Қазіргі таңда коронавирус пандемиясының өршіп тұрғаны белгілі. Бүгінде індетті жұқтырғандар саны 30 миллионға жақындап, соның 900 мыңы бұл өмірмен қоштасты. Шартараптың түкпір-түкпірінде енгізілген локдаунға байланысты әлем елдері бұрын-соңды кездеспеген экономикалық қиындыққа тап келді. Кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің жұмысы тоқтап, бүкіл сала тоқырауға ұшырады. Ішкі жалпы өнім көлемінің өсуі баяуласа, кей мемлекетте, тіпті кері құлдырады. Мұның бәрі, әрине жаһандық ахуалға бейімделген жаңа экономикалық даму жоспарын жасаудың қажетін туындатты. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауында бұл бағытта атқарылатын іс-шаралар толыққанды қамтылды деп айта аламыз. Мәселен, Президент өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалануды міндеттеп отыр. Осыған байланысты ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамытуға тапсырма берді. Яғни, қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларға алдағы уақытта тың серпін берілмек. Экономикалық дамудың тағы бір бағыты шағын және орта бизнес өкілдерін қамтымақ. Локдаун кезінде зардап шеккен 700 мыңнан астам кәсіпкерге салық жеңілдіктері берілді. Төлем мерзімі кейінге шегерілді, несиені жеңілдікпен қайта қаржыландыру мүмкіндігі ұсынылды. Дегенмен мұның бәрі экономикалық қиыншылықты еңсеруге жеткіліксіз. Соған байланысты Мемлекет басшысы экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік субсидия беруді тапсырды. Бұл да шағын және орта бизнесті қолдауға жасалған зор көмек. Шағын және орта бизнестің айналым қаражатын көбейтуге бағытталған арнаулы бағдарлама 2021 жылдың соңына дейін созылмақ. Осыған орай қосымша 200 миллиард теңге бөлу қажет. Сол арқылы бағдарламаның жалпы құны 800 миллиард теңгеге дейін жетеді. Сондай-ақ Қ.Тоқаев Жолдауда мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік нысандарын жалға алып отырған шағын орта бизнес өкілдерін жыл соңына дейін жалдау ақысын төлеуден босатуды тапсырды. Қысқасы, экономиканы жандандыру үшін атқарылған жұмыстардың нәтижесінде шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын жолға қоюды, көлік-логистика кешенін дамытуды, ақша-несие саясатын қайта қарауды тапсырды. Қорыта айтқанда, Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттырып, мемлекет дамуына қажетті басым бағыттар айқын көрсетілді. Ендігі міндет – Жолдауда айтылған тапсырмалардың үдесінен шығу.
Тарас ХИТУОВ, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясының фракция мүшесі