Тау мен тасты су бұзады, ел арасын сөз бұзады демекші, екі елдің арасына сына қағуға абайсызда яки қасақана айтылған бір ауыз сөздің өзі жетіп жатыр. Ал оған тележүргізушілер де «үлес» қосатыны бар. Жалпы, басқа мемлекеттің немесе ұлттың ар-намысына тіл тигізетіндер көбеймесе, азаймай тұр. Мысалы, күні кеше ғана «Россия 1» арнасынан көрсетілген «Прямой эфир» бағдарламасында Андрей Малаховтың бір ауыз сөзінен кейін Ресей елшісінің орынбасарының Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігіне барып шағым естуіне тура келді.
Министрлікте А.Малаховтың Қырғызстан азаматы Исламбек Акбаровқа қатысты айтқан қисынсыз пікірі туралы сөз болған. Айта кетейік, Ресейде таксист болып істейтін қырғыз азаматы Исламбек Акбаров ресейлік миллиардер Владимир Маруговтың ұлы мінген мотоциклмен соқтығысқан, мотоцикл тізгініндегі Александр алған жарақатынан көз жұмды. А.Малаховтың бағдарламасының бір көрсетілімі осы оқиғаға арналды. Малахов бағдарламада И.Акбаровты жол-көлік апатын қасақана жасауы мүмкін деп қалды. «Оған 100 мың доллар бер, олар оның отбасын, барлық ауылды, туыстарын бақытты ете алады және өз елінде 10 доллар ғана табыс табатын олар өмірінің соңына дейін ондай ақша (100 мың доллар – ред.) таба алмайды» деп қырғыз көлік жүргізушісін ғана емес, тұтас елдің намысына тиетін сөз айтты. Малаховтың осы сөзі қырғыз әлеуметтік желілерінде наразылық туғызып, желі қолданушылары журналист кешірім сұрасын деген талап қойды.
Бұл туралы Ресейдің Қырғызстандағы елшілігі Facebook-тегі парақшасында: «Малахов – біздің батырымыз емес. Тележүргізуші Андрей Малаховтың пікіріне байланысты бір ғана нәрсе айтуға болады. Бір адамды ренжіту оңай, бірақ одан соң өмір сүру қиын. Ал егер тұтас халықты өкпелетсең, одан да қиын» деген жазба жариялады. Ал тележүргізушінің өзі StarHit-ке берген сұхбатында: «Өзімнің журналист ретіндегі жұмысымның бір бөлігін орындаған сияқтымын. Татьяна Моругова бірінші рет оқиғаға кінәлінің өзінен болмаса да, өкілінен кешірімі мен өкініш сөзін естіді. Менің сөзімді кейбір қырғыздардың дұрыс түсінбегені үшін мен де өкінемін. Мен бейбіт және тату көршілік қатынасты, сондай-ақ әділдік пен сөз бостандығын қолдаймын», – деп ақталды.
Ал 2016 жылы тағы да сол «Россия 1» арнасының «Вести недели» бағдарламасының жүргізушісі Дмитрий Киселев Венгрияда 1956 жылы болған антикеңестік көтеріліс туралы репортажында «...бұл тату-тәтті тұрып жатқан КСРО еліндегі алғашқы «түрлі-түсті революция» болуы мүмкін» дегені үшін басы дауға қалды. Венгрияның Сыртқы істер министрлігі Ресей елшісін шақырып алып, Венгрия мемлекетінің «1956 жылғы көтеріліс пен олардың қаһармандарына қатысты кез келген құрметсіз ұстанымды қабылдай алмайтынын» жеткізген. Айта кетейік, Венгрияда 1956 жылдың 23 қазанында посткеңестік режим билігіне қарсы қарулы көтеріліс бұрқ еткен. Бұл қақтығысты 11 қарашада кеңес әскері күшпен басқан болатын.
Биыл 7 шілде күні Грузияның «Рустави-2» телеарнасындағы эфир кезінде Георгий Габуния өзінің «Постскриптум» авторлық бағдарламасында Ресей президентін боқтап салды. Әрине, бұл ешкім күтпеген оқиға болды. Телеарна басшылығы Георгия Габунияны бұл қылығы үшін екі айға жұмыстан шеттетті. Көп ұзамай телеарна басшылығы ауысты. Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Грузия елшілігін шақырып алмаса да, Мемлекеттік дума тележүргізушінің қылығына ашуланып, Грузияға арнайы экономикалық шара қолдануды ұсынды. Алайда Ресей президенті депутаттардың ұсынысынан бас тартты.
Тележүргізушілер этикасын сақтамайтындардың бірі Владимир Соловьев екенін көрермен жақсы біледі. Ол өзінің «Кто против» бағдарламасында украиналық журналист Всеволод Непогодиннің сөзін көтере алмай, студия қонағына дауыс көтергені бар. Олар бағдарламада Иосиф Сталиннің совет тарихындағы рөлі туралы дауласып қалған-ды. Соловьев Украинада Гитлер жағында соғысқан Степан Бандердің (Ресейде ол басқарған ұйымға тыйым салынған) образы қатты насихатталып жатқанын айтқан болатын. Ал сарапшы Непогодин С.Бандер фашистер жағында емес, сталинизмге қарсы соғысты, себебі Бандердің басқа амалы болмады, басқа балама болмады деді. Міне, осы кезде Соловьев оны боқтап-боқтап, студиядан шығуын талап етті. Жалпы, Соловьевтің тележүргізуші этикасын сақтай бермейтініне көрермен де үйренгендей. Себебі оның оспадар қылықтары үшін басқа елдің сыртқы істер мекемелері елші шақырып, сабылтып жатқан жоқ.