Праймериздің үшінші кезеңіндегі алғашқы дебаттар Абай ауданында күніне 2 мезгіл өткізіліп, оған 28 үміткер қатысты. Бүгін Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Мұрат Әйтенов бұл пікірсайыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, 7-14 қыркүйек аралығында партияішілік іріктеудің екінші, яғни, үгіт-насихат кезеңі өтті. Екінші кезеңде Шымкентте партия мүшелерімен 570 кездесу ұйымдастырылды. Оның 239-ы онлайн-форматта өтті. Кездесулерге партияның 21 мыңнан астам мүшесі қатысты. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде насихат жұмыстары белсенді түрде жүргізілген.— Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бастамасы – адалдық пен ашықтықтың керемет үлгісін көрсетіп отыр. Осы қадамы арқылы партия өзінің ашықтықты қолдайтынын және халықпен бірге екенін көрсетті. Ашық диалог кезінде назарға алып, қолданысқа енгізуге болатын ұтымды ұсыныстар да айтылып жатыр. Саяси додаға қатысып жатқан барша әріптестерге сәттілік тілеймін, – деді филиал төрағасы.