Формализмнен арылатын уақыт жетті. Сенатта «Заң шығару процесін одан ары жетілдіру» тақырыбында өткен парламенттік тыңдауда палата төрағасы Дариға Назарбаева осылай мәлімдеді. Оның байламынша, заңшығарушылық үдеріске деген көзқарасты түбегейлі, тұжырымдамалық қайта қарау қажеттілігі туып отыр.
– Заң мен құқық күнделікті өмірімізді реттейді. Заң мемлекеттің бюджетімен бірдей маңызды. Ал бюджеттің дұрыс орындалуын Есеп комитеті, мемлекеттік аудит секілді тексеруші органдар, Парламенттің өзі қадағалайды. Одан кейін қаражаттардың қалай игерілгені және неге қол жеткізгені жөнінде Үкіметтен есеп талап етеді. Алайда бүгінде не Үкіметте, не Парламентте қабылданған заңдардың орындалуына мониторинг жүргізудің пәрменді құралы жоқ. Формализмнен арылатын уақыт келді, – деді Сенат спикері.
Ол құқықтық мониторинг тәсілдерін түпкілікті өзгерту керегін айтты. Оның пікірінше, келесі парламенттік тыңдауды құқық қолдану тәжірибесіне арнап, оған сот және прокуратура органдарының өкілдері мен адвокаттарды шақырған жөн.
– Өйткені осы үш инстанция сот процестерінде тікелей жұмыс істейді және адамдардың, бизнестің, компаниялардың тағдырын шешеді. Сондықтан мазмұнды әңгіме жүруі тиіс, – деді Сенат төрағасы.
Жоғарғы палата басшысы құқықтық сараптама сапасының сын көтермейтініне назар аудартты. Ол құқықтық сараптама сапасына қатысты өлшемшарттарды қайта қарау және сарапшыларды іріктеудің нақты тетігін түзу мәселесі пісіп-жетілгенін атап өтті.
– Әділет министрі жаңа заң жобаларына сараптама жасауға құқылы тұлғалар санын арттыру көзделіп отырғанын мәлімдеді. Бір жағынан бұл жақсы. Біз ашық, демократиялық қоғам құрудамыз. Бірақ сараптама сапасы үшін кім жауапкершілік арқалайды? Оның үстіне құқықтық сараптамаға Үкімет тапсырыс береді және ел қаржысынан ақысы төленеді. Әзірге оның сапасы сын көтермейтініне куә болудамыз. Біз тіпті заң жобасына қоса берілетін құқықтық сараптамаларды оқуды да қойдық. Себебі бір-біріне егіз тамшыдай ұқсас келеді. Олардағы ең басты критерий – заң жобасының бюджет шығысын арттырмайтыны. Басты өлшем осы ма?! Ендеше құқықтық сараптама сапасының өлшемшартын толығымен қайта қарау керек. Сонымен қатар сарапшылардың жауапкершілігі туралы да ойласқанымыз абзал, – деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Спикер сондай-ақ заңгерлер мен талдаушылар жұмысының әлсіздігіне екпін түсірді және олардың біліктілігін көтерудің арнайы бағдарламасы болуы керегін жеткізді.
– Біз Парламент жанынан институт құру туралы ұсынысымызды қолдағаны үшін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа ризашылығымызды білдіреміз. Ол институт осы жұмысты сапалы әрі дербес жүргізуімізге мүмкіндік берер еді. Бұл Парламент мәртебесін нығайтуда және күшейтуде зор қадам болады, – деп түйді Д.Назарбаева.
Парламенттік тыңдауда заң жобаларын алдымен мемлекеттік тілде жазу мәселесі көтерілді. Сенатор Нұртөре Жүсіптің пайымдауынша, аударма арқылы қабылданған заңның жүзеге асуы, өмірде қолданылуы, халықтың қабылдауы өте қиын.
– Қазақстан Президенті «еститін мемлекет» құрамыз деді. Менің ойымша, бізге «көретін мемлекет» деген де керек болады. Қабылданған заң жұмыс істеуге тиіс. Ол үшін заңның тілі жұмыс істеуі шарт. Аударма арқылы қабылданған заңның жүзеге асуы, өмірде қолданылуы өте қиын. Мәселен, бүгінгі дайындалған ақпараттық-анықтамалық материалдардың 48-ші бетінде: «Однако в настоящее время одной из главных бед казахстанской законотворческой деятельности называется пресловутое «мелкотемье» делінген. Енді осының қазақшасы қалай? «Қазіргі уақытта қазақстандық заң шығару қызметінің басты бедінің бірі «ұсақ-түйек» деп аталады» дейді. «Главных бед» дегенді «басты беді» деп аударады. Осылай ұсақ-түйек деп отырған нәрсеміздің барлығы мемлекеттік тіліміздің мәртебесін төмендететін нәрсе. Сондықтан кез келген заңды қабылдау кезінде мемлекеттік тілді құрметтеуді өтінер едім, – деді Н.Жүсіп.
Расында, заң жобаларын алдымен орыс тілінде әзірлеп, кейін асығыс түрде мемлекеттік тілге тәржімалау секілді кесір құбылыс тиылмай, керісінше, ары қарай белең алуда. Салдарынан, аз уақытта аударыла салынған заңдарды халық түсінбейді. Бұл ақыры заңның қазақша және орысша мәтіндерінде сәйкессіздік туа қалса, соттың орыс тіліндегі нұсқасын басшылыққа алатын тәжірибесіне соқтырды.
Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілді қолданудағы, мемлекеттік тілде заң жобаларын дайындаудағы жауапкершілігі төмен екенін нұсқады.
– Шындап келсек, заңдар алдымен мемлекеттің өз тілінде дайындалып, содан кейін ғана қажет болса, орыс тіліне аударылуға тиіс. Бұрынғы кеңестік республикалар ішінде тек Қазақстан мен Беларусьтен басқасының барлығы қазір осылай істейді. Бұл мәселені түпкілікті қолға алып, заңдар мен нормативтік құжаттарды алдымен мемлекеттік тілде әзірлеуге көшетін уақыт жетті, – деген сенатор ол үшін Әділет министрлігі жанындағы осыған жауапты құрылым, Рамазан Сәрпеков басқаратын «Заңнама және құқықтық ақпарат институтымен», тіл мамандарымен бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды.
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед халыққа заңдардың орындалуын қадағалауға мүмкіндік беруді ұсынды.
– Парламент депутаттарының басты міндеті – мемлекетке де, ел азаматтарына да пайдалы, сапалы заң актілерін даярлау, жетілдіру және қабылдау. Ал олардың тиімділігін анықтаудың басты өлшемшарт-критерийі – қоғамдық мониторинг жүргізу. Біз қабылдаған заңдарды қоғам, БАҚ, әлеуметтік желі қалай қабылдады? Жетістігі неде? Кемшілігі қандай? Оның бәрін «Әділет» құқықтық жүйесі, Парламентаризм институты арқылы қадағалап, қоғамдық пікірді ұдайы басшылыққа алып отыруымыз керек. Екіншіден, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ел пікіріне құлақ асу, ескеру керегін нықтады. Ол үшін заң жобасын алдын-ала талқылаудан өткізіп, ұсыныс-пікірлерді жинақтап, қажет болса заңға енгізуіміз керек, – деді сенатор.
Ол заң нормалары бірден, кедергісіз жүзеге асуы үшін заңмен бірге Үкімет қаулысы, тағы басқа нормативті актілердің уақтылы қабылдануын ұдайы бақылауда ұстау қажетін баса айтты.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волковтың байламынша, сенаторлардың заң жобасын Мәжіліске кері қайтаруын болдырмау үшін шенеуніктер онда жетілдірілмей не мүлде көрініс таппай қалған жайттарды Үкімет қаулысы немесе басқа да қосымша заңнамалық актілер қабылдау арқылы шешуге уәде ете салады екен. Осыған сеніп, сенаторлар мақұлдайды. Бірақ заң қабылданып кеткесін, одан шет қалған мәселе шешімін таппайды.
– Заң жобаларын қарау барысында Сенат депутаттары заңнамалық реттеуді талап ететін олқылықтарды анықтап жатады. Алайда заң жобасының Мәжіліске қайтарылуынан қорыққан әзірлеушілер заңнамалық актілер аясында сол олқылықтардың түзетілетініне сілтеме жасайды. Олай болса, заң жобасын Мәжіліске енгізу кезінде онымен қоса заңнамалық актілердің де әкелінуі тиістігін заң жүзінде бекіту керек, – дейді В.Волков.
Ол Үкіметтің Парламентке заң жобаларын енгізу мерзімдерін сақтамайтынына қынжылды. Министрлер кабинеті заң жобасын депутаттар дәл каникулға кетер кезде әкеліп, тез қабылдау қажеттігін айтып, қалаулылардың екі аяғын бір етікке тығады, әбден састырады. Осы асығыс пен қарбаласта өздері қалаған талаптар мен нормаларды енгізіп ала қояды. Мысалға, «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы Үкіметтен Мәжіліске небәрі 64 бап болып, «арық» күйде келіпті. Ал Сенатқа 390 түзетумен толығып, қап-қалың болып, «семіріп» жеткен.
– Заң жобаларын біздің қарауымызға жыл аяқталып қалғанда немесе дәл сессияның тамамдалуы қарсаңында енгізу жиілеуде. Уәкілетті органдар түзетулерді ел күтіп отырғанын, шұғыл қабылдануға тиістігін алға тартады. Өздері қалаған баптар тіпті тақырыбы басқа болса да, кез келген заң жобасына тезірек еніп кетуі үшін фантастикалық тәсілдерді пайдаланады. Заң жобаларын қараудың басымдылығы мәселелері Ата заңда реттелгенін және осы ережелерді ұстану керегін Үкіметке ескерткім келеді, – деді сенатор.
Парламенттік тыңдау қорытындысында Үкіметке жолданатын тиісті ұсынымдар әзірленді.