқ», – деді Ырзабек Арты­ғали­ев.
Атырау облысы әкімі Махам­бет Досмұхамбетов жиын соңын­да еңбек тұрақтылығын сақтай отырып, жұмысшылардың қауіп­сіздігін де қамтамасыз ету керегін айтты.
«Құрылыс жұмыстарына көп­теген азамат тартылуда. Сол се­бепті біз  қандай маман­дар қыз­мет ететінін алдын ала бі­ліп отыруымыз керек. Қажет бол­са, қай ауданның, қай жердің тұрғыны екенін анықтап, дұрыс жоспарлаған жөн. Жыл басына дейін 40 мыңнан астам адам жұ­мысқа тартылатын болса, олардың арасында қауіпсіздік шараларын сақтап, санитарлық талаптарды басты назарда ұстаған жөн», – деді облыс әкімі Махамбет Досмұхам­бет­ов.
Пандемия салдарынан эко­номика­ның құлдырап жатқан сын уақытта аймақтың эко­номикалық жағдайын бағдар­лаған жиында халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі айтылды. Бұл мә­селе қазіргі күні әлем ел­дерін толған­дырып отыр.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, «Атырау облысы