Кезінде облыс орталығы ретінде дәуірлеген, бүгінде өзге облыстың шеткері аймағына айналған Жезқазған ұзақ жылдан бері ауызсудың тауқыметін тартуда. Қарағандыдан 550 шақырым қашықтықта орналасқан Жезқазған қаласында бүгінде 100 мыңға жуық халық тұрады.
Қазіргі уақытта шаһар тұрғындарын ерекше толғандырып, олардың жоғары жаққа тасқындай аққан арыз-шағымдарына арқау болып отырған көкейкесті мәселенің бірі әрі бірегейі – сапалы ауызсу.
Осыған орай, сенаторлар Рысқали Әбдікеров пен Сергей Ершов Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауалмен жүгінді.
– Кеңес заманынан кермек судың дәмін татып, азабын арқалап келе жатқан жезқазғандықтардың бұл түйткілін шешудің жолдары көптен қарастырылып келе жатқанымен, түбегейлі нәтижеге қол жеткізудің сәті келмей, сағызша созылғанына бірталай жылдардың жүзі болды. Күрделі мәселені шешу мақсатында дұрыс та оңтайлы қадам Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен 2010 жылы жасалған, сонда жалпы жобалық-сметалық құнына сай 6 миллиард теңгеге жуық қаражатты талап ететін Есқұла тораптық су өткізгішінің құрылысы басталды, – дейді депутаттар.
Алайда олардың мәліметінше, су өткізгіш ақырында жұмыс істеп тұрған кеніштің құлау аймағына тап келуіне байланысты құрылыс-монтаждау жұмыстары 2012 жылдың желтоқсан айында тоқтатылған. Тиісінше, оның жобасына қажетті түзетулер енгізіледі. Осыған байланысты су жолы ұзарып, сметалық құны тағы 1 миллиард 100 миллион теңгеге дейін қымбаттайды.
Жобаға иелік етуші Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті жыл сайын жыры көбейген бұл суөткізгіш құрылысын 2014 жылы қайта жандандырады. Сол тұста жобаны 2017 жылы толық аяқтау жоспарланған еді. Бірақ тосыннан басталған сот рәсімдері ол мерзімді 2018 жылға ысырған. Кейін оның болашағына қатысты белгісіздік белең алады.
Р.Әбдікеровтің мәліметінше, 5 миллиард 164 миллион теңге қаржы игеріліп қойылған екен. Алайда жоба аяқталудан алыс: атқарылуға тиіс жұмыс көлемі жетерлік. Осылайша, 2010 жылы басталған жоба келесі жылы көңілсіз онжылдық межеге аяқ басады, ал оны іске асыру мерзімі әртүрлі себептермен ары қарай шегерілетін түрі бар.
Сондықтан жезқазғандықтар және Парламент депутаттары бұл мәселенің аса маңыздылығын ескере отырып, Үкімет басшысынан Жезқазған каласының халқын сапалы ауызсумен қамтамасыз етудің бірден-бір кепілі Есқұла арнасының құрылысын толықтай аяқтау үшін қажетті қаржыны қосымша бөлуге пәрменді ықпал етуді сұрайды.